Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 01 Тамыз, 2020

Сот жүйесіне қатысты 5 миф

«Ия, рас, барлық адамның құқықтық сауаты мен мәдениеті бірдей жоғары емес. Бірақ өз шамасын біліп, күрделі тақырыпқа бармайтындарды немесе мәселені барынша зерделеп, ой айтатындарды сыйлаймын. Ал "тисе - терекке, тимесе - бұтаққа" деп, ойына келгенін жазып, әлеуметтік желіде әулие болатындардың көбісі хайп ауруымен ауырады. Тіпті арасында өмірінде бірде-бір рет сот процесіне қатыспаған, заңның бетін ашпаған білгішбектер де кездеседі. Бұларға жалпы кез келген тақырыпта өздерін сарапшы санайтын, алайда шын мәнінде терең білімі жоқ хейтерлерді де қосыңыз. Енді осы екі топтағылар сот тақырыбында пост жазса, оларды көбінесе сотқа өкпелі, процесте жеңіліп қалғандар қоштай жөнеледі». Бұл туралы Жоғары соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов өзінің фейсбук парақшасында мәлім етті. Соңғы кездері желіде тексерілмеген, жалған және біржақты ақпарат жиілеп кетті. Сонымен, отандық сот жүйесіне қатысты айтылып жүрген 5 мифті таразылайық. 1-миф. "Ақорда, Парламент, Үкімет немесе Жоғарғы Сот нақты істі бақылауға алды". Еліміздің Конституциясы мен заңдарында нақты сот істерін бақылауға алуға, сот төрелігіне араласуға, осы бағытта судьялардан есеп алуға қатаң тыйым салынған. Ешқандай лауазымды тұлғаның сот ісіне араласуға құқығы жоқ және бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істі қарау кезінде судья тәуелсіз, ол Конституция мен заңға ғана бағынады. 2-миф. "Судьяларды қызметке іріктеу, қабылдау, тәртібін қадағалау және босату мәселесімен Жоғарғы Сот айналысады". "100 нақты қадам" Ұлт жоспарына және кейіннен қабылданған заңдарға сәйкес, судьялыққа үміткерлерді іріктеу, лауазымға тағайындау, судьяларды мансаптық ілгерілету, оларды тәртіптік жазаға тарту, тіпті отставкаға шығару, шығармау мәселесімен автономды мемлекеттік орган - Жоғары Сот Кеңесі айналысады. Бұл - әлемдік тәжірибеге сай қабылданған дұрыс шешім. Негізінде, судьяларды тағайындау мен босатуға қатысты түпкілікті шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Бірақ, осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіру Жоғарғы Сотқа емес, Жоғары Сот Кеңесіне жүктелген. 3-миф. "Судьялар - мемлекеттік қызметшілер". Судьялар мемлекеттік бюджеттен айлық алады. Сот - мемлекеттік биліктің бір тармағы. Осыған қарап, кейбіреулер судьяларды мемлекеттік қызметшілердің қатарына қосып қояды. Алайда, бұл қате пікір. Судьялардың құқықтары мен міндеттері, құзыреті мен жауапкершілігі "Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" Конституциялық заңда белгіленген. Осылайша, судьяларға Республика атынан шешім қабылдайтын айрықша конституциялық мәртебе берілген. Ал мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істеу тәртібі, құқықтары мен міндеттері "Мемлекеттік қызмет туралы" заңда көзделген. Сондықтан, судьяларды мемлекеттік қызметшілер категориясына жатқызуға болмайды. 4-миф. "Судьялар - жемқорлар, парақорлар". Әдетте, бір істе екі тарап болады. Сотта жеңілген тарап өкілдері БАҚ пен әлеуметтік желілерде әр түрлі пікір жазады. Осы ретте мәселенің байыбына бармай жатып, ұшқары пікір айтатын кейбір журналистер мен блогерлер, сот үкімі заңды күшіне енбей жатып, ақпараттық шу көтеретін адвокаттар да кездеседі. Әсіресе, резонансты сот істеріне қатысты жазбалардың астында "судьялардың барлығы жемқорлар" деушілердің шын мәнінде ешқандай дәлел-дәйегі жоқ. Ойдан құрастырылған жала. Бұлайша адамдарға, соның ішінде судьяларға жала жабу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ия, елімізде жемқорлық індет секілді кең тараған. Бұл аурумен кейбір ашкөз шенеуніктер секілді жекелеген судьялар да ауырып жатады. Қылмысы дәлелденсе, тиісінше заң алдында жауап береді, сотталады. Алайда осындай бірді-екілі жағдайлар үшін барлық сот корпусын, қара қылды қақ жарып жүрген әділ судьяларға күйе жағуға болмайды. 5-миф. "Судья қылмыскерді бас бостандығынан айырмады, жеңіл жаза берді немесе мүлде босатып жіберді". Қоғамда, әлеуметтік желіде осы мазмұндағы пікірлер жиі кездеседі. Алайда қылмыстық іс бойынша жаза тағайындау кезінде судья іске қатысты барлық дәлелдемелерді есепке алады. Судья төреші ретінде тараптар ұсынған уәждерді талдап-таразылайды. Осы орайда сот қылмыстық қудалау органы емес, сондықтан адамға өз бетінше айып тағу мақсатын көздемейді. Қайта, керісінше, егер кінәсі дәлелденбесе, оны жауапкершіліктен босатуы тиіс. Заңда "кінәсіздік презумпциясы" деген ұғым бар. Бір адамды мың жерден кінәлауға, айыптауға болады, алайда егер нақты айғақтар мен дәлелдер болмаса, ол адамды соттай алмайсың. Сонымен қатар, заңда жазаны ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайлар көзделген. Кейде сотталушы қоғам күткеннен аз жаза алып жатады. Оған, әрине, бұрын сотталмаған, кәмелетке толмаған балаларының болуы, кәрілік, жүктілік, істеген ісіне шын өкініп, тергеу ісіне көмектесу секілді жайттар жатады. Арасында сотталушы мен прокурордың арасындағы кінәні мойындау туралы процестік келісім, адвокаттар арасында патисипативті келісім, бітімге келу туралы медиациялық келісім дегендер болады. Жазаның көлемін анықтауда немесе жазадан босатуда осы аталған келісімдердің де заңды күші болады. ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ Жалпы, бір нәрсені анық түсініп алғанымыз абзал: судья - заңның құлы. Заң қалай міндеттесе, судья солай шешім шығарады. Фейсбук пен Инстаграм - сот шешіміне ықпал ете алмайды, бірақ қоғам пікірін қалыптастыруда. Сондықтан көзі қарақты оқырман бүгінгі жазбамнан шындық пен жалғанды ажырата аларлық түйін жасады деп ойлаймын!  

390 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Дәурен Абаев: Еліміздегі тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек
Келесі мақала Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *