Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Тамыз, 2020

«Тамұқтан келген адам»

Қазіргі қазақ тарихи романдарының ұлттық және адамзаттық өзекті тақырыптарға жаңаша көркемдік-эстетикалық биік өреде дендей енуі заңды құбылыс. Себебі, тәуелсіздік кезеңі тарихи санадағы ақтаңдақ беттерді жазуға мол мүмкіндік берді. Өйткені, азат рухпен бірге ұлттық болмыс, сананың құлдық психология қамытынан арылуға талпынысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ерекше қарқынмен  дамып, еселей түскені хақ. Бұл туралы профессор, филология ғылымдарының докторы Ш. Елеукенов: «Еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес тақырыбы енді қазіргі тарихи романның жаңа беттерінің сүбелі бөлігін құрап отыр. Тәуелсіздік жазушылар санасына күрт өзгеріс енгізді. Қазіргі тарихи романның өткенге сұрау салуы бұрынғыдан батылырақ, ауқымдырақ. Бұлжымас принципі – шындық. Әр дәуірдің күнгейі мен теріскейін қаз қалпында көрсете білу. Сөйтіп ата-бабаларымыздың ұлағатты сөзін қару ету», – дейді. Осы тұрғыдан сөз қозғағанда жазушы Алдан Смайылдың осы аталған үрдістердің бағыт-бағдарын айқынырақ танытқан, шығармашылық ізденісі мен көркемдік ерекшелігі, тілдік, түрлік, стильдік қолтаңбасы айқын «Тамұқтан келген адам» романын атап өткен жөн. Бұл шығармасы үшін автор еліміздің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Тәуелсіздіктің екінші он жылдығында жазылған романның тақырыптық жүгі өте ауыр. Романның атауы айтып тұрғандай, ХХ ғасырдың он жетінші – жиырмасыншы жылдары, одан кейінгі кәмпеске,  ашаршылықты, репрессияны көрген қазақ халқының тағдыр-талайы тамұқтан оралған адам тағдырымен өзектес, бүтін бір ұлттың қаралы тарихи трагедиясы. Роман туралы қаламгер Әнес Сарай: «Тамұқтан келген адам» романы кешегінің өзегінен ой сауған дүние, алыс-жақын тарихтың көркемдік философиясы, әдеби-эстетикалық жаңа ізденіс. Шығарманың өнбойында әлдебір құдіретті үн: «Халқыңды азат еткің келсе, рухын азат ет!» – деп жар салып тұрғандай. Шығарма қазақ әдебиетінің әркім айтып жүргеніндей тоқырау үстінде емес, заманалық талаптарға төтеп беруге ұмтылыс үстінде екенін көрсетеді», – дейді. Иә, роман ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы бүтін бір ұлттың, яғни, қазақ халқының геноцидке ұшырауын, репрессия үдерісін баяндаса, екіншіден, жанрлық-түрлік даму тенденциясы тұрғысындағы реалистік негізді сақтады. Дегенмен жаңа заманауи парадигмалар әсерімен жазылған романның түрлік ізденісі, құрылымы қалыпты ережелердің шеңберінен шығып, көркем әдеби шарттылықты саналы түрде игерген туындыға айналған. Дәстүрлі авторлық баяндаулар, кейіпкер-автордың ішкі монологтары, кейіпкерлердің сана ағыны, рухтармен тілдесу, елес, галлюцинациялық хал-күй, яғни, психологизм, философиялық иірімдер кең қолданыс тапқан роман жаңа кезеңдегі роман жанрының түрлік даму тенденциясынан хабар береді. Автор тарапынан романға эсселік сипат дарыту сол тақырыпқа деген авторлық позицияны, тәуелсіздік биігінен берген бағасын жеткізуде үлкен қызмет атқарса, дәстүрлі баяндау стилі қаламгерге тақырыпқа қатысты сан-салалы сюжеттік желілерді біріктіріп, образдар жүйесін, нақты тарихи кезеңдердегі ұлттық характерлік сипаттарды көркем бейнелеп жеткізуге септігін тигізген. Автордың өзекті идеясы романның соңғы бетін жапқанда анық көрінген: «Тамұқтан келген адам жайлы әңгімені осымен тоқтатқым келді. Тамұқтан келген адам тамұқтан оралған жалғызымен қауышқан соң өлім жайлы ойламайтын болған-ды. Өлім туралы рухтар да жақ ашпайтын, тек әредікте біздер таптап жүрген көнбіс жерде бір кездері тозақ оты жаланғанын ұмытпау үшін үнсіз еске алатын. Ал өмірді осы күнге дейін  ешкім түсінген емес». Иә, тамұқтан келген адам, өмірді ешкім түсінген емес деген автор қорытындысындағы түйін қазақ халқының жазықсыздан-жазықсыз геноцидке ұшырауы, соны жүзеге асырғандардың кейбірі өмірдің мәні мен мағынасын, «кім үшін?», «не үшін?» деген сауалдардың байыбына бойлай алмай, қырғынға ұшырап, ойран-топыры шыққанын, бүтін бір ұлттың тамырына балта шабылғанын түсінбей кеткенін алға тартады. Қаламгер романда түз тағысы ұялы қасқыр, арлан мен үй хайуаны көк төбеттің психологиясын аса сезімталдықпен, суреткерлік шеберлікпен бейнелей отырып, оны адамзат баласының жан-дүниесімен үндестікте жеткізуге тырысады. Туындыда көркем оқиға арлан мен төбеттің және Қарғабай шалдың отбасын шапқан жендеттердің әрекетін суреттеуден басталады. Түз тағысы арлан да, үй хайуаны көк төбетте көркем символикалық бейнелер, яғни, жыртқыш аң немесе үй хайуаны түріндегі кейіпкер, кейіпкер болғанда, жай ғана емес, адам образына теңестірілген, яғни, адам образын ашуда, жыртқыштық пен адами құндылықтарды, қатігездік пен мейірімділікті, опасыздықты, т.б. адами қарым-қатынастарды, өлім мен өмір сынды күрделі категорияны, авторлық идеяны эстетикалық биік деңгейде ашып беретін қаһармандарға лайық образ. Арлан образы арқылы қасқыр түз тағысы, табиғат жаратылысы ретінде өмір-тіршілік үшін жыртқыштық күресті алға тартса, үй хайуаны – қолға үйретілген көк төбеттің өз иесіне өлгенше адалдығын суреттеу арқылы автор адамдардың түз тағысынан бетер жыртқыштық әрекеттерге баруын, ал опасыздық пен сатқындыққа қарсы антиәрекет адалдықты, достықты, бауырмалдықты ит екеш иттен үйрене алмағанымызды, адами қасиеттердің аяқасты етілуін ашып көрсетуге тырысады. Әр тарауы шағын-шағын бөлімдерден тұратын романда автор «адам-табиғат-қоғам» сынды философиялық ұғымдарды параллельді түрде бейнелейді. Автордың тіл қолданысынан сөздік қорының терең, ұлттық бояуының қалың екеніне көз жеткіземіз. Романдағы бір байқалған нәрсе, онда жадыраған табиғат құбылысы, мәз-майрам болған адамның жан-дүниесі көріне бермейді, үнемі сұрқай тыныс-тіршілік, табиғат пен адамның бір-бірін аңдысқан ішкі жан-дүниесіндегі арпалыстар қара, сұр, боз түсті реңктермен және ұлттық нақышта кодталған семантикасы қалың сөздермен берілгені ерекше әсер қалдырады.Бұл автордың жеке субъективті бейнелеу танымы мен көркемдік көкжиегін, табиғат заңдылығы мен табиғи тектілік, хайуандар табиғатының айнымас тіршілігі сияқты ұстанымдарын адамдар жаратылысымен философиялық тұрғыдан байланыстыра бейнелеудегі шеберлігін көрсетеді. Адам мен табиғаттың байланысы автордың Бетпақдаланы, түз тағысы мен Бетпақдалада ажал аузында аңдысқан үш қанішер жендеттің ішкі психологиясын сана ағыны арқылы бейнелеуде ерекше көрініс тапқан. Табиғат құбылыстарын, түз тағысын, төбеттің тірлігін көркемдеп бейнелеуі романның фабуласы, болашақта ары қарай адамдар әрекетіндегі қатыгездікке ұласуының алды екені романның соңғы парағын жапқанда анық көрінеді. «Арлан, Төбет, Қарғабай», «Смайыл», «Бетпақдала», «Көкжал мен үшеу», «Ызғар», «Арыстан», «Ат жетектеген жалғыз» сынды бірнеше тараудан желі тартқан шым-шытырық оқиға желісі көрінбесе де, осы аталған тараулардағы оқиғалық көрініс адамның ой мен сезімі, ішкі жан-дүниесінің арпалысы арқылы өрбиді. Автордың философиялық көркем шарттылықты жиі қолдануын оның стильдік ерекшелігі ретінде танимыз. Себебі романның өне бойынан жазушының дүниетанымдық философиялық ойлары «автор-баяндаушы-кейіпкер» тұрғысында көрініп отырады. Автор өткен ғасырдағы геноцид құрбаны болған қазақ халқының қасіретін күңіренген қазақ даласымен, «қуарған Кәрі Бетпақ, безерген бетпақ, безбүйрек Бетпақ дүниемен» тығыз бірлікте, жаратылыс пен адамның үндестігінде суреттейді. «Бетпақ Бетпақ аталғалы, қабағынан запыран жауғалы көні бір жібімесе, күйзелмегенде қайтеді?! Дала дала болғалы, заман ала-құла болғалы шөлі сірә да бір қанбаса, безермегенде қайтеді?!» «Қара түн жамылған қаралы Бетпақ қосыла ыңыранған тәрізденді. Алыс түпкірінде әлдене қыр-қыр етіп жан тапсырып жатқандай. Шөлдің қаныпезер қарақшысы айдаланы алқымынан орып жіберді ме екен?!» Адам түгілі табиғат та адам тағдырына ортақ, күйзеледі, қайғырады. Адамша жаны ауырады. Автор романындағы бір ерекшелік санаулы адамдардың көркем образы мен символикалық бейнелерден (көк төбет, арлан қасқыр) кейін, романның басынан аяғына дейін өріліп отыратын концепті – Дала, Бетпақ дала! «Кеудесінде жаны бар тірлік шыжыған шілдеде бетпақтан безе қашатын, тәңірі талақ еткен тамұқ даланың жалғанға жала жантәсілім тілейтін шағы бұл». Қаншама ғасырлар өтсе де, сан мыңдаған тағдырлар, ұлт тарихының ауыр тақсіретін көтеріп тұрған көнбіс жер ана, бәріне куә. Ендеше, қатал табиғатты бетпақ дала да жыртқыш бөрілердің тағылық, адамдардың қаныпезер әрекеттерімен параллельді түрде «қаталдықты»  бейнелеп жеткізген көркем образ деңгейіне жеткен. Кешегі өткен аштық жылдар, қолдан ұйымдастырылған геноцидтік саясат қазаққа оңай тимегені анық. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп күн кешкен, аштық құрбанына айналған қазақты төл кәсібі, күн көрісі – төрт түлігінен айыру тікелей ажал аузына айдағанмен бірдей болды. Аштық құрбаны болған халық не істемеді? «Адамды адам жеген заманда итке не кінә?» деген сөздерді автордың сол кездегі тарихи шындыққа берген көркем бағасы деп ұққанымыз абзал. Иә, автор көркем шығарманы саналы түрде өз болмысынан тудыру процесінде ол тарихи өткен кеңістік болсын, әлде автор өмір кешкен нақты сол заман болсын, әр қаламгер өзінше қорытып, сезініп барып, өзіндік таным таразысына салады. Сондықтан, кез-келген туынды оны тудырушы автор тұлғасына тікелей тәуілді болмақ. Осы тұрғыдан келсек, автор романынан алынған үзінділердегі картиналардың өмірде нақты болғандығы немесе болмағаны маңызды емес, авторлық позиция тұрғысынан өткен тарихи кезеңге шығарған үкімін жеткізудегі қаламгерлік шеберлігіне, шындық құбылыстарды бейнелеу эмоциясына, көркем шығарма арқылы жазушының ақиқат шындыққа деген ұстанымына көңіл аударғанымыз абзал. Романдағы сол кезең шындығы өзге ұлт өкілдерінің астамшылығын (Ударцев пен Никита), жабайы, хайуандық әрекеттерін кешегі кеңестік уақытта ашық айту мүмкін емес еді. Автор баяндаудың, кешегі шындықты жеткізудің мәні осы екен деп құр көріксіз сөз бен ойдан ада, бір сарынды баяндаушылықтан бойын аулақ ұстап, сол кездегі саяси ұстанымдарды, тағы басқа мәселелерді авторлық қолданыспен ирониялық, әжуалау (менипенсия), абсурд деңгейінде шебер жеткізеді. Мысалы: «Жарымес жалғанда күйзеле білмейтіндер озып жүр ғой, қайғыға қарайламайтындардың айдарынан жел еседі, жер-дүние күңіренген сайын құлпырады. Құшағыңнан жарыңды, бауырыңнан балаңды сылып алып сылаң қағады. Құдайдың арлы құлы болғандарды өзінің арсыз құлына айналдырғанша аямасқа бекінген». «– Қайдам… деп күрсінді ол, – тәңірінің орнына албасты отырып алмаса, әзірейіл сары сайтанданбайды ғой, тәңірінің құлдарын жағалай қырмайды ғой». «– Жер жүзінің албастылары бірігіңдер!». «Сөйтіп жүргенде желіккен желөкпе күндер басталды да кетті. Қызылмыз дегендер қызылкеңірдектеніп шыға келді». «Жалған құдай жасағанмен жағаласып, жалғандықтан жалпақ ел зар иледі». «Ғаламат деп осыны айт, тұтас мемлекет күні-түні жау жасап жанталасып жатыр. Қандай жау болатынына дейін белгілі. Жай әншейін жау емес, халық жауы. Жау көбейткен идеологияның өзі болса тап-таза, жауы жоқ. Ол күрессе тек халық жауымен күреседі. Атқылап, шапқылап жатқан кілең солар ғана. Халық үшін бәріне дайын. Халық үшін халықты да қыра салады. Халық деген ұғым халықты жайпап жүру үшін керек. Күндіз-түні халық деп қақсай бер. Халық халық болған соң жаусыз болмайтынын айтып сұңқылда да тұр. Үрейі ұшқан халық: – Жауымды тауып бер! – деп қыр соңынан қалмай зыр жүгірсін. Ұлы жеңіс деген осы. Жаусыраған жарымес халық көзіне көрінгеннің бәріне жауығып жүріп өзін де, жарты әлемді де аяғының астына лақтырып тастайды. «Үрей қара» сондықтан да, үрейлі. Қанден енді көше кезіп шабаланып жүр. Ит мұраты да жау табу ғой». «Қанденнің шәуілі де жүйкесіне тиді. Қыстаудағы маң төбеттің әупілі кең даланың әлдиіндей екен ғой». Романнан келтірілген  қаһармандар (Әлмағанбет, Ұзынтыра жендет, Арыстан, т.б) монологі, күңіренген дала, рухтардың тілдесуі, кейіпкер-автор, баяндаушы-кейіпкер монолог түрінде айтылған  мысалдардан: күйзеле білмейтіндер, қайғыға қарайламайтындар (қолшоқпар, жендеттер, билік басындағылар), жер жүзінің албастылары (пролетариаттар), қызылмыз дегендер (большевиктер), жалған құдай жасағандар (жеке басқа табынушылар), «Үрей қара» (НКВД), «ит мұраты да жау табу ғой» (іштен шыққан жау), «құдайдың арлы құлы болғандарды өзінің арсыз құлына айналдырғанша аямасқа бекінген» (билік, сол кездегі кеңестік саясат) сол 1920-1937-ші жылдардағы сұрқай саясатты, соны жүргізуші билікті, соның қолшоқпарларын, тіпті сол саясаттың құрбанына айналған халықтың көркем образын тебіренбей отырып қабылдау мүмкін емес. Академик С.Қирабаев: «Тарихи шындықты дәлдікпен көрсете отырып, өмірдегі өзгерістерді толық көркемдікпен бейнелеу, оның маңызды-маңызды проблемаларын дөп баса алу, сол негізде қоғам дамуының заңдылықтарын дәлелдеу толысқан суреткердің ғана қолынан келмек», – дейді. Ғалым пікіріне сүйенсек, автор терең философия, ирония, абсурдтық тәсілдерді шығармашылығында еркін меңгергенін, тарихи өткен кезеңдік тақырыпты өзіндік көркемдік таным тұрғысынан шынайы жеткізетінін танытады. Әсіресе, тарихи тақырыпты шынайы жеткізуде бүгінгі прозадағы жаңа бағыт оқиғадан гөрі, адамның ішкі жан-дүние арпалысына, ой мен сезімнің драмасына көңіл бөліп, жақсылық пен жамандықты, жалғандық пен шындықты, қатыгездік пен мейірімділікті, күнәһарлықты, т.б адами құндылықтарды салыстырмалы жеткізуде автордың шеберлігі, шығармашылық жетістіктері анық байқалады. Қаламгер романында қазіргі қазақ прозасындағы жиі көрініс тауып жүрген интерпретация құбылысы ұтымды пайдаланылған. Шығармада сол кездегі солақай саясат, сұрқай тірлік, қанды қырғынмен бірге бұрынғы бейбіт күндерді еске түсіруде авторлық лирикалық шегіністерге барып, сол уақытқа дейінгі қазақ даласындағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандарды бейнелеуде жыраулар поэзиясының сілемдеріндегі сөз кестелерін өзінше толғанып, қарасөзбен төгілтеді. «Талай қар басқан, талай-талай зобалаңда таң асқан, кәріліктен хабар алған бөрі бұл күндері, ақпанның аязындай ызғарлы еді. Көкірегін қақыратып тұтанған долы ыза түкірігі жерге түспей мұз шайнайтын. Түңіліп жүріп түн қатқан, бозала шақта таң қапқан, айдалада ант атқан бөрі ғұмыр тас-талқан қағынып алған-ды» деген үзінді Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» деген жігерлі рухқа толы романтикалық толғауындағы ерлердің рухы бөрі ғұмырмен, қайрат-жігермен үндестікті еске түсірсе, «Осынау адыра қалған өңірде күні кеше ғана өзегім талмап еді десе, адырына аң аунап, тауында арқар жамырады десе, жазығында киік өткел бермей, бұта сайын қой қоздап, түбір сайын төл өрді десе, отар-отар қой мен үйір-үйір жылқыдан даланың белі майысып, қара суда қара балық жылқы жаптырмады десе, алқымнан төмендемеген тоқшылық ауыздықпен алыстырды десе, кім сенер?»деген автор-баяндаушы толғанысы әйгілі Қазтуғанның «Алаң да, алаң, алаң жұрт» толғауындағы жырау толғаған қазақ даласындағы молшылықты, ата-баба кәсібінің ырысын, елдің күн көріс көзі болғандығын еріксіз жадымызда жаңғыртады. Автор ұлттық дүниетаным құндылықтарын қайта жаңғыртып, авторлық таным таразысынан өткізіп, автордың тұтас көркем шығармаға тікелей қатысын, оның авторлық позициясын айқындайды. Бұның бәріне романның әдеби-эстетикалық, философиялық, психологиялық иірімдеріне терең бойласақ анық көз жеткіземіз. Қазіргі кезеңде әдебиеттануда көркем шығармадағы автор тұлғасы мәселесі, оның баяндау мәнері тұрғысынан келсек, қаламгер авторға жуық лирикалық баяндау, бақылаушы тарапынан объективтендіре баяндау, жете тұлғаланбаған әңгімеші тарапынан субъективті бағалаушылық көзқарас таныту, очерк сипатындағы бағалауға ұмтылмайтын бейтарап баяндау, автор көзқарасынсыз құрылған тұлғаланбаған әңгімеші атынан баяндау сынды баяндау түрлерін шеберлікпен қолданады. Жоғарыда  аталған ерекшелікпен өзектес, автор романындағы стильдік ерекшеліктің бірі, көзге анық байқалар тұсы прозадағы лиризмнің эмоциональды-экспрессивтік, оқырманға әсер етушілік реңктің молдығы дер едік. Прозадағы лиризм сонау жиырмасыншы ғасырдың басындағы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», кейінгі жылдардағы әдебиетте О.Бөкей, т.б шығармашылығында айрықша стильдік ерекшелік ретінде көрініс тапты. Осы игі дәстүрді қазақ прозасындағы кейінгі толқын да өзінше жалғастырып келеді. Қаламгер А.Смайыл романындағы лиризм қазіргі қазақ прозасындағы философиялық, психологиялық тенденциялардың ерекше қарқын алуымен, романның құрылымына басқа да жанраралық түрлердің кірігуі әсерінен деп есептейміз. Романдағы лиризм терең эмоционалдық сипатты, шын мәнінде, автор тұлғасының көркем әлемге етене субъективті қатыстылығын әйгілейді. Мысалы: «Төс айылға тебінген жарау күндер, шап айылға шабынған қарау күндердің қайсысында қалың ел дәл қазіргідей қансырап еді? Аттаны бар айғай, лақпағы бар ойбай күндерде де сөзі ұтылғанмен өзі ұтылмай, өршеленіп өрге салып келген жоқ па?! Дарасы дарынды, қарасы қарымды шығып, шашасына шаң жұқса, қарау желге қарсы шабатын. Енді сөйткен шу асау ағайын қайда? Сабырсыз салтанатты сайран қайда? Қадырсыз қара қабырғадан қатықсыз қара су айырған күнге зар болып, қарға адым сайын қырылған ел қорамымен  құрып кетпесіне кім кепіл? Қырғынды қиядан ойлап, қасақана қырып жатпасына кім кепіл? Қырғын сайын қызынып, қағына түспесіне кім кепіл? Текеметтің үстінде өзі де тентіреді, ойы да тентіреді». Автордың  «Тамұқтан келген адам» романында біртұтас шығармашылық лейтмотив тарихи трагизм, адам жан-дүниесіндегі психотрагизм, өмір және өлім категорияларын автор-қаһарман, қаһарман-баяндаушы жан әлемін суреттеуде айрықша рөл атқаратын прозадағы лиризмнің көркемдік маңызына ерекше ден қойғаны анық. Үзіндіден байқағанымыздай, лиризмге толы көркемдік-эстетикалық толғамдардан уақыт трагедиясы, қаһарман психикасының трагедиясы, өмір мен өлім, дүние жалғандығы туралы пайымдардың эмоцианальды-экспрессивтік қуатының зор екені оқырманға анық сезіледі. Романдағы кейіпкер ішінде Әлмағанбет – шартты авторлық шығармашылық ойынан туған архетип, жанама кейіпкер болғанымен көтеріп тұрған әлеуметтік  жүгі ауыр қаһарман. Ауылда есалаң, есі кіресілі-шығасылы, сандырақтап жүрген диуана жан ретінде суреттелсе де, автор оның бойына әдеби шартты образ ретінде алмағайып заманның келбетін алдын-ала сезген бақсылық сарын, абыздық көрегенділік дарытады. Автор ирония, абсурдтық тәсілдерге бара отырып, антиқаһарман жасау арқылы шығарманың образ жүйесінің  қуатын арттырып отыр. Автордың басқы сарынын, көреген абыздықты нақ сол күйінде емес, антиқаһарман ретінде суреттеу тәсілін постмодернистік тенденциямен байланыстырамыз. «Көз алдындағы қияпат дала да бұл талай көрген баяғы шөл дала емес, жаһанда қаңғырған бұлыңғыр бірдеме. Аспанның астында қылиланған ай албасты басқан ғаламның алжыған  шағында аясынан адасқан жиһангез жанары ғана. Жұлдыз атаулы да солай. Тегінде жұлдыз дегенің бұ дүниеден үркіп көшкен, бұл жалғаннан үрейі ұшқан шошымал рухтардың шырқыраған шыбын жанынан басқа не дейсің. Солай ғой. Айсыз түнде Әлмағанбет жұлдыз санаушы еді ғой. Жұлдыз біткенді өлгендер жаққан шырақ дейтін. Өзі жағатын шыраққа оңтайлы орын іздейтін. Алжыған әлемнің алжымаған абызы Әлмағанбет емес пе екен?!». Әлмағанбет сынды образдар әлеуметтік ортадан жатсынған адамның трагедиялық ахуалы, жалғыздық сарыны, рухани құлдырау, тұйыққа тірелген адамның тағдыры, хаос сынды сарындарды ерекше сипаттап көрсетеді. Роман құрылымындағы философиялық, психологиялық жайттар, интермәтін, өзін-өзі әжуәлау, мениппея тәсілі (қайғылы жағдайдағы күлкі), рухтармен, елеспен, есалаң хал-күйде (галлюцинация) өмір мен өлім арасындағы сұхбаттасу (іштей), алжасу, бейсаналылық күйге түсу тәсілдері – бәрі-бәрі қазіргі прозадағы соны элементтер, постмодернистік тенденцияның өлшем бірліктеріне жатқызу құбылысы орын алып отыр. Ал, романдағы әр ауылда болған қанды қасапты қырғын, аштықтан сабылған жұрттың барарға жер таппай қиналған жан күйзелістерін, аштықтан амалы құрыған халықтың тобыр деңгейіне түсуі, азу, тозу сынды жайлардың көркем берілуі көз алдымызға жанды кинокартина кадрлары тәрізді әсер қалдырады. Бұл қазіргі әлемдік әдебиеттегі «роман-монтаж», киносценарий элементтерін автордың еркін игергенін айғақтаса керек. Сөзімізді түйіндеп айтсақ, А.Смайылдың «Тамұқтан келген адам» романы тақырыптық тұрғыдан тарихи өткен кеңістік пен бүгінгі күннің арасын еркін үндестікте суреттеген, тарихтың ақтаңдақтарын шынайы көркемдік деңгейде жеткізіп, өмір мен өлім шеңберіндегі адами құндылықтарды сарапқа салған, өмірдің қайшылықты заңдылықтарын, ең бастысы адам қоғамын қатыгездік пен зұлымдық әрекеттерге итермелеуші саяси-әлеуметтік фактордың кезінде әрекет етуші халықтың сол қайшылықты жағдайлардан шығу жолына сын көзбен қараған заманауи роман жанрының бір үлгісі, ұлттың сөз мәйегіне бай, тілі орамды, дәстүрлі әдеби процестің талаптарына толықтай жауап беретін шығарма деп есептейміз. Айдарбек АҚБОЛАТОВ, М.Өтемісов атындағы БҚМУ аға оқытушысы, философия докторы, С.Ғ. Шарабасов атындағы «Ғылыми ізденіс» жас әдебиеттанушылар бірлестігінің жетекшісі «Ақиқат» журналы

1388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз