Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 09 Тамыз, 2020

Саматтың экосағат дүкені

Жыл сайын отандық бренд сәнге айналып жатыр. Кәсіпкерлер де жан-жақты болып, барынша ізденеді. Бүгінгі кейіпкеріміз Самат Алиакпаров экосағат интернет дүкенін ашқан жас кәсіпкер. Бір ерекшелігі, сағаттың экологияға зияны жоқ. Аллергия тудырмайды. Тек сағат емес, көзілдірікті де ағаштан жасайды. Экосағат интернет дүкенін ашу идеясы қайдан келді? Қазақстанда экоөнімге сұраныс қандай? Тұтынушылардың пікірі ескеріле ме? Осы сұрақтарға кәсіпкер Самат Ережепұлы жауап берді. – Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының тумасымын. Кішкентай кезімде ұшқыш не кәсіпкер боламын деп армандайтынмын. Магистратураның 1-курсында интернеттен сағатты көріп, өзіме Қытайдағы сағат шығатын цехқа тапсырыс бердім. Сағаттың сапасы қатты ұнады. Неге басқалар осындай сағат тақпасқа деген ой келді. Содан интернет дүкенімді аштым. Әрине, бастапқы кезде өте қиын болды. Мысалы, 200 мың теңгеге сатып алған сағатты 100 мың теңгеге әрең саттым. Бұл жұмыс менің хоббиім іспеттес еді. Магистратура бітірген соң зауытта жұмыс істедім. Ал сағатты уақытым бос болғанда сатып, бұл кәсіпті дамытудың жолын іздедім. – Хобби қалай тұрақты кәсіпке айналды? – Кәсіпкерлік туралы көп кітап оқып, түрлі видео көретін едім. Бір күні ютуб желісінен көрген бір шоу маған ерекше әсер қалдырды. Спикер кәсібіңізден бір күнде айлықтың ақшасын таба алатындай болсаңыз, жұмыстан шыға беріңіз деп айтты. Осы сөздер көпке дейін есімнен шықпады. Зауыттың қоймасында шырағдан құрастырып отырғанда, айлығымның құнындай тапсырыс түсті. Содан бас директорыма барып, жұмыстан шығатынымды айтып арыз жаздым. Бір айдан кейін Нұр-Сұлтанға көшіп, хоббиді кәсіпке айналдырдым. Бастысы жұмысым өзіме ұнайды. – Сонда сағат пен көзілдірік Қытайда жасала ма? – Сағаттар Қытайдағы цехта жасалады. Біз тек тапсырыс береміз. Елімізде цех ашу жоспарда бар. Бірақ Қазақстанда цех ашып сағатты сатсақ, онда бағасы тым қымбат болады. Сондықтан әзірге Қытайдағы цехқа тапсырыс береміз. Бірақ сағаттың сапасы жоғары деңгейде. Цех қызметкерлері барлық талабымызды ескереді. Ал сағаттың қорабы мен ішіндегі жастықшасы елімізде жасалады. Бұл таңғалатындай нәрсе емес. Танымал брендтің бәрі Қытайда жасалады. Бұл кәсіп үшін қалыпты жағдай. Брэенд – жасалған елдің емес, сол брендті қалыптастырған әрі дамытқан елдің еншісі. Экосағат пен көзілдірік – қазақстандық бренд. Оған қоса, елімізде экоөнімдердің саны аз. Тіпті саусақпен санарлық. Бәсекелестік болмаса да, біз сапалы өнім ұсынамыз. – Сағат пен көзілдірік қалай экоөнім болып саналады? – Сағат пен көзілдірік ағаштан жасалады. Бұл – экоөнім. Қоршаған ортаға еш зиян тигізбейді. Біз ағаштарды кесіп, олардың санын азайтпаймыз. Өнім жиһаз жасауға кесілетін ағаштардың қалдықтарынан және қайта өңдеуден өткен ағаштан жасалады. Сағат пен көзілдірік қарағаш, емен, зебрано, сандал, үйеңкі сияқты ағаштардан жасалғандықтан, өте сапалы. Менеджер болып жұмыс істеп жүргенде, тұтынушылар аллергия тудырмай ма деп жиі сұрайтын. Өйткені көп адамда темір сағаттан аллергия болады. Біз сағаттың құрылымы мен құрамын зерттеп, оның аллергия тудырмайтынын ресми растап дәлелдедік. Керісінше, ағаш сағат адамға пайдалы әрі ұзаққа шыдайды. – Елімізде экоөнімге сұраныс бар ма? – Кәсіптің нәсібін көру үшін оған сұраныс болу керек. Бастапқы кезде қолды бір сілтеп, бұл экоөнім қажет емес деген сәтте алғашқы  тұтынушылар пайда болып, бұндай кәсіптің керек екенін айтты. Сапасына алғысын білдіріп жатқандар бар. Кей тұстарда тұтынушылар бірнеше ұсыныс айтады. Бұл бізді ынталандырады. Әрі қарай жұмыс істеуге және кәсібімізді жақсартуға күш береді. Тұтынушыларға ерекше ризамын. Үнемі біздің өнімді қолдайды. Сұраныс енді өсіп келе жатыр. Ресей Федерациясы бізден біраз қадам алда болса, Еуропа елдері он жыл бұрын экоөнімдермен өмір сүре бастады. Өйткені олар экоөнімнің құндылығы мен маңызын біледі. Табиғатты аялау керек екенін түсінеді. Экоөмір сүруге саналы түрде шешім қабылдаған. Ал бізге әлі де бұндай саналы шешім қабылдау үшін уақыт қажет. – Экосағат пен көзілдірікке қалай тапсырыс береміз? – Инстаграмда ecowatch.kz парақшасы бар. Сол жерде байланыс телефондарына хабарлассаңыз болады. Жекеге жазсаңыз, бірден жауап береміз. Әр посттың соңындағы комментарийге жазсаңыз да, жауап беруге тырысамыз. Қай уақытта болсын жауап беруге дайынбыз. Әр тұтынушының талабын ескереміз. Барлық жағдайын жасаймыз. Бізге әр тұтынушы қымбат. Қазір қашықтан жұмыс істеп жатырмыз. Қала ішінде сақтық шараларын сақтап, пәтеріңізге өнімді жеткіземіз. Үйден шықпай-ақ сағаттың бірнеше моделін таңдасаңыз, курьер пәтеріңізге жеткізіп береді. Сағатты  тағып көріп,  ұнағанын сатып ала аласыз. Бұл кәсіпті бастағанда көп адам мойындамады. Кәсіпте жаңа өнімді адамдар тұтыну үшін оны түсіндіру өте қиын. Сондықтан алдымен өнімді өзіміз тұтынамыз. Сосын новаторлардың бақылауынан өтеді. Егер өнім ұнаса, новаторлар халыққа ұсынады. Өнім новаторлардың көзқарасына немесе талғамына сай болмаса, сол сәтте кәсіп құрдымға ұшырайды. Бұл кәсіпке үш жыл болып қалды. Штатта екі менеджер, қойманы басқарушы, маркетологымыз бар. Маркетингке ай сайын 500 мың теңгеден аса қаржы жұмсалады. Тұтынушылар біздің өнімге дән риза. Сапалы өнім біреуге ұнаса, сол адам басқасына ұсынады. Осылайша кәсіптің көне даму түрі әлі күнге дейін жүзеге асады. Тұтынушылар өнімді сатып алмас бұрын менеджеріміз бізді қайдан білгенін сұрайды. Көбі танысы ұсынып, сапасына риза болғанын айтады. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Біз көбіне Ресей мен Қазақстандағы танымал блогерлермен жұмыс істейміз. Алдағы уақытта айлық өсімді 10 миллионға жеткізуді ұжыммен мақсат етіп отырмыз. – Сұқбатыңызға рақмет! Ісіңізге береке берсін!

Назым Сапарова

 

999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз