Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Тамыз, 2020

Карантинде LikeKomek дүкенін ашқан Керейбаевтар

Коронавирус пандемиясына байланысты дүкендер жабылып, кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалды. Қаржылық қиындыққа қарамастан, ерлі-зайыпты Дәулет пен Әсемгүл әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған LikeKomek дүкенін ашты. Жас отбасы үшін басты құндылық байлық емес, адамдарға көмектесу. Бұл дүкен кәсіптен гөрі хобби іспеттес. Өйткені дүкендегі киімдер өте арзан бағада сатылады. Мысалы, джинсы шалбар 100 теңге болса, футболка – 50 теңге. Көмекке мұқтаж жандар депозит арқылы киімдерді тегін алады. LikeKomek дүкені қалай ашылды? Дүкенге тауарды қайдан алады? Тұтынушылардың пікірі қандай? Осы сұрақтарға дүкен иесі Дәулет Керейбаев жауап берді. – Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға дүкен ашу идеясының авторы – келіншегім Әсемгүл Керейбаева. Негізі екеуіміздің де тұрақты жұмысымыз бар. Әйелім Нұр-Сұлтан қаласындағы сол жағалауда орналасқан «Қарқын» дүкеніне барғаннан соң, маған кәсіп бастау туралы ұсыныс айтты. Неге қоғамда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арзан бағада киім сататын дүкен өте аз? Осы сұраққа жауап табу әрі адамдарға көмек көрсету мақсатында дүкенімізді аштық. Бұл – әлеуметтік жоба. Ал біздің дүкеніміз аналог. Алдымен жалға алатын ғимаратты іздеп, құжаттарын рәсімдедік. Ай сайын салығын да төлеп тұрамыз. – Дүкенге тауарды қайдан аласыздар? – Likekomek дүкеніндегі тауарлар жаңа емес, яғни біз әлеуметтік көмек ретінде адамдардан өздеріне қажет емес киімдерін жинаймыз. Тауарды ұялмай сату үшін киімдерді жуып, үтіктеп, этикетка жапсырып қойдық. Кейде адамдар жап-жаңа киімдерді әкелсе де, бағасын 5000 теңгеден асырмаймыз, тіпті құндыз тон болса да, қымбат бағаға сатылымға қоймаймыз. Сонымен қатар, сатылымда аяқ киім де бар. Дүкенде арнайы киім ілгіштер, сөрелер мен киім ауыстыратын бұрыш та бар. Жиһаздардың бәрі жаңа болмаса да, жарты бағаға келісіп сатып алдық. Жақында бір жақсы адам киім ауыстыратын бұрышқа пуфик сыйлады. Әйелім екеуміз қатты қуандық. Бәрі де стандартқа сай және дүкенге келетін қонақтарға ыңғайлы етіп ұйымдастырдық. Тазалықты да ұмытпаймыз. – Неге дүкенді LikeKomek деп атадыңыздар? – Дүкенге өздеріне қажет емес киімдерін әкелетін адамдарға Like деп айтамыз. Бұл дүкеніміздің дәстүрі. Like сөзі ағылшын тілінен ұнату немесе жақсы көру деп аударылады. Көмек көрсетуді жақсы көру деп атасақ болады. Өйткені киімдерін дүкенге өткізгені үшін адамдар ешқандай ақы алмайды. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға дүкенде сатылатын киімдерді депозит арқылы береміз. Оған қоса, бізге көмек көрсеткен адамдар періште қанаты бейнеленген және дүкеніміздің аты жазылған баннерде естелікке фотоға түседі. Өмірде жақсы адамдар өте көп екенін көріп, әйелім екеуіміз бұл кәсіпті одан сайын дамытқымыз келеді – Дүкеннен депозитке қалай киім аламыз? – Тұтынушыға 5000 теңгеге дейін депозит ашамыз. Депозит ашу үшін және киім сатып алу үшін ақша төлемейсіз. 5000 теңге көлемінде киім алу мүмкіндігі бар. Тауарлардың бағасы 10 теңгеден басталады. Мысалы, джинсы шалбар 100 теңге, футболка 50 теңге дегендей. Ең қымбаты 5000 теңге болады. Одан аспайды. Егер депозиттен асса, яғни алатын киімдердің бағасы 5000 теңгеден асып кетсе, үстінен ақша қосып төлейсіз. Бірақ тауарлар өте арзан бағада болғандықтан, бір маусымға жетерлік киім алуға болады. Депозитке киімдерді тегін аласыз. Ақша төлеудің қажеті жоқ. Депозит тек әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектігі бар және жалғызбасты аналарға беріледі. Ал орташа деңгейдегі адамдар дүкендегі тауарды сатып алады. Бірақ дүкен ашылғалы бері көбіне шынымен де көмекке мұқтаж жандар депозитке киім алып жатыр. – Тұтынушылардың пікірі қандай? – Дүкенге келетін әрбір тұтынушыны арнайы базаға тіркейміз. Депозит ашып, қалаған киімін алуға мүмкіндік жасаймыз. Тұтынушылар сауалнама сұрақтарына жауап беріп, өздерінің мұқтаждығын жазады. Біреуіне азық-түлік, кейбіреуіне жиһаз немесе кеңсе тауарлары қажет. Біз осыны ескеріп, киімдерді депозитке тегін береміз. Арасында адамдар қулық жасап, ауқатты отбасылар да сауалнаманы толтырып көмек сұрайды. Біз мұндай бассыздыққа жол бере алмаймыз. Әр отбасының жағдайын зерттеп барып көмек көрсетеміз. Өйткені көмекке мұқтаж адам көп. Тұтынушыларымыз дән риза. Кейбір жалғызбасты әйелдер біздің дүкенге келуге ұялады. Онда тұрған не бар? Бүгін біздің жағдайымыз жақсы болса, ертең не боларымыз белгісіз. Сондықтан көмекке мұқтаж кезде ешнәрседен ұялмау керек. Бірде көпбалалы әрі мүгедектігі бар баласымен ана келді. Біз оған депозит ашып, киімдерді тегін аласыз дегенде, тұтынушымыз жылап жіберді. Жүрегіміз елжіреп кетті. 5000 теңге депозитке тұтынушымыз екі-үш дорба киім алды. Дүкеніміз кәсіптен гөрі хобби іспеттес. Өйткені дүкеннің қаржы кірісінен гөрі шығысы көп. Бәрі бізге таңғалады. Біз баюды емес, жақсылық жасауды ойлаймыз. Дүкеннің ашылғанына бір ай ғана болса да, әлеуметтік жағдайы төмен 150 отбасы базаға тіркелді. Оларға көмектескіміз келеді. Осындай екінші дүкенді ашуды да жоспарлап жатырмыз. Бізді көбі байдың балалары немесе ауқатты отбасынан шыққан деп ойлайды. Алайда мүлдем олай емес. Мен 9 жасымнан бастап жұмыс істедім. Бөтелке жинадым, шемішке де саттым. Келіншегім екеуіміз бірнеше кәсіп бастадық. Үш рет банкрот болдық. Бірақ артқа шегінбейміз. Адамдарға көмек көрсетуді жалғастыра береміз. Біздің осы деңгейге көтерілуіміздің өзі адамдардың алғысы шығар. Бәрі кәсіптің соңын қуып, ақша жағын ойлай берсек, өмірде не мән қалады? Байлық пен ақша уақытша, ал адамгершілік мәңгілік. – Адамдардың алғысына бөленіп жүре беріңіздер. Сұқбатыңызға рақмет!

Назым САПАРОВА,

                                                                                 «Ұлан» газеті

77 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Таеквондодан әлем чемпионаты өтпейтін болды
Келесі мақала Алматы облысының бас санитарлық дәрігері тағайындалды

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *