Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 20 Тамыз, 2020

Жалған ақпарат жарға жығады

Соңғы уақытта  оқиғаның анық-қанығына жетпей, жерден жеті қоян тапқандай, әлеуметтік желі арқылы елді дүрліктіріп, тіпті арандатуға апаратын жалған ақпарат тарататындар бой көрсете бастады. Бұл қауіпті.Өйткені негізсіз ақпарат айрандай ұйып отырған, ынтымақ-бірлігі жарасқан ел ішінде, адамдар арасында алауыздық пен өшпенділік өртінің өршуіне алып келуі әбден мүмкін.

 Түймедейді түйедей етіп көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы «аттандап» жатқан бейнекөріністерге имандай иланып, қақтығыстың қақ ортасынан табылатындар да жоқ емес. Олар жалған ақпарат жаппай жүгенсіздік пен тәртіпсіздікке жол ашатынына соншалықты бас қатыра қоймайды. Мұның соңы немен аяқталатыны бәрімізге белгілі. Елдімекендер қирандыға айналып, отқа оранып, дүние-мүліктің тас-талқаны шығып, адамдар бір-біріне алакөзбен қарап, әп-сәтте жау болып шыға келеді. Тіпті күні кешегіге дейін төс қағыстырып, ағайын-туыстай болып кеткен, арқа-жарқа болып жүрген адамдар бойын кернеген ашу-ыза үстінде бір-біріне оқ атып, мерт еткен жағдайлар да бар. Нәтижесі белгілі. Аңырап ана қалады, жетім болып бала қалады... Сондықтан жалған ақпарат таратпас бұрын әбден ойланған дұрыс.Оның жауапкершілігі бар екенін әсте естен шығармаған жөн.

         Ел ішінде ала да бар, құла да бар. Оған талас жоқ. Ал қоғамдық тәртіпті бұзып, бүйректен сирақ шығаратындар бой көрсетіп жатса оларды тезге салатын органдар бар. Құқықтық мемлекет болғандықтан, қандай жағдай болса да бәрін заң аясында шешуге үйренгеніміз жөн. Аттандап алға шығып, шоқпар ала жүгіру мен жалған намыс жақсылыққа апармайды.

         Өткен айдың соңында Түркістан облысының Шорнақ ауылында қақтығыс орын алғаны бәрімізге белгілі. Осы оқиғаға байланысты ішкі істер органдары  жанжалдың жайылып кетпеуі үшін жедел түрде әрекет етті.«Бұл  Шорнақ ауылы жастарының  арасында болған  тұрмыстық жанжал. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, салдарынан бір учаскелік инспектор мен үш тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заң бұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды, - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференцияда.

      «Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жумыстары жүргізілуде. Бірақ арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпараттар таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін, - деді Ішкі істер министрі.

Полиция мәліметтеріне сәйкес, қақтығысқа қатысушылардың бірінің үйіне шабуыл жасалғаннан кейін белгісіз біреулер келіп, оның және туыстарының үйлеріне тас лақтыра бастаған. Оқиға орнына Кентау қаласының полиция инспекторы бірінші болып  келгенімен ол жарақат алып қалады. Әлеуметтік желілерде осы полицейдің беті мен киімі қан болып тұрған видеосы тарап кетті.    «Ол жанжалдың тоқтауы үшін қажетті шараларды қолданған. Алған жарақатына және тұрғындардың қарсылығына қарамастан, полиция қызметкері күш пен атыс қаруын қолданбаған. Дене жарақатын учаскелік инспектормен бірге үш ауыл тұрғыны да алған. Оларға медициналық көмек көрсетілді, - деп хабарлаған болатын Түркістан облысының полиция департаменті.

Полицияның мәлімдеуінше, келесі күні ауылда арандатушылар жиналып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын заңға қайшы әрекеттер жасауға үгіттеген.

        «Бұл оқиғаны полиция қызметкерлері бірден тоқтатты. Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері төрт азаматты анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.

    Жанжалдан кейін елдімекеннің кіреберісіне полиция блок-бекеті қойылып, ауылды арнайы жасақ күзеткен.

         Міне, жалған ақпараттың салдары осындай. «Адвм өлімі болған жоқ» деп шүкіршілік етсек те, ауыл жастарының арасына іріткі түсті. Тіпті бұл оқиғаны кейбіреулер этносаралық жанжалға айналдырғысы келіп, желілерде жалған ақпараттар таратып,  заңсыз әрекеттерге шақырған үндеулерін жария етті.Бұл заңға түбегейлі қарсы қимыл. Қазақстан Республикасының 14 бабында заң алдында жұрттың бәрі тең екені айтылған. «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды, - делінген  Ата заңымызда. Осыған бас июіміз керек. Осыны үлкен-кішінің түсінетін уақыты жетті.

         Шорнақтан кейін Сәтбаев қаласында бес жасар қыздың жоғалуына байланысты да жалған ақпараттар әлеуметтік желіде үстін-үстіне жарияланып жатты. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тағы да басу айтуға мәжбүр болды.«Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеңіздер! Және оны таратпаңыздар! Тек ресми ақпаратқа сенініздер! Ішкі істер министрлігі үнемі мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылап отыр. Жалған, негізсіз ақпарат таратуға қатысты заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» - деді министр.

         Сондықтан жалған ақпараттың жарға жығатынын ұмытпайық, ағайын!

                  Ғалым ОМАР - ХАН

Нұр-Сұлтан қаласы.

                                              

 

 

 

399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз