Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Тамыз, 2020

Дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз

Қазіргі кезде әлем халқы қауіпті індетпен бетпе-бет келіп отыр. Небәрі 7-8 айда қаншама адам жаман ауруға шалдығып, ажал құшты. Бұл індет біздің елімізде де тез тарады.

Алғашында аурудың барына күмәнмен қараған көпшілік бүгінде сақтық шараларын мықтап қолға алған. Бұл – жақындарымыз үшін де өте маңызды. Әсіресе, коронавируспен қатар қос өпкенің қабынуы да белең алды. Бір сөзбен атқанда, науқастар санының күрт өсуі бірқатар қиыншылық тудырды. Әсіресе, көптеген ауруханаларда науқастарды қабылдайтын орын мен жасанды тыныс алу аппаратының тапшылығы байқалды. Дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткіліксіз болды. Осының бәрі індеттің өршуіне әкелді.

Әлемді әбігерге салған індетпен күресте ақ халатты абзал жандарға үлкен жауапкершілік артылды. Антына адал әрбір денсаулық сақтау саласының қызметкерлері өзгенің өмірін сақтау үшін айлап үй бетін көрмей, науқастың ертеңі үшін алаңдап, күні-түні тынбай еңбек етті. Дертіне дауа іздеп келгендерді аяқтан тік тұрғызды. Сол үшін де дәрігерлер мен мейірбикелерге, жедел жәрдем қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Олар бүгінгі күннің батырына айналды. Сондықтан ақ халатты абзал жандар қандай құрметке де лайықты.

Өкінішке қарай, коронавирус біздің отбасымызды да айналып өтпеді. Асқар тау әкеміздің ауырғаны баршамыздың жүрегімізге батты.  Дәрігерлердің үлкен күш-жігерінің арқасында біз осы аты жаман ауруды еңсере білдік. Осы орайда Алматы қаласының бірінші қалалық клиникалық ауруханасының ұжымына алғыс білдіреміз. Соның ішінде әрбір науқасты жылы жүзбен, ыстық ықыласпен қарсы алатын Нұргүл Арыстанбекқызына, Асхат Ақылбекұлына анестезиология және реанимация бөлімшесінің дәрігерлері мен медбикелеріне, кіші медициналық қызметкерлері Гүлнар Дәуітжанқызына, Мехрибанум Аюповнаға, сондай-ақ қалалық И.С.Жекенов атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Дүкен Болатұлына, төртінші бөлімшенің меңгерушісі Әйгерім Мұратқызына, бөлімнің дәрігерлер мен медбикелері Мейірман Дүйсенбайұлы, Мәулен Саутбекұлы, Лаура Жұмаділқызы, Талғат Бақытұлы, Ақбота Сүйеншіқызы, Нұрсұлтан Батырбекұлы, аға медбике Дариға Әділқызы,  Жанар, Жазира, Әйгерім, Сәуле, Ақмарал, Айгүл, Әсем, Жанна, Фарида, Тайыр, Кенже, Әсел, Назым, Руфина есімді ақ халатты абзал жандарға Алтаевтар отбасының атынан шексіз ризашылығымызды жеткізгіміз келеді.

Иә, бұл күндер де өтер. Жаһан жұртын сан соқтырған сырқат та сап тыйылар. Алайда халқы қиналғанда қаймықпай ауруға қарсы тұрған ақ халатты абзал жандарға деген құрмет еш тыйылмауы тиіс.

 Әсел АЛТАЕВА

 

589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз