Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Тамыз, 2020

Аймадет аға, есіл ер

«Алда Жақаңның даталы жетпіс жылдығына орай роман жазып жатырмын. Адам өзіне қатысты жақсы пікірді де көзі тірісінде көрсе жақсы еді. Амал қанша...», – дейді ақын Ержанат Байқабай.

(Тәңір шарапатынан жаралған, тұла бойына бабалардың өр рухынан күш алған, қарағайдың қарсы біткен бұтағы - қара қазақ баласының сұлтаны. Қара қарға, қара ала үйрекке күш қылса, намысын қайрақ қылған қайран ер Жақсылық аға Үшкемпірұлының рухына арналады.)

Ананың құрсағынан ала келген,
Пәк ниетің сақталған саналы ер ең.
Хан алдында халықтың қамын ойлап,
Жағатсымай жақсы сөз аға деп ең.
Қазанама жазам деп кім ойлаған,
Жалған дүние-ай қас-қағым қаза деген...

Қар бұзып, із салып ең қазанатша,
Қарсыласты тақымдап қара лақша.
Аты аңыз болсада нар алашқа,
Тап-таза еді көңілі балабақша.
Алақанын төсейтін ақ көңіл еді,
Аспаннан жұлдыз ағып бара жатса.

Арал теңіз, қарт Каспий ерім деді,
Жамбыл ел жасын төкті көзіндегі.
Қайғыңа Талас өзен талмаусырап,
Ертіс, Семей ерім деп еңіреді.
Күн мен ай, жұлдыз, шолпан тоқтау айтты,
Көк ту жылап қазақтың көгіндегі.

Ер едің елді сүйген, ел де сүйген,
Есімі өшпес адамдар зердесінен.
Не өлем, не жеңем деп белдесіп ең,
Намыс туын көтеріп төрлетіп ең.
Бозкілемде жоның бар сүрінбейтін,
Ботайдың қонысында ержетіп ең.

Еңбегіңді бұлдамай елге сіңген,
Бұралқы ит көрінбейтін өр көшіңнен.
Қадам сайын тілейтін жақсылық ең,
Жамандық жойылсын деп жер бетінен.
Тамыз тамбай сөнгені-ай кеудесінен,
Қырық күннің алдында кездесіп ем.

Өмірде аз нағыз кісі, сыйлы адамдар,
Олар қайтса ту түсір, ту қадаңдар.
Соның бірі әлемнің Жақсылығы,
Өміріне үңіліп шын қараңдар.
Аулаңда арсылдаған итіңе тақ,
«Халық қаһарман» медалын қыймағандар.

Азалы күн шөгеріп ақ атанды,
Сіз кеткенде көп сөнді дала шамы.
Дәс қалды жөргегінде көз жұмуға,
Әлемдегі жақсылық, пәк атаулы.
Аға сізге сыйладым ескерткіш қып...
Өзіңіз көп қарайтын Алатауды.

Арманыңды ақсатпай жолда қалған,
Сүрінбес сіз туралы жорға қалам.
Деп едің «жетпісімді тойла балам»,
Нардан қалған ботадай боздап алам.
Кең дүниені сыйдырып кеудесіне,
Кең сайға жатады деп ойламағам.

Тіріңде табақтас кім, қабақтас кім?
Түңілігін ашып бердің таңы атпастың.
Арамдықтың қақпанын баспайын деп,
Арыстандай ізіңді санап бастың.
Жақсылықтай ұл тумас дегім келіп,
Туса туар артылмас - қазақша айттым.

Ержанат Байқабай
Сарыарқа - Есіл
Тамыздың 4 жаңасы

 

 

270 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Түзеу мекемесіндегі сотталғандармен онлайн кездесу өтті
Келесі мақала Дәурен Абаев «Қазақ әдебиеті» оқулығындағы 4 кемшілікті атады

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *