Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Қыркүйек, 2020

Имайо  Юджи,  жапон архитекторы: Адамдардың қауіпсіз өмірі  –  архитектураның мойнында

«Үй – рухты жеткізуші» дейді жапон халқы. Адамзатүшін аса маңызды бес өнердің бірі сәулет өнері десек, заманауи архитектура – дәстүр мен модернизмді үйлестірген, тарих пен болашақты жалғаушы стильдер жиынтығы. Жапонияның 1-ші дәрежелі архитекторы, интерьер дизайнері, Еуразия дизайнерлер ассоциациясының, Қазақстан архитекторлар Одағының мүшесі Имайо Юджи өз кәсібіне қатысты ой-толғамдарымен бөлісті. 

– Имайо сан, архитектор болуды бала кезден армандадыңыз ба?

– Мен бала күнімде өнерге бейім болатынмын. Өмірде ең бастысы – ақиқат, адам ғарыш заңдылықтарына бағынып, тіршілік етуі керек деген таным-түсінік санама жас кезімнен сіңген. Мен туып-өскен Кагошима префектурасы тарихы терең, табиғаты бай, шежірелі аймақ. Ата-анам әділдікке, тура жолдан таймауға тәрбиеледі. Бала кезде үйренген өмірлік қағидаттар қазір де мен үшін өте маңызды. Бала кезімде сурет салуды жақсы көретінмін. Салған суреттерім оқушылар арасындағы байқауларда ылғи да жүлдемен оралатын. Бірақ байқауға жіберген туындыларымды ұйымдастырушылар алып қалатын. Сондықтан оқушы кезде салған суреттерімнің ешқайсысы үйде сақталмады.

Мектепте физика мен математикаға жетік болдым. Орта мектептегі техника сабағында мұғалім конструкторлық жобалауды үйретті. Жоба сызбасын алғаш рет қағаз бетіне түсіргенде бұл жаныма жақын іс екенін түсіндім. Бұл жай сызық емес, философиялық мәні бар екенін ұқтым. Осылайша болашақта архитектор боламын деп шештім. Рюкю университетінде архитектор мамандығы бойынша оқып, 1989 жылы бітірдім. Студент кезімде жоба жасағанда, сызудың ерекше әлем екенін сезетінмін. Бұл өнерге жан-тәніммен беріліп, сызықтардың тұңғиығына сүңгіп, өзімді философ сияқты сезінетінмін. Архитектура – ғажайып өнер. Мүмкін бұрынғы өмірімде Италияда тұрып, архитектор болған шығармын деп те ойлаушы едім.

– Сіз Бруней, Гонконг, Қытай, Малайзия, Сингапур, Пәкістан, Ресей, Голландия, Италия, Австралия, Сауд Арабиясы, Украина, Тайланд, Қырғызстан, Швейцария, Индонезия, Индия сияқты көптеген елде қызмет атқардыңыз. Әлемге танымал Курокава Кишйо негізін қалаған архитектуралық компанияның директоры болып қызмет істедіңіз. Қазақстанға тұңғыш Президенттің шақыруымен келдіңіз. Осы туралы айтсаңыз.

– 1998 жылы Қазақстанның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы бас жоспарының жобасына байқау жариялағаны белгілі. Бұл байқауға әлемнің 50 көрнекті архитекторы қатысты. Олардың арасында менің ұстазым Курокава Кишйо да бар еді. Байқау нәтижесінде Курокава Кишйоның жобасы жеңімпаз деп танылды. Осылайша қаланың архитектуралық жобасымен айналысатын Жапония-Қазақстан бірлескен командасы құрылды. Мен команданың жапон тарапына жауапты маман едім, қаланың бас жоспарымен бірге халықаралық әуежай жобасын жүзеге асыру міндеті тұрды. Көп ұзамай «Kisho Kurokawa architect&associates» компаниясының атқарушы директоры ретінде менің қызметім Қазақстанға ауысты. Бұл 2000 жыл еді. 

Біз сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдық. Яғни Курокава мырза екеуміз Алматыдағы Президент резиденциясында Астанадағы халықаралық әуежай жобасының презентациясын өткіздік. Бұл жоба 2002 жылы Жапонияның JICA ұйымының қолдауымен жүзеге асатын болып, Қазақстан үкіметі мақұлдады. Бұдан кейін әуежай жобасын жүзеге асыру ісі жергілікті жобалау мекемесімен бірлесіп жүргізіле бастады. Алайда қаржы мәселелері туындап, екі жылдай тоқтап тұрды. Сан түрлі қиындықты артқа тастап, 2005 жылдың 3 ақпан күні жобаны аяқтап, нысан пайдалануға берілді. 2020 жылы ақпан айында жаңартылған әуежайдың ашылғанына 15 жыл толуын атап өттік.

– Сіз атақты сәулетші, жапондық метаболизмнің өкілі Курокава Кишйоның шәкіртісіз. Ұстазыңыз қандай адам еді?

– Иә, мен оның командасында жұмыс істеген ең соңғы қызметкердің бірімін. Сондықтан Курокава Кишйоның ең соңғы шәкірті саналамын. Ол талантты архитектор болуымен қатар ыждаһатты еңбек иесі ретінде есімізде қалды. Еңбекқор талант иесін ешкім жеңе алмайды. Сөзінен білімділік лебі есіп тұратын ұстазымның дәрістерін тыңдап, тәлімін көрдік. Ол жыл бойы еш демалмастан жұмыс істейтін. Сондықтан ұжымы да демалыс дегенді білмейтін. Курокава мырза білімді, парасатты жан болған соң одан үйренгісі келетін адамдар да көп болды. Жалпы біздің ұжымда енжар кісі болмайтын. Архитектуралық жобалау жарыстарында ұжым күн-түн демей еңбек ететін. Курокава мырза таңертең қызыл сиямен жоба сызбасына түзету жасаса, ұжым ол түзетуді түске дейін енгізіп қоятын. Осы уақытта жаңадан нұсқау түсіп жататын. Ортақ мүддеге жұмылған қызметкерлердің жүзінен қажу-шаршау табы білінбейтін. Бастығымыз талмай ізденетін. Өзіне де, ұжымына да қатал талап қоятын. Курокава мырза бір күн ішінде жобаға бірнеше өзгеріс енгізуі мүмкін еді. Қызметкерлер де соңғы нәтижеге жеткенше барын салатын. Яғни жоба толымды деңгейге жеткенше қызыл сияға да, қызметкерлерге де маза жоқ. Бұл азапты жұмыс болғанымен нәтижесінде байқауда жеңіске жеткендегі қуанышты айтсаңызшы!

Хирошимадағы заманауи өнер мұражайы, КуалаЛумпур халықаралық әуежайы, Жапониядағы Оита стадионы, «СанктПетербург футбол стадионы», «Republic Plaza», «Wheelock Place» (Сингапур), «Melbourne Central» (Австралия), Токиодағы «Ұлттық өнер орталығы», Фукуи префектуралық динозавр музейі, «Астана бас жоспары», тағы да басқа ірі нысандар Курокава Кишйоның басқаруымен жүзеге асқан жобалар.

– Архитектура мен бизнес, қайсысы жаныңызға жақын?

– Архитектура – адамның жан қалауынан бастау алған еңбек түрі. Қазіргі бизнестің мазмұны ақшаға табуға қарай ауып кеткені белгілі. Бизнестің негізгі мәні бұл емес, әрине. «Бизнес» деп түсініксіз қайшылықтарды бүркемелеп, кісілер жұмысқа жегілуде. Жұмыс пен адамдар арасындағы қатынас теңдікті қажет еткеніне қарамастан бизнесте кейде келеңсіздіктерге жол беріледі, бұл да жағымсыз құбылыс. Қазіргі заманауи ғимараттар мен көп қабатты тұрғынүйлерді тұрғызу бизнесі де сондай біржақты мүддеге негізделген. Бірінің үстіне бірін үйген қорап сияқты биіктете тұрғызылған нысандарда ақша табысқа басымдық берілгені байқалады. Нәтижесінде ұсқынсыз тұрғынүй кварталдары түзіліп, адам баласын жер бетінен ығыстыруда. Көбіне өрт, жер сілкінісі сияқты апаттар кезіндегі қауіпсіздік кепілдігі сақталмайды. Бірақ 2020 жылдан басталған жаңа онжылдықта әлем бұған дейінгі экономикалық мақсаттағы құрылыстардан өмірге арналған құрылыстарға қарай ауысады. Яғни қазір адам өмірін негізге ала отырып нысандар салу қажеттігі туындауда.

– Архитектура – ежелден келе жатқан өнер болса, оның басқа өнер түрлерінен басты артықшылығы неде?

– «Архитектура – музыканың қатты зат түріндегі формасы» деген сөз бар ғой. «Архитектура – бар өнердің жиынтығы» деп те айтылады. Кейде архитекторды оркестр дирижеріне теңейді. Сәулет өнерінің басқа өнерден басты артықшылығы – адам баласының өміріне жауаптылығында. Архитектурада үш өлшемдік және төрт өлшемдік кеңістік пен уақыт бар. Адамдардың қауіпсіз өмірі архитектураның мойнында. Құрылыс нысандары жер сілкінгенде күйремейтіндей болуы керек. Өрт кезінде оп-оңай тұтанып, адамдар құрбан болмауы керек. Оған қоса құрылыс нысаны жер бетінде орналасқандықтан жер қабатына салмақ түсірмейтіндей жеңіл болуы керек. Бұның жер сілкініске тікелей қатысы бар. Бізге көрер көзге көркемдік жағы өз алдына, адамның жанына да, тәніне де оң әсер ететін бүтін дизайн жасау міндеті жүктелген. Жалпы алғанда қала келбеті ғимараттар пішініне байланысты. Сондықтан әр ғимараттың үйлесімділігіне мән берілуі керек. Қазіргідей тығыз орналасқан, арбиған, сорайған, су мен жылу энергиясының шығынын көбейтетін ғимараттардың бой көтеруін бұдан былай құптай беруге болмас.

Жер бетіндегі халық қазіргідей 8 миллиард емес, 10 миллиард болғанда үйлері сықаса орналасқан, зәулім ғимараттар қаласы қажет болмайды. Адамзат ғарыш заңдылықтарын бұзбай, табиғатпен үйлесімде өмір сүруі керек. Сондай заман туса, жер бетіндегі қазіргі ауытқыған метеорологиялық жағдай түзеліп, азық-түлік тапшылығы жойылар еді. Қақтығыстар да тоқтап, басқа да мәселелер шешіледі. Табиғат пен қала үндестікте, адамдар мамыражай тіршілік кешер еді. Асқан сұлу табиғат пен архитектура тудырған өнер дегеніміз осы емес пе?

– Архитектор ретінде өзіңіз Қазақстанда жүзеге асырған жобалар туралы айтсаңыз?

– Курокава компаниясында жұмыс істеген кездегі жобалар мен «Imayo creation» компаниясын құрған кезден бері атқарған жұмыстар деп екіге бөліп таратайын. Алғашқысы 2000-2007 жылдар аралығында жүзеге асқан жобалар: Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы, Алматыдағы «Sakura home», Санкт-Петербургтегі «Zenit» стадионы. 2007 жылдың 7 шілдесінде «Imayo creation» деп аталатын жеке компаниямды аштым. Содан бері жүзеге асқан жобалар арасында Назарбаев университеті және Ғылым бағы, Мәдениет орталығы, «Астана қалалық су және канализация жүйесі» жобасы, «Chamberlain country club», «Мирас» мейрамханасы, «Aul resort», Назарбаев паркіндегі жапон бағы, Бурабайдағы дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру орталығы, тағы да басқа нысандар бар.

– Жас кәсіпкерлерге айтар ақыл-кеңесіңіз?

– Қазіргі кәсіпкерлерде ашкөздік басым. Рахымды кәсіпкерлерді қоспағанда, басқасы түгел шектен асқан жаңа капитализм жүйесіне сүйеніп, жанын сығып өмір сүруде. Дүние өзгеріп, ақшаны мансұқ еткен заман да өтер, сонда «бизнесмен» деген сөз де жоғалып, адамдар оғаштау қаржылық жүйеде тіршілік еткен қоғамды ескі күн ретінде еске түсірер. Бірақ ол уақыт дәл қазір келе қоймас. Қазіргі уақытта ақша тым бағалы болып кетті, жұрт оны абсолют санап, о баста адамдар үшін маңызды болған құндылықтар бағаланбай, ғарыштың заңдылықтарына қайшы керзаманға айналды. Алда болмысқа үңілетін, ақиқаттың ақ жолынан таймайтын адамдар көбейеді деп сенемін.

2020 жылдың ақпан айының басында Нұр-Сұлтан қаласында архитекторлар мен дизайнерлердің алқалы жиыны өтті. Сол жиында жас архитекторлар мен дизайнерлерге арнап сөз сөйледім. Бұл үндеу жас бизнесмендерге де арналады:

*Іс-әрекетте білу, бару, көру және кездесу өте маңызды!

*Әлем қаржыны негізге алған қоғамнан адам өмірін негізге алған қоғамға қарай ауысуда!

*Билік вертикалды қоғамнан горизонталды қоғамға көшуде!

*Табиғат пен ақиқат заңдылықтарына сәйкес іс жүргізудің маңызы артқан заманға қарай аяқ бастық!

– Өзіңіздің бизнес адамы ретінде ұстанған қағидаларыңыз бар ма?

– 2007 жылдың 7 шілдесінде ашылған «Imayo creation» компаниясының 10 ережесі бар. Жұмыс осы ережелер негізінде атқарылады. Дизайн – шығармашылық еңбек, шығармашылық шындыққа сай болуы керек. Дүниедегі ақиқатқа қызмет ететін, космос пен жер шары экологиясына жағымды шығармашылық әрекет болуы тиіс. Адамзаттың рухани дамуына үлес қосатын қала мен архитектуралық кеңістік, қоршаған орта, өндіріске арналған дизайн тудыру. Ел мен ел, адам мен адамды байланыстыратын шығармашылық іс атқару. Бұл шығармашылық әрекет адамдарды бейбітшілік пен бақытқа жетелейтін болып саналады. Болашақ ұрпаққа мұра боп қалатындай туындыларды дүниеге әкелу. Бұған қоса шығармашылық әрекет ақиқат пен табиғаттың заңына негізделуі керек. Сонымен бірге әр адам шығармашылықпен бірге өмір бойы, даналық пен білімге, адами болмысты зерттеуге деген ұмтылыс әрекетін жалғастыруы тиіс. Бұл қағидалар адамды құрметтеуге, қажырлы, ақжарқын, сергек, әділ, батыл болуға, өмірге құштарлыққа және айналадағы адамдарға сүйіспеншілік сыйлауға үндейді. Нәтижесінде шығармашылық жұмыс арқылы түскен табыс, алдымен баршаның өмірін жақсартуға бағытталып, болашақ жасампаздыққа қарай еселеніп оралады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Шарафат Жылқыбаева

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2020

 

1150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз