Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 02 Қыркүйек, 2020

Кипрлік қамал. «Қайсардың» қарсыласы жайлы не білеміз?

Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Өткен маусымда Қазақстан кубогын жеңіп алған қызылордалық «Қайсарға» кипрлік АПОЭЛ командасы қарсылас атанды.

АПОЭЛ - Кипр футбол тарихындағы ең алып клуб. 28 мәрте ел чемпионы атанған. Өткен маусымға дейін ел үздігі атағын ешбір клубқа бермей келе жатыр еді. Әйткенмен, осы жылдың мамыр айында клубтар Денсаулық министрі бекіткен талаптарды орындамағындықтан, чемпионат мерзімінен бұрын аяқталды. Нәтижесінде сол кезде бірінші орында тұрған «Омония» Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Ал, үшінші орында қалған АПОЭЛ Еуропа лигасының іріктеу кезеңін қанағат тұтуға мәжбүр болды. Соңғы 8 жылда алғаш рет АПОЭЛ Чемпиондар лигасына шыға алмай қалды. 

АПОЭЛ соңғы жылдардағы Қазақстан чемпионы «Астанаға» қарсы алты ойын өткізді. 2015/2016 маусымда қазақстандық команда тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан кезде, плей-оффта дәл осы АПОЭЛ-ды екі матч қорытындысы 2:1 есебімен ұтып, жолда қалдырды. Келесі маусымда қос команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде жолығып, Қазақстанда «Астана», Кипрде АПОЭЛ басым түсті. 2018/2019 маусымда «Астана» тағы да плей-оффта қарсыласын қапы қалдырды. Екі команда да өз алаңында 1:0 есебімен ұтты. Текетірес тағдыры Қазақстанда пенальти сериясында шешіліп, «Астанаға» сәттілік серік болды. АПОЭЛ еуромаусымсыз қалды. 

«Қайсар» тарихындағы тұңғыш рет еурокубокқа қатысқалы отыр. Ал АПОЭЛ Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жыл сайынғы қонағы. Өткен маусымда Еуропа лигасының 1/16 финалына дейін жетті. 2017/2018 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнады. Жалпы, соңғы он жылда АПОЭЛ 8 мәрте еурокубоктың топтық кезеңінде бақ сынады. 

Қазір АПОЭЛ-ді 51 жастағы грек маманы, «Панатинаикостың» бүрынғы бапкері Маринос Узунидис жаттықтырады. Аралдағы команданың құрамында қазақстандық футбол жанкүйерлеріне «Астана» мен Кипр құрамасына қарсы матчтардан жақсы таныс футболшылар көр (Георгиос Эфрем, Томас Де Винценти, Николас Иоанну, Георгиос Меркис және басқалар). Ал, израильдік шабуылшы Бен Сахар былтыр беэр-шевалық «Хапоэль» сапында алматылық «Қайратты» еурокубоктан шығарып тастады. 

Трансфермаркт АПОЭЛ құрамын 15 миллион 480 еуроға бағалап отыр. Ең қымбат футболшысы - 1 миллион 600 еуро құны бар иорданиялық 23 жастағы дарынды шабуылшы Муса әл-Тамари. Ал «Қайсар» қатарында бағасы бір миллионнан асатын бірде-бір футболшы жоқ. 

Қызылордалық команданың бар басымдылығы - матчтың Қазақстанда өтетіні. Қос команда ойынды Шымкентте өткізеді. Осы маусымда кез-келген текетірестің тағдыры бір матч қорытындысы бойынша шешіледі. Өткен кезеңде кипрлік ұжым Косовода жергілікті «Гиляни» командасын 2:0 есебімен жеңді. ішкі біріншілікте осы маусымда сәтсіз бастағанымен (2 ойында 1 ұпай), «Қайсар» секілді еуродода ауасын енді сезінгелі отырған команданы АПОЭЛ тәжірбиенің арқасында-ақ артта қалдыруы мүмкін. Әйткенмен, Стойчо Младенов шәкірттерінде қайсар мінез бар. Команданың біріншіліктегі ойын үлгісі да жаман емес. 6 ойыннан кейін 13 ұпаймен кестеде екінші орында келеді. АПОЭЛ қазақ жерінде үш ойын өткізіп бірде-бір мәрте жеңіске жетпегенін, құрамындағы ойыншылардың барлығы дерлік қыркүйектің басындағы ұлттық құрамалар матчына кететін, «Қайсардың» маусым басындағы қарқыны тәуір екенін ескере отырып, қызылордалық команданың келесі кезеңге жолдама алар мүмкіндігі қырық пайыз деп топшылайық. Мойындау керек, жеребе ел кубогының иесіне жолдас болмады. 

 

prosports.kz

485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз