Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қыркүйек, 2020

Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

Бүгін, 5 қыркүйек — Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, түркітанушы, қазақ тілі білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. 2017 жылы Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дүниеге келген.

Ахмет Байтұрсынов 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі.

1896-1901 ж.ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады.

1902-1904 ж.ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысалдарын аударады.

1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, тарихта белгілі Қарқаралы құзырхатын (петициясын) жазады. 1905-1908 ж.ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады. 

1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады. 1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады. 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы жарияланып, «Қырық мысал» кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы «Айқап» журналында «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» т.б. өзекті мақалалары жарияланады.

1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. «Айқап» журналында «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ һәм төртінші Дума» мақалалары жарияланады. «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақ» газетінде «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Шаруа жайынан», «Жер жалдау жайынан», «Земство», «Білім жарысы», «Оқу жайы» т.б. келелі мақалалары басылады.

1913-1918 ж.ж. «Қазақ» газетін шығарып, газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады.

1918-1919 ж.ж. «Алаш» партиясының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді.

1922-1925 ж.ж. Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми- әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады. 

1928 жылы қыркүйекте Алматы Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке кіреді. 4-қарашада «Еңбекші қазақ» газеті «Қазақ университетінің ашылуы» атты құттықтау сөзін, «Емле туралы» мақаласын жариялайды. Мұнда 1929 жылдың маусымына дейін қызмет атқарады.

1931 жылы РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының ең ауыр тармағы бойынша ату жазасына кесіледі, бірақ үкім қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, екінші рет жер аударылады.

1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп жазықсыз атылып кетті. 

190 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Каспий теңізінің жағалауында өрт шықты
Келесі мақала Нұр-Сұлтанда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталды

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *