Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 07 Қыркүйек, 2020

Медицинада оқитын студент – он гранттың иесі

Рахматуллаева Аружан Қанатбекқызы 1997 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің алтыншы курс студенті, дәрігер-интерн. Медицина саласында білім алып жүрген Аружан кәсіпкерлікпен де айналысып, жетістіктерге жетіп жүр. Университетте оқи жүріп, онға жуық мемлекеттік грантқа ие болған оның «Ойlike» атты білім орталығы бар. Аружанның еңбекқорлығы мен талабына сүйсініп, жас кәсіпкермен сұқбаттасуды жөн көрдім.

Аружан Рахматуллаева

– Аружан, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

– Төменгі курстарда оқып жүргенде қатарластарым жұмыс істеп, өзін-өзі қамтамасыз ететін. Оларға қарап іштей қызығатынмын. Бір күні Алматы қаласының жастарға көмек көрсету орталығынан: «Жастар саясатында тоғыз-құмалақтан жаттықтырушы болып жұмыс істегіңіз келе ме?» – деген ұсыныс түсті. Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионы деген дәрежем бар еді. Көптеген мектеп осы сала бойынша шеберлік сабағына шақыратын. Сол себепті бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Жалақысы небәрі жиырма мың теңге болса да, жұмысымды қатты жақсы көретінмін. Уақыт өте келе «Жастар саясатында» беделді кәсіпкерлермен кез-десіп, тәжірибе алмасқаннан кейін, мемлекеттік гранттарды іздестіре бастадым. Бір жылдың ішінде жүз мыңнан бастап, бес миллионға дейін жететін он мемлекеттік қай-тарымсыз грантты жеңіп алдым. Содан кейін: «Бойымда қабілетім бар. Неге кәсіп бастап, жоспар жазбасқа?» – деген ой келді. Солай өзімнің «Ойlike» атты орталығымды аштым. Әрине, бірден үлкен компанияға айналып кеткен жоқ. Ең басында жатақхананың астындағы кішкентай бөлмеде шахмат пен тоғызқұмалақ үйреттім. Көптеген мықты білім орталығы болса да, оқушылар ылғи бізді таңдайтын. Осы спорт түрлері бойынша оқушыларымыз Қазақстанның чемпионы атанды. Солай орталығымыз үлкейді. Бүгінде «Ойlike» зияткерлік орталығының Алматы қаласында екі нүктесі бар. Бір айдан кейін «Саялы» және «Жас қанат» ықшамаудандарында тағы филиалдарымызды ашпақпыз.

– Орталықты ашқанда қиындықтар болды ма? Медицинаны меңгеріп жүріп, кәсіппен айналысу қиын емес пе?

– Әрине, өте қиын болды. Біріншіден, тәжірибем болмады. Екіншіден, кәсіпті жалғыз өзім бастадым. Тіпті, ата-анам да білмеді. Орталығым үлкейгеннен кейін өзім қаланың ортасынан қымбат тұратын кеңсені жалдадым. Балаларды сабақтан кейін алып кетіп, үйлеріне апаратынмын. Ата-ананың жауапкершілігін мойныма алып, жұмысымды қиындатып жібердім (күліп). Сондай-ақ, таңертең сабақ оқып, әртүрлі ауруханада тәжірибеден өтіп, операция жасаймын. Психикалық ауытқулары бар науқастармен сөйлесіп келіп, түстен кейін оқушыларды оқытамын. Бірақ бұл күн тәртібім өзіме қатты ұнайды. Қазір орталық менсіз де жұмыс істейтін жағдайға жетт

– Орталықтарыңыз несімен ерекшеленеді?

– Ата-аналар бізге баласын сеніп тапсырады. Мен орта-лықтағы әр оқушы туралы мәліметті жақсы білемін, ата-аналарымен үнемі тікелей байланыста боламын. Сабақ оқымай кететін, еркелейтін оқушылардың ата-анасымен байланысамын. Осындай сенімділіктің арқасында жыл бойы тұтас курсты оқып шыққан оқушылар болды. Сонымен қатар, тоғызқұмалаққа қатысып жүрген баланың әр сенбі сайын Қазақстан Республикасының чемпиондарымен ойнауына мүмкіндік туады. Ағылшын курсында демалыс күндері шетелдіктермен сөйлесуге болады. 

Қазір балалар онлайн оқып жатыр. Ата-аналарынан ұрыс еститін сәттері де көп. Мен әр нәрсеге ұқыпты қарауға тырысамын. Олардың көңіл-күйін көтеру үшін әрқайсына сыйлықтар жасап қоямын. Біздің орталықта оқу үшін оқушылар тест тапсырып, сұқбаттасудан өтеді. Одан кейін барып оқуға қабылданады.

– Оқушылармен кімдер жұмыс істейді?

– Өзіммен қосқанда алты мұғалім жұмыс істейміз. Әрқайсы өз саласының маманы.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақытымда әлем әдебиетін, мотивациялық кітаптар оқимын. Бизнес идеялар мен жоспарлар жазамын. Тоғызқұмалақ ойнап, жарыстарға дайындаламын.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Оқуымды үздік аяқтап, Қазақстанның мықты дәрігерлерінің бірі болғым келеді. Оқуымды бітіргенше бірнеше сала бойынша кәсіп ашсам деймін. Болашақта да медицинаны кәсіппен байланыстырып, аурухана ашқым келеді. Әрине, ол уақыттың еншісінде.

– Сұқбатыңызға көп рақмет! Мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспін!

Аружан АБСАТАР,
№180 мектептің 11-сынып оқушысы.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №36

198 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Мақсат – бекітілген терминдердің қолданыс аясын кеңейту
Келесі мақала Бас мүфти Елордадағы мешіт құрылысымен танысты

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *