Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 09 Қыркүйек, 2020

Қым-қуыт тірлік қызған шақ

Бүгінде Ақ Жайық өңіріндегі жаздық егін алқабының 72%-ы, яғни 108 мың гектары орылды. Күзгі жиын-терім әрі қарай жалғасуда. Сонымен қатар алдағы жылдың ырыздығы – күздік дақылдар егілуде.

Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқарамасы ұсы­н­ған мәліметке сүйенсек, биыл өңір бойынша егілген дәнді дақылдар алқабы 233 мың гектарды (күздік дәнді дақыл­дар – 81 мың га, жаздық дән­ді дақылдар – 152 мың га) құрады.
Майлы дақылдар 123 мың гектар жерге егілді. Оның ішінде күнбағыс 54 мың гектарды, мақсары 67 мың гектарды құрайды. Биыл майлы дақылдар алқабы өткен жылғы егістік ауданымен салыстырғанда 44 мың гектарға артық егілген. Сондай-ақ картоп, көкөніс-бақ­ша дақылдары 9,2 мың гектарға отыр­ғызылды. Жіліктеп көрсетер болсақ, картоп 4,1 мың гектар, көкөніс 3,4 мың гектар, бақша дақылдары 1,7 мың гектар алқапта өсірілуде.
Қазіргі уақытта 80 мың гектар күзгі дәнді дақылдар толықтай орылып, әр гектарынан орташа өнімділікпен 21 центнерден 168 мың тонна астық алынды.
Тамыздың соңғы онкүндігіндегі мәлімет бойынша өңірде жиналатын 151 мың гектар жаздық дән­ді дақылдардың 108 мың гектар алқабы орылып, гектарынан орташа өнімділікпен 5,6 центнерден 60 мың тонна астық жиналды. 2019 жылдың сәйкес мерзімінде 251 мың гектар дәнді дақылдар алқабынан әр гектарынан орташа 9,9 центнерден 242 мың тонна өнім алынған. Сондай-ақ облыс аумағында картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта облыста 4081 гектар алқапқа отырғызылған картоптың 420 гектары немесе 10%-ы жиналып, әр гектарынан орташа өнімділікпен 139 центнерден 5825 тонна өнім алынды. Картоп жинау жұмыстары Бәйтерек, Теректі, Тасқала және Орал қаласы маңындағы шаруашы­лықтарда қарқынды жүруде.
Диқан қауымы келесі жылдың ырыздығы – күздік дақылдарды егу жұмыстарын бастады. Облыс бойынша 86 мың гектарға күздік дәнді дақылдар егу жоспарланды, оның ішінде күздік бидай 72 мың гектар, күздік қара бидай 14 мың гектар болады. Бүгінгі таңда облыстағы аудандардың ұсынған жедел ақпараты бойынша 19 мың гектар алқапқа (23%) күздік дәнді дақылар егілген. Соның ішінде күздік бидай 18 мың гектарды, күздік қара бидай 1 мың гектарды құрайды. Өңірде егін ору, күздік себу және мал азығын дайындау секілді қым-қуыт тірлік қызған шақ.

Гүлбар Дыбысқали

Батыс Қазақстан облысы

 

520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз