Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 11 Қыркүйек, 2020

Pieper пластиктен қалай киім жасайды?

Күнделікті өмірде пластик қалдықтарын жиі кездестіреміз. Олар көшені, өзен мен көлді, мұхитты ластап жатыр. Пластиктен жасалған заттар ұзақ уақыт шірімей, экологияға зиян келтіреді. Сондықтан қазір пластик қалдықтарын қайта өңдеу маңызды.

Қазақстандықтар да пластик қалдықтарын қайта өңдеп, пайдалы өнімге айналдыруға атсалысып жүр. Соның бірі – отандық Pieper wear компаниясы.
Pieper wear пластикті матаға айналдырып, одан киім, сөмке сияқты өнім жасайды. Жоба авторлары пластиктен жасалған матаның адамға еш зияны жоғын айтады. Ерекше мата туралы жоба жетекшісі Бексұлтан Оразбековтен толығырақ сұрадық.

Пластик өткізгендерге жеңілдік беріледі

«Бұл жоба Enactus халық-аралық байқауы аясында жүзеге асты. Халықаралық ІТ университетінде (ХАТУ) команда құрып, әлеуметтік және экологиялық саланың талабына сәйкес жоба ойлап табуға тырыстық. Бірде пластиктен жасалған киім брендін жасаған ресейлік дизайнер туралы мақала оқыдым. Идея қатты ұнады. Экологияға, қоғамға, бизнеске де ыңғайлы боп көрінді. Біздің елде де осындай жоба жасауға болады деп ойладық. Пластиктен мата өндіретін Pieper wear отандық компаниясы осылай өмірге келді», – дейді жоба жетекшісі.

Жобаны жүзеге асыруға Бексұлтан Оразбековтен басқа Халықаралық ІТ университеті командасының мүшелері Гаухар Ибрагимова мен Дәурен Бексейітов атсалысыпты. Ал жалпы жобаны іске қосқанға дейін жиырмадан астам маман жұмыс істеген. Олар адамдардан пластиктен жасалатын өнім туралы сауалнама алып, сараптама жасап, сенбілікке шығып, шикізат жинауға көмектесіп, басқа да дайындық жұмыста-рын жүргізіпті. Жобаны аяқтап, өндіріске қосарда басшы қажет болған соң Бексұлтан бұл қызметті мойнына алыпты.

«Алғашында жобаны Халықаралық ІТ университеті қаржыландырды. Кейін өз қаражатымызды жұмсап, жобаны дамыттық. Бастапқы кезеңде қажет заттар үшін шамамен 150-200 мың теңге жұмсадық. Кейін жарнама, фотосессия үшін қосымша ақша құйдық», – дейді Бексұлтан.

Pieper wear алғашқы өнімін жасау үшін Alibaba компаниясынан пластикті қайта өңдейтін зауыт сертификатын сатып алыпты. Қазір Қазақстандағы пластикті қайта өңдеу зауытымен келісімге келіп жатыр екен. Pieper wear компаниясы қайта өңдеуге арналған пластик қабылдайды. Тіпті, пластик өткізген адамға пластиктен жасалған өнімді сатып алу үшін жеңілдік береді екен.

Пластикті қайта өңдеу үшін...

Алғашында пластиктен қалай мата жасауға болады деп таңғалдық. Бексұлтан бізге пластикті өңдеу алгоритмін былай түсіндіріп берді: «Әуелі пластиктің қақпағын, сыртындағы жапсырмасын алып тастаймыз. Пластик түріне, түсіне қарай сұрыпталады. Сосын престеп, ұсақ бөліктерге бөліп, арнайы құрылғыдан өткіземіз. Нәтижесінде мата талшықтары пайда болады. Оған сәйкесінше мақта не басқа заттар қосып, мата өндіреміз. Пластиктен жасалған мата синтетикаға ұқсас болады. Дайын матадан жейде (футболка), сөмке, свитшот пен түрлі жапсырма жасаймыз».

Жоба жетекшісі қазір матадан басқа өнім түрін жасау туралы ойланып жүр екен. Команда мүшелері Pieper wear өнімдерін әуелі өздері киіп, тексеріп көрген. Ыстық күнде киіп, жүгіріп, түрлі сынақтан өткізіпті. Қуанышқа орай, ешқандай зияны анықталмады. Адамдарда аллергия болмапты.

«Pieper wear өнімдері Қазақстан нарығында ғана емес, көрші Ресей мен Қырғызстанда да сұранысқа ие. Карантинге дейін шетелден тапсырыс қабылдайтын едік. Қазір тек отандық нарыққа шығарып отырмыз. Сұраныс жоғары. Адамдар саналы түрде экологияға, табиғатқа жанашыр болып келеді», – дейді Бексұлтан Оразбеков.

Жоба жетекшісінің айтуынша, жобаға қызығу-шылық танытып, түрлі шара, конференцияда спикер болуға шақырыпты. Университет студенттеріне де ақыл-кеңес береді екен.

Әлемдегі дамыған елдерде пластикті қайта өңдеу, экология мәселесін шешу үшін түрлі жоба жасалған. Швецияда пластиктің 99 пайызы, Нидерландыда 80 пайызы қайта өңделеді екен. Пластикті қайта өңдеудің де түрлі тәсілі бар. Оның бір бөлігі жабық күйдіріліп, энергия өндіреді. Қалған бөлігі пайдалы заттар жасауға жұмсалады.

Пластик – жол салу үшін таптырмас материал. Пластиктен жасалған жол түрі жағынан асфальттан ерекшеленбейді. Есесіне шірімей, ұзақ уақыт қызмет етеді. Әсіресе. Голландияда пластикке жол жасау өнеркәсібі жақсы дамыған. Пластиктен жасалған жол тегіс, жоғары температураға төзімді келеді, асфальт жолға қарағанда күн сәулесіне жай қызады.

АҚШ-та қайта өңделген пластиктен 1400-ден астам бұйым түрі жасалады. Қытай пластикті өңдеп, одан ойыншық, киім, ыдыс-аяқ өндіреді. Сондай-ақ, көптеген мемлекет өзі өңдей алмайтын пластик қалдықтарын Қытайға сатады. Дамушы елдерде де экология мәдениеті басты назарда. Оған дәлел – соңғы жылдары Қазақстанда экоөндірістің дамуы.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №36

102 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Ләззәт Рысбекова, сенатор: Президент бизнес-климатты жақсарту керектігін айтты
Келесі мақала Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина бағасы қанша болуы мүмкін?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *