Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Қыркүйек, 2020

Полиглот Бағдаттың ағылшынды меңгеру әдістері

Тіл меңгеру – ұзақ процесс. Ол табандылық пен тұрақтылықты талап етеді. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Бағдат Қадіров тек ағылшын тілін ғана емес, әлемнің 8 тілін білетін полиглот. Бағдат Түркістан облысының Кентау қаласында тұрады. 14 жасынан бастап Кентауда тіл курсында ағылшын тілінен сабақ береді. Бір жылдай онлайн сабақ беруді қолға алды. Бағдат шет тілін ешқандай курсқа бармай үйренген. Оған қоса, ВКонтакте әлеуметтік желісінде «Ағылшын тілі. Күн сайын» паблигін жүргізеді. Оған 90 мыңға жуық адам тіркелген. Біз Бағдаттан шет тілін меңгеруге не түрткі болғанын және тіл үйренудің әдіс-тәсілін сұрадық.

– Мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына түсуге құжат тапсырмадым. Өйткені бірден шетелде білім алғым келеді. Лондондағы Оксфорд университетінің халықаралық қатынастар факультетіне түсуді армандаймын. Бір өкініштісі, мектеп бітіргенде ағылшын тілі деңгейін анықтайтын IELTS емтиханын тапсыруға үлгермей қалдым. Сондықтан шетелге оқуға түсу жоспарым орындалмай қалды. Бірақ әр істің қайыры бар. YouTube-тен жабық канал ашып, ағылшын тілін онлайн үйретіп жүрмін. Оған қоса, ана тілімнен басқа орыс, ағылшын, испан, қытай, түрік, француз, португал және араб тілінде еркін сөйлей аламын.

– Өзіңіз ағылшын тілін қалай меңгердіңіз? Не түрткі болды?

– Мен шет тілін меңгеруді 12 жасымнан бастадым. Ешқандай курсқа бармадым. Басында интернетті ақтарғанда, шет тілінде сөйлеген адамдарды тыңдап, таңғалатын едім. Маған олардың басқа тілде сөйлеуі қатты ұнайтын. Тек шетел азаматтары ғана емес, ағылшын тілінде сөйлейтін қазақ достарымның да әсері бар. ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі шет тілінде сөйлейтін адамдарды тауып алып, олармен күнде кез келген тақырыпта сөйлесе бастадым. Кейін тіл үйренушілердің ортақ чатына қосылдым. Ең кереметі – шет тілінде сөйлеуімнің арқасында дауысым да өзгерді.

– Онлайн сабақтан ағылшын тілін қанша уақытта меңгере аламыз?

– Онлайн сабақтың ұзақтығы – бір жарым жыл. Өйткені өзім де бір тілде еркін сөйлеуім үшін шамамен осынша уақыт кетті. Алдымен онлайн сабақтың сілтемесін алу үшін ай сайын 7 мың теңге төлеу керек. Бірақ ағылшын тілін меңгеретін аудитория оқушылар болғандықтан, олар курс бағасын арзандатуды сұрады. Содан курс бағасын 2 960 теңгеге сата бастадым. Әр қатысушы курстың ақшасын төлеген соң, жабық каналдың сілтемесін ала алады. Бір сілтемеде төрт сабақ бар. Егер курс қатысушысы бір жыл видеосабақтарды жібермей оқып, тапсырмаларын орындаса, ағылшын тілінің жоғарғы деңгейіне жете алады.

– Ағылшын тілін меңгерудің әдістерімен бөліссеңіз...

– Кез келген тілді үйренгенде, «сәлеметсіз бе!» «рақмет», «кешіріңіз» деген сияқты қарапайым сөздерді жаттаудан бастау керек. Содан соң сұрақ қойып, түстер мен сандардың айтылуы сияқты ең төменгі әрі жеңіл деңгейінен бастаған жөн. Одан кейін ең маңыздысы – грамматикасыз ауызекі сөйлеуді үйрену қате. Менің курсыма қатысушылар грамматикасыз ағылшын тілінде сөйлеп кеткісі келеді. Бірақ грамматиканы тектен-тек ойлап таппады ғой. Керісінше, грамматиканы меңгеру арқылы тілді тез әрі жеңіл үйреніп алуға болады. Тіпті граммитиканы білу арқылы ойыңызды еркін жеткізе аласыз. Егер ағылшын тілінде сізбен сөйлесетін адам болмаса, айнаға қарап өз-өзіңізбен сөйлесіңіз. Жұмыс істеп жүрсеңіз де, кез келген әрекетіңізді сөйлеп жүріп speaking деңгейін жетілдіруге болады. Мысалы, мен таңғы ас іштім, қазір сабақ оқимын деген сияқты. Көшеде кетіп бара жатқанда, жолыңызда кездескен адамдар туралы ағылшын тілінде айтуға тырысыңыз. Өйткені сіз еңбектеніп, миыңызды ойландырып айтқан сөздер есте сақталады.

– Жаңа сөздерді қалай ұмытып қалмайтындай жаттауға болады?

– Негізі адамдар сөздерді дұрыс жаттамайды. Бір күнде 15 сөзден артық жаттауға болмайды. Тез жаттап алғаннан гөрі, сол сөздерді өмірде пайдалануды ойлау керек. Көп сөз жаттап, миға салмақ түсіріп, содан екінші ұмытып қалуыңыз мүмкін. Әр жаттаған жаңа сөзге сөйлем құраңыз. Тек ауызша құрап қоймай, дәптерге жазу керек. Мысалы, менде әр тілді меңгеруге арналған дәптер бар. Оған күн сайын жазып тұруға тырысамын. «Кирилл Englisher», Ирина ШИ және Айше Борсеитованың каналдарынан үйренгенімнің бәрін дәптерге жазып жүремін. Барынша күніне бір тілге 40 минут уақытымды арнауға тырысамын. Иә, бұл біраз іш пыстыратын әрекет болуы мүмкін. Өзіңізге мақсат қойыңыз. Осы сөзді жаттасам, шоколадпен шай ішемін деп миды алдап қоюға болады.

 Шет тілін фильм арқылы меңгеруге бола ма?

– Тіл үйрену барысында Голливуд фильмдерін көруден бастамаңыз. Бұл мүлдем дұрыс емес. Өйткені Голливуд фильмдерінің көбінде тез сөйлейді. Олардың сөйлеуіне қарап, өзіңіздің шет тілінде сөйлейтіңізге күмәндана бастайсыз. Бойыңызда сенімсіздік пайда болып, мотивацияны жоғалтып аласыз. YouTube хостингінде ағылшындардың Extra атты сериалы бар. Оны Ұлыбританияның ағылшын тілін үйренушілеріне арнап түсірген. Сериалда актерлар да анық әрі асықпай сөйлейді. Оған қоса, фильмдегі сөздер де жеңіл. Субтитрмен көрсеңіз, сөздің қалай дұрыс айтылатынын біліп, жазылуымен салыстыруға болады.

– Ағылшын тілінде өткен тақырыпты қалай ұмытпай есте сақтауға болады?

– Өткен тақырыпты ұмытпау үшін әр тақырыпқа кем дегенде 20 сөйлем құрап, жазып отыру керек. Егер әр тақырыпқа сөйлем құрауға ерінсеңіз, жаңа тақырыпты тіптен ұмытып қаласыз. Содан шет тілін меңгеруге деген мотивация жоғалады. Оған қоса, мәтін аударудың сөздік қорды көбейтуге пайдасы зор. Алдымен ертегі сияқты жеңіл мәтіндерден бастаған дұрыс. Сосын бірте-бірте күрделі мәтіндерге көшесіз. Тіл үйренген кезде өзіңізді қатты қинамаңыз. Керісінше, тіл үйрену сізге шабыт сыйлауы керек.

– Шет тілін меңгерудегі ұсынған әдістеріңізге рақмет! Еңбегіңіздің жемісің көріңіз!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №37

 

220 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Медицинада оқитын студент – он гранттың иесі
Келесі мақала Шертер –домбыра мен қобыздың арғы тегі

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *