Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Қыркүйек, 2020

Жолдауды талқылаудан туған бірер ой

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің жаңадан тағайындалған төрағасы Әділбек Күнесханұлы Қабамен бірге Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұжымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына 2020 жылдың 1 қыркүйегі күнгі «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» деп аталатын жолдауын талқылады. Талқылаудан туған бір-екі ойды бөліссек дейміз.

Біріншіден, тіл мәселесінің ыстық суығын осы салада жүрген ғалымдармен қатар жүріп, бірге көріп келе жатқан Әділбек Күнесханұлы сынды шынайы тіл жанашырының жауапты орынға жайғасқаны құптарлық болды (Қалған шаруаның барлығын – екіншіден десек болғандай).

Төрағаның ең құнды жәдігер, ең бағажетпес байлық та болып саналатын кітапханалар қорындағы кітаптарды сақтауға аса көңіл бөлгені ұнады. Жолдауда «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі» деп аталатын бөлім бар. Бұл біздің қоғамда қарқынды қолға алынып жатқан игі істердің бірі. Жолдауды талдау барысында сөз алған кітапханашы маманымыздың сөзіне қарағанда кітаптарды сандық форматқа көшіру жүріп жатқан үдеріс екен. «BBC World News» спутникті телеарнасынан көріп «Мынау не деген ғажап дүние!» деп сүйсіне көргеніміз бар еді, осы тұста ойға орала кетті. «British Library» Британ кітапханасы құнды кітаптарды қолмен ұстаудан келетін зақымнан және табиғи жолмен көнеруден аман сақтау үшін әлгі қымбат кітапты әйнектен жасалған үстелдің астына салып қояды екен. Үстелдің беті мөп-мөлдір, кәдімгі сенсорлы ұялы телефонды қолданған секілді қажетті тетіктерді басып, парақтайсыз, керекті бетіңізді ашасыз, қажетті мағлұматыңызды аласыз. Еріксіз, қымбат та болса, осындай технология бізге де керек екен деген ой келеді. Оны жасау механизмдерінен көріністер ғаламтор желісінде бар екен. Кітапқа деген, ұлттық құндылыққа деген жас өскіннің қызығушылығын да оятар ма еді?

Келесі ой «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Ердембекұлының ономастика ғылымын дамыту бойынша еліміздегі топонимдердің этимологиясына тарихи-диахронды тәсілмен зер салу мәселесін көтергенінен туды. Аса қажетті, өзекті  мәселе! Уақыт озырмай, ғылыми жобаларды қолға алатын мамандар табыла кетсе игі еді.

 Украин ғалымдары (кей ғалымдары дейікші) «Харьков «қар көп» деген қазақтың сөзінен шыққан, егер шындыққа тіке қарай білсек, біздің шығу тегіміз дешті-қыпшақ, қазақтар» деп жатқанда, біздің өзіміздің әлі күнге дейін өз жеріміздегі қаншалаған жер-су атауларының мағынасын ұға алмай жүрген жайымыз мынау. Тарихтың небір қатпарын артқа салып, енді жалпақ далаға көз тастасақ, «рухани жаңғырмайынша» болмайтынын көреміз.

Бір мысалға оралайық. 2004 жыл болатын. Қостанай облысының Қарасу ауданында «Станция Челгашы» – орысшасында, қазақшасында – «Челғашы стансасы» болып жазылып тұр екен. Ерболат Мақсұтұлы есімді іскер азамат сол мекенге өз шаруаларымен жолы түскенде «қазақша мен орысшаның айырмасы г мен ғ-да екен, қай-қайсысынан да мұның не сөз екенін ұқпадым» деп, сол стансада уақытын босқа өткізбей, іздей бастайды. Көп адамнан сұрайды, адамдар мүлдем бейхабар. Күткен пойызы келіп, орнына жайғасқанда бір қарт кейуананы көзі шалады.  Орайын келтіріп, бұл азамат не де болса осы кісіден жауабын табармын деп сұраса, әлгі қарт ана, «осыны білгің келгеніне, ақиқатын іздегеніңе мың рақмет, балам, өркенің өссін» деп, батасын жаудыра отырып, мынаны айтыпты:

«Бұрын ертеректе бұл ауылда бір төбешік болатын, сол төбешіктің үстінде жапырағы қурап, бұтағы да қалмаған кәрі ағаш болатын, ол ағашқа қарап адамдар алыстан өз жолдарының бағыт-бағдарын бағамдайтын. Әлгі ағаштың пормасы аша іспетті болғасын, оны жергілікті халық «Шолақ аша» деп атайтын еді» депті. Бүгінгі күні «Челғашы» қазақшасында «Шалғышы» болып өзгертілген екен, бұл атау қандай деректерге негізделіп берілді екен? Тағы сұрақ. Зерттеу керек. Тарихи құжаттарды ақтарсақ та, саусақпен санарлық қана қалған көнекөздердің аузынан жазып алсақ та, барлық мүмкіндікті пайдаланып, есім-атауларымызды орнынан тұрғызуымыз керек болып тұр.

Жолдауда айтылған «ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға» тарихи атаулар – іргетас. Ендеше, бұл кезең тек қана іс-қимыл кезеңі емес, төрағамыз талап етіп отырғандай, іс-қимылдан нәтиже күту кезеңі болып тұр.

Нұрсәуле Мақсұтқызы РСАЛИЕВА,

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз