Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Қыркүйек, 2020

Қыргүйек пе , қыркүйек пе?


Сонау Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбиден бері қазақ жазуы өмір сүріп келеді. Уақытпен санасақ бір ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде тілдік нормалар қалыптасып үлгеріп, бір ізге түсіп, бір ережеге бағынуымыз керек емес пе еді? Өкінішке қарай, олай емес. Пәлембайыншы жылғы сөздікте мынадай, Түгенбайдың айтуынша былай деп дауласамыз да жатамыз.

Сондай даудың бірі біраз жылдан бері сөз болып жүрген —қыргүйек. Жыл сайын сабақ басталғанда осы сөзді қалай жазарымызды білмей сансыраймыз. Білім саласында басқа мәселе жоқтай осыған бас қатырамыз. Екі жағаға бөлініп ұрысамыз. Дайрабайдың сиыры құсап, осы қыргүйек деген қайдан шықты?

"Бұл – жазылған сөзді сол қалпы айнытпай оқып, қазақ тілінің орфоэпиялық нормасының бар екенін білмейтін дикторлар мен журналистер шыға бастаған 90 жылдардағы қазақ сөзінің бұзылған сазына тосқауыл қоямын деген академик Рабиға Сыздықтың қаракеті еді",—депті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Құралай Күдеринова мақаласында.

Әрі қарай осы жазбадан тағы үзінді келтірейік:

"Рабиға Сыздық біраз жылдан кейін «Қазақ тілінің негізгі емле ережелеріне» өзі бас болып түзетулер мен толықтырулар енгізді. Ереже  2001 жылы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» жарияланды.

Онда «Тұлғасы өзгертіліп барып біріккен сөздер қосылып жазылады. Мысалы: ...қыстыгүні, ашудас, ерғашты, жарғанат, қарағаш, алтатар, көгөніс, қыргүйек, шегара, көгала»  деп көрсетті.

Бұл қатардағы 5-6 сөздің жұртшылық үйреніп кеткенше екі формасы да дұрыс деп табылсын деді",— осы мақалада.

Бірақ 2007 жылғы «Орфографиялық сөздікте» қыркүйек, шекара, көкөніс сөздерінің түбір тұлғасы сақталып беріліпті.

Ал қыргүйек деген нұсқаны қолдайтын ғалымдардың уәжінше, қазақтың жазуы ауызекі тілге негізделген, яғни қалай айтсақ солай жазуымыз керек.

Негізі қай нұсқаны алсақ та, әдеби нормаға жауапты ғалымдар әр сөздікті өзгертіп жазып түлкібұлаңға салмай, бірізділікке түсірсе екен. Әйтпесе, әркім өз қатесін арашалап алатындай жағдай болып тұр.

Сіздер қалай жазып жүрсіздер, жалпы не дейсіздер бұл туралы?

Элеонора Жаңабергенқызы

Журналист

 

296 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала Испанияның докторы «Достық» орденімен марапатталды
Келесі мақала ӘБІЛФАЙЫЗ ЫДЫРЫСОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Айзер

17 Қыркүйек, 2020

Қыркүйек деп жазып үйреніп кеттік. Қыргүйек деп жаза алмаймыз. Тіл мамандары нақты тұжырым жасауы керек.

Хасен

20 Қыркүйек, 2020

Қыркүйек сөзі дұрыс сияқты. Сөздің мағынасына да мән берген дұрыс.