Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 18 Қыркүйек, 2020

Инвестиция мен күрделі қаржы жұмсалымы неге өзгеше?

2020 жылдың қаңтар-шілдесінде кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласындағы негізгі капиталға инвестициялар 20,9 млрд теңгені – 2019 жылдың осындай кезеңіне қарағанда (НКИ –нақты көлем индексі –52,1%) 46,8%-ға аз мөлшерді құраған. Мұндай мәліметтерді finprom.kz өз сайтында жариялап отыр.

 Салыстырар болсақ: сектордағы күрделі қаржы жұмсалымдары 2019 жылдың қаңтар-шілдесінде 39,3 млрд теңгені құрапты – бір жыл бұрынғыдан 1,9 есе көп.

Аймақтарға шаққанда мейлінше көлемді салымдар Алматы (26,1%)еншісінде – 5,5 млрд теңге, сонда да бұның өзі бір жыл бұрынғыдан бірден 3,9 есе аз.

Кезекті төрттен бірі (25,6%) Атырау облысына бұйырыпты: 5,4 млрд теңге, бұл ретте мұндағы көрсеткіш 2019 жылдың қаңтар-шілдесіне қара­ғанда 2,3 есе артық. Аймақтардың үздік үштігін астанамыз түйіндейді: 2,5 – бұдан бір жыл бұрынғыдан 2,7 есе кем.

Осы сектордағы капиталдық ин­вес­тициялардың айтарлықтай өсімі Павлодар облысында тіркелген: 1,4 млрд теңгеге дейін, 12,1 есе артық. Кәдуілгідей қысқару Шымкентте байқалған: 24,1 млн теңгеге дейін азайып, көрсеткіш былтырғыдан 26,5 есе кем түсіпті.

Кәсіби, ғылыми және техника­лық қызметті қаржыландырудың негізгі көзі – меншікті қаражат болып отыр: инвестициялық портфельдің 89,7%-ы  немесе 18,7 млрд теңге, өткен жылғы көрсеткіштен екі есе аз.

Жергілікті бюджеттен секторға 216 млн теңге инвестиция салынған – бір жыл бұрынғыдан 13,1%-ға көп. Банктік кредиттердің 12 млн теңгесі – 2019 жылға қарағанда 15,9 есе аз жұмсалған (1-инфографика).

1-инфографика

Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі 2021-2023 жыл­дарға арналған салалық ғылыми зерттеулерді бағдарла­малық-мақсатты қаржыландыруға байқау жариялады, деп хабарлайды Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті. Байқау мынадай бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша өткізіледі: геология, минералды және көмірсутегі шикізатын өндіру мен қайта өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен құрылмалар; өмір мен денсаулық туралы ғылым.

Ғылым саласын дамыту туралы Мемлекет басшысының осы айдың басында халыққа арнаған Жолдауында:  «Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағы­лымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындар­дың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қара­жаты», – деп атап айтты.

Демек, өз еліміздегі ішкі мүмкіндік­терді тиімді пайдаланып, озық технологиялар мен ғылым жетістіктерін өз қаржы-қаражаттарымызбен экономикамызды дамытуға әбден болады. Президенттің соңғы  Жолдауы шын мәнінде осы мәселелерге жете мән беруге жұмылдырады десем, қателеспес едім. Енді білім саласына қаншалықты көңіл бөлінетініне зер салайық.

 БІЛІМ БЕРУГЕ КҮРДЕЛІ ЖҰМСАЛЫМДАР 9%-ҒА АРТҚАН

 Ағымдағы жылдың қаңтар-шіл­десінде білім беру саласына ауда­рыл­ған күрделі қаржы жұмсалымдары 101,3 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылдың осындай кезеңінен – 9,2%-ға (ИКО – 108,4%) артық деген сөз (2-инфографика).

2-инфографика

Сонымен бірге елдің күрделі қаржы жұсалымдары жалпы сомасының білім беру саласына инвестициялар үлесі де өскен.

Айта кету керек, еліміздегі инвес­ти­ция­лардың жалпы сомасы өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 3,2%-ға (ИКО – 94,8%) төмендеген, сөйтіп нәтижесінде 6,1 трлн теңгені құраған.

Инвестициялардың неғұрлым мол көлемі оңтүстіктегі аймақтарға тиесілі. Күрделі қаржы жұмсалымдарының ең ауқымды көлемі Алматы облысында байқалған: 15,5 млрд теңге – былтырғы тиісті кезеңнен (8,8  млрд теңге) 75,6%-ға көбірек.

Инвестицияларының неғұрлым көп сомасымен көшбастаушы аумақ­тардың үштігіне сондай-ақ Алматы қаласы (14,5 млрд теңге) және Түр­кістан облысы (8,8 млрд теңге) енген.

Топ-5 үздіктерді Нұр-Сұлтан қаласы (7,5 млрд теңге) және Жамбыл облысы (7,3 млрд теңге) түйіндейді.

Білім беру саласына инвестиция­лар өсуінің негізгі себебі жергілікті бюджеттерден бөлінген қаржылар­дың көлемі – 2 еседен көп, 75,1 млрд теңгеге дейін артқан.

Сонымен қатар күрделі қаржы жұмсалымдары банктердің кредиттері есебінен де өскен. Мәселен, 2019 жылдың жеті айында кредиттер сомасының барлығы 375 мың теңге болса, ал ағымдағы жылдың осындай кезеңінде олар 1,9 млрд теңгеге дейін артқан.

Өз кезегінде, меншікті қаражаттар есебінен инвестициялар соңғы бір жылда 33,6%-ға қысқарып, 16,3 млрд теңгені құрапты, ал республикалық бюджеттен бөлінген қаржы бірден 75,8%-ға, 8,1 млрд теңгеге дейін қысқарған (таблица).

Таблица

Дегенмен, нақ осы білім беру саласына айтарлықтай көңіл бөлінуі қуантады, ондаған жылдар бойы реформалардан көз ашпай қойған министрлік енді қаржыны байыпты игере  алатынына сенім артқымыз келеді. Қалай десек те, білім мен ғылым – егіз ұғым және олар бір-бірінсіз еш ілгерілей алмасы анық, осы ескерілсе құба-құп, әрине.

 Исатай ҚАМБАРОВ

446 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Елімізден ақша жылыстауы артқан
Келесі мақала Қазақстанда ислам банктің даму жайы қандай?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *