Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 19 Қыркүйек, 2020

Мұхамедәли Болатұлы, диктор: Дауысты «тәртіпке келтіруге», түзеуге болады

Адам дауысын музыкалық құралға теңесек, әр адамнан әртүрлі дыбыс шығатыны анық. Аспапты қалай күйге келтірсек, дауысты да солай икемдеуге болады. Оның күйін келтірмесе, орындалатын әуеннің сапасы нашарлайды. Сәйкесінше, адамның да дауысын, сөйлеу техникасын дұрыстау арқылы көпшіліктің көңілінен орын табуға болады. Оны не үшін айтып отырмыз? Біздің кейіпкеріміз Мұхамедәли Болатұлы да қоңыр үнімен көпшіліктің көңілінде жатталған білікті маман. Ол Мәскеу қаласында 109 диктор қатысқан халықаралық байқауда «Левитан» атындағы жүлдені жеңіп, ТМД елдерінің арасында үздік 5 диктордың қатарына қосылған «алтын дауыс» иегері. Кейіпкеріміз «Ақ желкеннің» оқырмандарына дикторлық сала, дауыс қою туралы айтып берді.

– Кезінде Гитлер «Говорит Москва» деп радиодан саңқылдаған Левитанның даусынан өлердей қорыққан деседі. Осыған қарап-ақ дауыстың қандай күшке ие екенін білуге болады. Айтыңызшы, қазіргі адамдар дауыстың күшіне қаншалықты мән береді? Диктор мамандығына сұраныс қай деңгейде?

– Дикторлық өзге мамандықтарға қарағанда өнерге жақын сала. Диктор – шығармашыл адам. Олар туралы әңгіме аңыз бен ақиқатқа өріледі. Левитандар өмір сүрген Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде радио соғысы болды. Ағылшын елінде де Боб Кингсли деген радиожурналист, комментатор болған. Ол да фашистік Германия әскерімен соғыста көп еңбек сіңірген. Гитлер Левитанның басына әлдеқайда көп көлемде бәс тігіпті деген әңгімені кейінгі осы саланы зерттеушілер жоққа шығарып отыр. Соғысып жатқан адамның бір дикторда өші кетіп, соның ғана көзін жоюға өршелене ұмтылуы бос әңгіме дейді. Дегенмен сол Екінші дүниежүзілік соғыста шабуыл да, қорғаныс та ең әуелі радио арқылы жасалған. Алайда бұл сол кезде көп еңбек еткен дикторларды жоққа шығару деген сөз емес. Олар көп адам көтере алмайтын жүкті арқалады, тылдағы адамның жүрегіне тыныштық сыйлады, майдандағы сарбаздың көңіліне сенім ұялатты. Ал қазіргі жағдайға келетін болсақ, дауыс қашан да құнды дер едім. Дауыс әр адамның құжаты іспетті. Адам даусын құжатқа жазу ежелгі Қытай өркениетінде, кейінгі XX ғасырға дейін Италия қоғамында болған екен. Қай салада болса да, XXI ғасырда бір адамның бойында бірнеше қабілет қатар тұрса ғана көпшілікті қызықтырады. Сол қабілеттердің ішінде бар дикторлық та үлкен маңызға ие деп айтуға болады. Біздің дәуірімізде бұрынғыдай адамдардың тілі, түрі емес, білімі, қабілеті маңызды саналады. Тап сол өткен ғасырдағыдай дикторлардың өнері қазір бағалана ма десек, оған «жоқ» деп жауап бере аламыз. Себебі қазір ақпарат құралы өте көп. Көбейген сайын аясы да кеңейе түсті. Сол себепті дауыс бұрынғыдай құндылыққа ие емес. Қазір диктор деген мамандықтың өзі жоқтың қасы. Барлығын жүргізуші деп бір атаумен айтады. Бәлкім сапа да өзгерген шығар. Одан бөлек елдің ақпаратты қабылдау тәсілі де басқа деңгейге өтті.

микрофон

– Кез келген дауысты әсемдеп, құбылтуға бола ма?

– Дауыс бала күннен бапталады. Мектеп қабырғасында оқитын оқушылар дауысын сол кезден бастап шыңдағаны абзал. Кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Әріп танымай тұрып мәнерлеп оқуға машықтандым. Мектепке келгеннен кейін сахнада жүрдім, өлең оқыдым, бағдарламалар жүргіздім, көркемсөз оқуларына қатыстым. Осының барлығы адамды шыңдайды. Жалпы дауыс қою дегенге ел-жұрт қарсы боп жатыр. Дауысты шыңдауға, түзеуге болады, бірақ қойылмайды дейді. Мұны адамның тіл мүкістігінің қаншалықты деңгейде ауыр немесе жеңіл екеніне байланысты қалыпқа келтіруге болады. 42 әріптің барлығын айта алатын жан дауыстың деңгейін білу үшін айдан аса жұмыс істеуі мүмкін. Себебі дауыс бұлшық етке тікелей қатысты. Жалпы алты айда адам өзін шыңдай алады деген пікір бар. Ал біз мұны маман ретінде төрт жыл оқыдық, соңына түстік. Жүзуді үйренем деген жанға сол спортты бүге-шігесіне дейін білудің қажеті жоқ қой. Сол себепті ол адам жүзуді, малтуды үйренуге аз уақытын жұмсайды. Дәл сол сияқты бір айдан астам уақытта дауысты әсемдеуді де үйренуге болады деп ойлаймын.

– Дауысты түзеуге қанша уақыт кетеді?

– Дауысты «тәртіпке келтіруге», түзеуге болады. Дауыс тірі ақыл иесінен шығатын болғасын тәртіпке көнеді. Әнші ән айтып тұрған сәтте әнді қалай құбылтам десе де өз еркінде. Әнді өзінің ыңғайына келтіріп шырқаса, дауысты да солай құбылтуға болады. Дауыста бояу болады. Ахмет Байтұрсынов атамыз «Әдебиет танытқышта» адамзат баласына бақ боп қонған бес өнер жайлы айтады. Сол бес өнердің ішінде сөз өнері бар. Сол жерде дауысқа да ерекше мән береді. Бояу, түрлендіру, түс беру өзге өнерге қарағанда әлдеқайда құнарлы, әлдеқайда терең өнер екені айдан анық. Сондықтан адам даусын көркемдеуге, құбылтуға еш кедергі жоқ.

 

– Тез сөйлейтін адамдардың сөйлеу мәнерін қалай түзеуге болады?

– Кейбір адамдар баяу қимылдайды, баяу сөйлейді, ал кейбір жандардың екпіні қатты келеді. Адамның тез сөйлеуі, тез қимыл-әрекет жасауы оның биологиялық ырғағына байланысты. Сол ырғақты қою үшін де өзіңіздің ырғағыңызды қалыпқа келтіруіңіз керек. Оның арнайы жаттығулары бар. Тез сөйлеу үлкен кемшілік емес. Адамның өн бойындағы қателіктерді түзеуге болады. Адамның психологиясы, мінезі өзгерсе, көп дүние өзгереді. Жоғарыда айтқан биологиялық ырғақ та осыған тікелей қатысты.

– Дикторлар дауысын, тамағын, жалпы денсаулығын үнемі күтіп-баптайтын болуы керек. Сіз даусыңызды қалай күтесіз?

– Маған «неге сағыз шайнамайсыз?» деген сұрақ жиі қойылады. Мен 7-8 жылдан бері сағыз шайнамаймын. Сағыз, біріншіден, тіске көп күш түсіреді. Шекілдеуік шақпаймын. Үнемі жылы киінуге тырысамын. Тіпті жаз айларында да жеңі ұзын киім киемін. Мойны бар, тамақты жауып тұратын киімдерді киіп жүремін. Жейде кисем де, күрте кисем де, оның қос қабатты болғанын қалаймын. Адам өз дене қызуын қадағаланы абзал. Бұл дауысқа тікелей қатты әсер етеді. Медиа саласында жүрген әріптестерім жақсы біледі, үнемі суыққа мән беріп, күтініп жүремін. Тістің бүтіндігі дикцияда әр әріптің анық, дұрыс шығуы үшін өте маңызды. Жас маман боп жүрген кезімде тамақты бу арқылы ингаляция жасап, көп уақыт үндемей жүріп күтінетінмін. Бұл дыбыс аппараттарына күш түсірмеу үшін қажет.

– Ең бірінші оқыған мәтініңіз есіңізде ме?

– Маман ретінде оқыған ең бірінші мәтінім Дамир Манабайдың «Кек» фильмі болды. 2005-2006 жылдары 1-курс оқып жүрген кезім еді. Осы фильмді дыбыстауға «Қазақфильм» киностудиясына жас мамандарды шақырды. Сол жерде қателеспесем, Андрей есімді ағай біздің дыбыстауымызды тыңдап отырды. Ол кісі менің дауысымды ерекше ұнатып, алдағы уақытта да келіп тұруымды өтінді. Оған арнайы ақы төленген жоқ, дауысы дубляжға келеді-ау деген жас мамандарды іріктеп алды. 3-курстың басынан бастап Ұлттық арнада Тоқтарбек Қамшыбай, Шәрипа Сақтаған есімді ардагер дыбыс режиссерлерімен бірге еңбек еттім. Ол кезде Қайрат Әділгерей, Абай Досжан, Азамат Шарғын деген ағаларым бағыт-бағдар беріп, жол көрсетті. Дубляждан кейін радиоға бардым. Кейін тілшілік бағытты таңдап, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, сол жерде білім алдым. Ары қарай бұл саланы зерттеп, Мәскеуде дикторлықты оқып келдім.

– Сіздің даусыңызды YouTube хостингіндегі роликтерден, кейбір деректі фильмдерден естіп жүрміз. Радиодан бөлек қандай мәтіндерді оқисыз? Қайсына сұраныс көп?

– Әлеуметтік желі, ғаламтордағы бейнетаспаларды көрсететін түрлі арналар, платформалар, сайттар – кең, ауқымды алаң. Соның барысында ең көп жасалатыны – жарнама. Оған сұраныс көп. Қазақстанда жарнаманы дыбыстайтын бірнеше маман бар. Өзім деректі фильмдерді жиі дыбыстаймын. 2013 жылдан бастап фильмдерді, мультфильмдерді түрлі үнде дыбыстауды тоқтатқандай болдым. Әрине, түбегейлі емес. Тапсырыстар болғанда жеке рөлдерді оқып жүрдім. Ал енді көпбөлімді сериалдарды, фильмдерді дыбыстауға түбегейлі кеткен жоқпын. Себебі өзімнің дауыс құбылтпай, тек деректі фильмдегі мәтінді оқимын деген талабым болды. Осы ұстанымда болғаннан кейін де маған деректі фильм мәтіндерін оқуға ұсыныс көп түседі. Бұл – бір. Радиодан бөлек әлеуметтік роликтердің мәтінін оқуға тапсырыс соңғы уақытта көбейді. Негізі дыбыс саласындағы жандардың ХХІ ғасырда сұранысы артып тұрған бағыты – жарнама. Әлеуметтік желіге жарияланатын 10, 33, 22, 40, 55 секундтық жарнамалық роликтер бар. Оның да дыбысталуы көпшілікті қызықтырады. Сондықтан осы салада сұраныс болады. Алайда менің негізгі бағытым, ардагер болғым келетін, басқа бағытқа ауысқым келмейтін сала – радиожурналистика және соның ішіндегі дикторлық.

 

– Қандай мәтінді оқымайсыз?

– Бұл да көпшіліктің көкейіндегі сұрақ. Әркімнің өз ұстанымы бар. Мамандық та соған сай болса, өте жақсы. Адамдарды алдайтын, артында қулығы бар дүниелерге бас сұқпауға, оны дыбыстамауға тырысамын. Оның бірі – несие. Үстемақысы, өсімі бар жарнамаларды, букмекерлік кеңсе немесе бәс тігу арқылы пайда табуды көздейтін жарнамаларды оқымаймын. Әрине, оқылмайтын мәтін көп. Ең бірінші мәтінге көз жүгіртіп, мазмұнына қараймын. Сол жерде ұстанымыма сәйкес келмейтін дүниелер болса, бірден бас тартамын. Көбіне танымдық мәтіндерді оқығанды, деректі фильмдерді дыбыстағанды жақсы көремін.

– Құпия болмаса, бір мәтінді оқу құны қанша?

– Қазіргі оқып жүрген мәтіндеріміз құпия. Табыс әркімде әртүрлі. Кейде жобаның өзінің бағасы әртүрлі болады. Бір жобаның жұмысы көп, бірақ бағасы арзандау, ал енді бір еңбектің оқылуы оңай, дегенмен бағасы жоғары болады. 4-курс оқып жүргенде 1000 доллар көлемінде тапсырыс түсті. Ол кездің курсымен есептегенде 1000 доллар өте қомақты ақша. Оның үстіне ол тапсырысқа байқау жарияланды. Бірнеше диктор осы байқауға қатыстық. Құдай оңдап, таңдау маған түсті. Сөйтіп соны дыбыстап, қомақты ақша алдым. Қателеспесем, ол мәтін 27 секундтық жарнама болатын. Ал қазіргі оқып жүргеніміз одан да көп. Соңғы он жылда кітаптардың аудио нұсқасын жасау кең тарады. Ең көп алатынымыз осы кітаптарды дыбыстауда болып отыр. Мұның нақты бағасы құпия боп қалсын. Дикторлық салаға барғысы келетін жастарға айтарым – кітапты оқу, мәтіннің иірімдеріне, жазушының құбылтып жазған көріністеріне, сөзбен суреттеген бейнелеріне ерекше мазмұн бере алсаңыз, жақсы маман атануға болады. Сондықтан кітапты аудиолау – бізден кейінгілерге де азық болатын кең көлемде «игерілмеген алқап» деуге болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазып алған
Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы,

 

201 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала Лира Қоныс: Ағылшын тілін үйрететін оқулықтың авторымын
Келесі мақала Мolekula арт-терапия орталығын ашқан Айзада

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Jusdhsdg

05 Қазан, 2020

<a href=" http://edpillscanada24.com/# ">legal to buy prescription drugs without prescription</a> viagra without a doctor prescription legal to buy prescription drugs from canada - http://edpillscanada24.com/

Cjsdds

07 Қазан, 2020

<a href=" http://tadal24ph.com/# ">30 day cialis trial offer</a> viagra or cialis cialis 20 image https://cialisfavdrug.com walgreens price for cialis 20mg