Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 20 Қыркүйек, 2020

Оқушыларға құқықтық білім мен тәрбие беруді жетілдіру

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасында: «Басты рөл білім беру ұйымдарының педагогикалық ұжымына беріледі, ол білім алушылардың "моральдық компасты" – дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімін және бақытты өмір сүруге қажетті берік мінез-құлықты бойға сіңірудегі пайымын айқындайды мен  көшбасшылық қасиетін қамтамасыз етеді»  деп атап көрсетілген.

          Осыған байланысты мектепте оқушыларға сапалы құқықтық білім мен тәрбие берудің маңыздылығы үлкен.

         Мектепте құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмысының жүйесі білім беру технологияларын, оқу іс-әрекетінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды, жеке тұлғаға бағдарланған амал, жобалар әдісі және т.б. қолдану арқылы жүзеге асырылады. Тәрбие жұмыстарында өткізілетін іс-шаралар бағыттары белгіленіп, педагог мамандармен, ата-аналармен, қосымша білім беру жүйесі, қоғамдық ұйымдармен жүргізілетін жұмыстар жоспарланады және жоғары оқу орындарымен өзара байланысқа құрылады.

   Құқықтық тәрбие - әр түрлі жоспарланған қажеттіліктердің (жеке, топтық, қоғамдық)  арасында  үйлесімділікті құру. Мысалы, азаматтық қызмет ету мен рухани жағынан өзін-өзі жетілдіру.

       Құқықтық білім мен тәрбие беруде тек танымдық ғана емес, эмоциональды-құндылық аспектісін пайдалануға бағытталған инновациалық оқыту және тәрбиелеу формаларын енгізу қажет. Адам құқығын үйретудің алғашқы сатылары өзін-өзі анықтаудың үлгілі дамуына, демократиялық  құндылықтарды  және әртүрлі мәдениетті меңгеруге негізделген.

         Мектепте құқықтық тәрбие жұмысы бастауыш сыныптан бастап, белгілі бір жүйелілікпен ұйымдастырылған түрде жүргізілуі тиіс. Әрине, құқықтық тәрбие тиімді нәтиже беру үшін оқушылардың жасын, психологиялық ерекшеліктерін, әр баланың жеке басының қасиеттерін ескеру абзал. Сондықтан, ғалым Ғ. Сапарғалиевтің пікірінше, құқықтық тәрбие беру жұмысы бірнеше сатыға бөлінеді: 1-4 сыныпта, 5-7 сыныпта, 8-9 сыныпта, 10-11(12) сыныпта. Сатыдан сатыға көшкенде құқықтық тәрбие күрделеніп, тереңдей береді. Оқушылардың құқықтық сана сезімін қалыптастыруда бір сатыда қол жеткен табыс келесі сатыда баянды етіліп, молая беруі тиіс. Соңғы сатыда (10-11(12) сыныпта) құқықтық тәрбие берудің мынадай міндеттері бар:

  • Мемлекет заңдарының сан алуан күрделі қоғамдық қатынастарды қалыптастырып, реттейтін құдіретті құрал екенін түсіну;
  • Орта мектепті бітірген соң өзі таңдап алған әлеуметтік өмір саласын реттейтін заңдардың негізін білуі шарт;
  • Жоғары сынып оқушылары мемлекет, қоғам ісін басқаруға дағлынуы, үйренуі керек. Мұндай дағдыны бойға сіңіру, әдетке айналдыру үшін әрбір оқушы мектептегі, мектептен тыс оқу тәрбие, қоғамдық жұмысқа белсене қатысуы керек.
  • Әрбір оқушы өзін өмірге даярлап, мектепте белгілі бір мамандыққа үйренуіне жол ашылады. Демек, оның қоғамға пайдалы еңбекке дұрыс қарауы, өнімді еңбекке құштарлығы, еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауы еңбектік қатынастарды реттейтін заңдарды орындаудың негізі.

         Оқушының құқықтық білімді қабылдауын, түсінуін  қамтамасыз ету үшін мұғалім оқушыларға құқықты зерттеудің жалпы жұмыстары, осыған байланысты жағдайларды талдау, өз көзқарасын білдіру, басқаларды тыңдай білу, бірігіп шешім іздеу, өз тәжірибесін қорыту, рольдік ойындар, өз тәжірибесін талқылау, нәтижесін шығару сияқты тапсырмалар береді. Сонымен қатар фронтальды оқыту, карталармен, сызбалармен жұмыс, аз топтармен жұмыс, «ой шабуылы», пікірталастар, дебаттар, соттар, рольдік ойындар, модельдеу, эссе, шығарма, мақала, баяндама, және интервьюлер жазу, өмірдің нақты жағдайларын талқылау, заңдық ақпараттар жинау және баспасөз материалдарымен жұмыс, сұрақтар дайындау, мектептік конференциялар, құқық қорғау органдарына бару, дәлелдердің тізімін жасау, суреттермен және диаграммалармен жұмыс, комментарийлар жазу, жобаларға қатысу, викториналар, олимпиадалар, аукциондар өткізу әдістерін де қолдануға болады. Бұл әдіс-тәсілдер білімді оқушылардың тәжірибесіне негіздеп талдау, оның шешімін бірігіп іздеуге бағытталады.

        Мектептерде құқықтық қолдау  орталықтарын құрудың үлгісіне тоқталайық. Орталықтың негізгі қағидалары: әрбір құқықтық кеңес сұраған адамның  кез келген ақпаратты алу мүмкіндігінің  болуы.

      Орталықтың іс-әрекетін қамтамасыз ету үшін қажеттіліктер: заңдық ақпарат банкі  (электрондық нұсқада), құқық тақырыбындағы газет, журналдардағы мақалаларды топтау, өмірдің қиын жағдайына қалған оқушыларды қолдау мекемелері мен қызметтері туралы ақпараттар; ақпараттық-анықтамалық материалдар (нормативті-құқықтық  актілер, заңдық анықтамалықтар, психологиялық көмек қызметінің тізімдері т.б.);  оқушыларға құқықтық тәрбие берудің әдістемелік құралдары ( жадынамалар, ұсыныстар, құжаттардың үлгілері, «Интернет» желісінен тақырыптық материалдарды талдау т.б.).

        Дәстүрлі ағартушылық іс-әрекеттің түрлерімен қатар (дәріс оқу, әңгімелесу, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу) оқушыларды әлеуметтік белсенділік пен қызығушылыққа ынталандыратын  интерактивті түрлерін: тренингтер, рольдік ойындар, пікірталастар, зерттеушілік іс-әрекетке қатысуды қолданған дұрыс. Оқушыларда пікірталас  әдістері көп қызығушылық тудырады: еркін пікірталас (ток-шоу, «дөңгелек үстел», диалог), регламенттелген пікірталас (диспут, айтыстар, дебаттар).

       Дебаттар – бұл әр түрлі тақырыптарға дайындалған пікірталастардың жүйесі. Әділқазылар алқасын өздерінің дұрыс пікірде екенін және шешендік өнерде тәжірибесін дәлелдеу үшін  екі команда аргументтері мен қарсы аргументтерін алып шығады. Дебатты жүргізу техникасын зерттеу оқушыларға тіл байлықтарын дамыту мен шешендік қасиетті, қарым-қатынас дағдысын меңгеруге керемет мүмкіндік жасайды. Дебаттар логикалық және сыни ойлауын, өз ойларын жинақтау дағдысын, ауызша сөйлеу дағдысын, әр түрлі көзқарастарға түсінік пен төзімділікті, өзіне сенімділікті, топта жұмыс істеу қабілетін, мәселенің өзегін таба білуді, көпшіліктің алдында сөйлеу стилін дамытады.

Пікірталастың көптеген әдістері бар. Оған мыналар жатады:

       «Сарапшы топтың отырысы» басында белгіленген мәселе топтың барлық мүшелерімен талқыланады, содан соң олар өз көзқарастарын, ұстанымдарын  сыныпқа баяндайды. Талқылауға төраға сайлаған 4-6 адам қатысады. Әр қатысушы міндетті түрде сөйлейді, бірақ белгіленген уақыт шеңберінен аспауы керек.

       «Дөңгелек үстел» топтағы 5-6 адам тең қатысатын әңгімелесу, осы кезеңде  басқа оқушылар оларды тыңдайды және  пікір – нақтылау – сұрақ моделі бойынша «Синтез» таблицасын толтырады. Әрбір 5 минуттан соң талқылау тоқтатылып, сынып оқушылары топ мүшелеріне сұрақтар қояды, осылайша пікіртасқа бағыт бере отырып, тереңдетеді.

       «Форум» - «дөңгелек үстел» отырысына ұқсас талқылау. тек бұл жағдайда топ оларды ойландыратын барлық мәселелер туралы белгілі бір ұсыныстар беріп, сынып оқушыларымен талқылайды.

       «Сот отырысы» - сот талқылауын (істі қарау) бейнелейтін  талқылау.

Пікірталас сұрақтары мен мәселелерді  талқылау көбіне жеке сенімге қатысты болады, сондықтан көңіл-күй жағдайларын туғызады, бұл педагогқа қиындық әкеледі.

Пікірталас мәселелерімен жұмыс істеу ережелері:

  1. Тақырып елдің, аймақтың қоғамдық өміріне өзекті, сонымен бірге оқушылардың қызығушылығын туғызатындай, олардың жас ерекшеліктері мен әлеуметтік статусын ескеретіндей болуы тиіс.
  2. Пікірталасқа дайындық барысында оқушылар оқуға тиісті әдебиеттер тізімін немесе материалдар дайындаңыз.
  3. Пікірталасты жүргізу әдісін таңдаңыз. Талқылауды бастаудың үлгілерін ойластырыңыз.
  4. Талқылауды бағыттау және сыныптың зейінін шоғырландыруға көмектесетін сұрақтар тізімін әзірлеңіз.
  5. Талқылау сұрақтарын белгілегенде бейтараптықты сақтаңыз.
  6. Пікірталасты өткізу ережесін оқушылармен бірге дайындаңыз. (мысалы, адамдарды емес, айтылған ойларды сынаңыз, сөз сұрау үшін қолдарыңызды көтеріңіз, бір-бірлеріңіздің сөздеріңізді бөлмеңіз, бір уақытта сөйлемеңіз, басқаның пікіріне келіспесеңіз де алдымен тыңдаңыз,тақырыптан ауытқымай, қысқа сөйлеңіз т.б.). Пікірталас өтіп жатқанда өзіңізге қысқа нұсқаулар жасаңыз, ол қорытынды шығаруға көмектеседі.
  7. Вербальды емес белгілерді – талқылауды тоқтатпай-ақ басқаруға көмектесетін ымдау мен бас изеуді белсенді пайдаланыңыз.
  8. Пікірталастың баяулаған белгілерін бақылаңыз. Егер пікірталас өрбімесе, тапсырманы өзгертіңіз.
  9. Қорытынды шығаруға үнемі уақыт қалдырыңыз. Пікірталасты қорытуға арналған сұрақтардың үлгілері: Екі жақтың барынша сенімді дәлелдері қандай? Егер осы тізім бойынша сұрақтар туындаса қай жерден ақпарат алуға болады? Егер осы тақырып сізді қатты толғандырса, не істей аласыз? Қандай балама шешімдерді және кімге ұсынар едіңіз?

        Рөлдік ойын жеке қабілеттерді (білік, дағдыларды) ғана емес, шығармашылықты түгел дамытуға арналған іс-әрекеттің түрі десек қателеспейміз. Оқушылардың белсенділігін арттыратын  (прокурор, тергеуші, куә, қорғаушы, сот т.б.), оларға әлеуметтік- құқықтық рольдерді меңгеруге көмектесетін рольдік ойындарды құқықтық тәрбие беру ісінде қолдану керек. Ойын – бұл ережеде жазылған, құқықтық мінез-құлықты талап ететін шартты іс-әрекет. Ойын үдерісінде құқықтық мінез-құлық модельдері құрылады.

       Әлеуметтік маңызды іс-әрекетке жетелейтін  құқықтық тәрбие беру түрлерінің ішінде ерекше орын алатын жоба әдістерін қолдануға негізделген  әлеуметтік жобалар байқауы.

        Әлеуметтік жоба – бұл интегративті тәрбиелік ықпал ету түрі, оның барысында тәрбие объектілері (олар әрі субъекті), (оқушылар, ата-аналар, педагогтар, әкімшілік) қоғамдық және билік құрылымымен  кең ауқымда бірлесіп іс атқарады.

       Қазіргі уақытта  қашықтықтан оқытудың артықшылығы құқықтық білімді меңгеруде оқушылардың жоғары деңгейдегі дербестігі, нормативтік материалдармен жұмыс істеуге дағдыны қалыптастыру үшін жағдай болуы.

      Ұсынылған құқықтық тәрбие беру түрлерінің тиімділігі көбінесе оқу-тәрбие кеңістігін үнемді ұйымдастыруға да (осы заманғы құрал-жабдықтар орналасқан бөлме, қарым-қатынасқа қолайлы жағымды ахуал құру) байланысты.

Ағима  МАХАНБЕТОВА, «Өрлеу» БАҚО АҚФ Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын Республикалық институты Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты 

2919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз