Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Қыркүйек, 2020

Мolekula арт-терапия орталығын ашқан Айзада

«Ұланның» оқырманына Айзада Жайыққызының есімі жақсы таныс шығар, иә? Газеттің оқырманы, кейін «жас тілшісі» болған Айзада туған қаласына барып, әлеуметтік жобаны іске асырып жатыр. Мамандығы журналист болса да, логопедияны қосымша оқып жүріп, Атырауда балалардың дамуына шығармашылық орталықтардың аз екенін байқаған Айзада өз жобасын құрастырды. I-SEED StartUP Battle 2020 байқауына қатысып, жобаны іске асыру үшін арнайы грант жеңіп алды. Арт-терапия орталығын ашу идеясы қайдан келгенін, не себепті Molekula атағанын Айзададан сұраған едік.

– Алматыдан Атырауға қоныс аударған кезде I-SEED StartUP жобасына құжат тапсыру мерзімі өтіп кетіпті. Содан Атырауда ерекше қажеттілігі бар адамдарға ұсақ моториканы дамытатын орталықтардың жоқ екенін байқадым. Мәселен, бұған дейін Алматыда оқып, кейін жұмыс істеп жүргенімде де құммен кескіндеме студиясына барып жүретінмін. Бұл шығармашылықты дамытатын жоба. Бағыма орай, жобаға құжат қабылдау уақыты тағы да ұзартылды. Мен идеямды ұсыну үшін жобаға қатыстым. Бірақ 100% ұтып кетемін деген ой болған жоқ. Үш аптадай ментормен жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында жобаны қорғау үшін ораторлық шеберлік әдістерін үйрендім. Бағытымды зерттедім, оған қоса қарсыластарымды да танып білуге тырыстым. Басқа аймақтардағы жобалармен салыстырып, жоба аясында бізді түрлі жағдайға дайындады. Осы үш аптада өзіме түртіп алар мол білім алдым.

– Байқауға қанша адам қатысты? Жобаны іске асыру жоспары қандай?

– I-SEED StartUP негізінен ІТ және инновациялық бағыттағы жобаларға арналған байқау. Әлеуметтік жобалардың жеңімпаз болуы өте аз. Байқауға 100 адамның өтінімі қатысты. Соның ішінде 25 өтінім іріктелініп алып, үш апта ментормен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Одан кейін жартылай финалға 10 адам  өтіп, одан 7 адам финалға жолдама алды. Финалда 3 адам жеңімпаз атандық. Бұл жерде ментордың көмегі орасан зор болды. Өйткені бұл сала бойынша мен алғаш рет қатысып, жеңімпаз болдым. Сондықтан менторым Бибігүл Шахиеваға алғыс білдіремін. «Алақай, Атырау» жобасының авторы, бизнес-тренер менторымның қолдауы мен көмегі маған ерекше әсер етті. Жобаны қорғау кезінде оның алдымен нақты жоспары құрылды. Тіпті бюджетіне дейін бәрін есептеп, арнайы комиссияның алдында қорғадық. Қазір жоспар бойынша құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп қойдық. Қазан айында ашылуды жоспарлап отырмыз. Атыраулықтарды және қала қонақтарын күтеміз!

– Әлеуметтік жобаның әлеуеті қандай?

– Әлеуметтік жоба дегеніміз – қоғамдағы бір мәселені шешу. Менің әлеуметтік жобамның негізгі мақсаты – ерекше синдромы бар балалар жасөспірім шақта қайда барады, олар немен айналысады деген мәселені сәл де болсын жеңілдету. Өйткені Атырауда 13 жасқа дейінгі ерекшеліктері бар балаларға орталықтар бар болса, мүшел жастан кейін баратын орталықтар жоқ. Тіпті кәмелет жасына толған соң баратын орталықтар мүлдем жоқ. Сондықтан осы мәселені шешкім келді. Қоғам бұл идеямды жақсы қабылдап жатыр. Жастар мен орта жастағы адамдар тарапынан сұраныс бар. Егер Атырауда осындай терапия орталықтары ашылса, жасөспірімдер психологиялық күйзелістен арылып, қабілеттері жан-жақты дамып, жаңа ортада достар да табылатын еді. Сондай-ақ, балалар орталыққа ата-анасымен де келе алады. Яғни бұл отбасы құндылықтарын нығайтпақ.

– Грант қаражаты таусылған соң, жоба жалғасын таба ма?

– Жобаны құрмас бұрын оның өміршеңдігін де жоспарладық. Грант қаражаты таусылса да, жобаны жалғастырамыз. Бізге қала тұрғындары ақылы түрде келеді. Түрлі серіктестеріміз бізді қолдайды деп үміттенемін. Бұл қаладағы тұңғыш орталық болғандықтан, қолдаушылар бар деп ойлаймын. Халық тарапынан қызығушылық та бар. Болашақта екі тілде де қызмет көрсететін мамандарды қабылдап, орталықты кеңейткім келеді. Грант қаражаты жобаны бастауына септігін тигізсе, ары қарай жоба өзін ақтайды деп ойлаймын. Атырау қаласында арт-терапия бойынша екі маман ғана бар. Олар ерікті түрде көмектесіп жатыр. Мамандардың қатарын толықтырумен қатар, волонтерлерді шақырып, оларға да арт-терапияны үйретуді жоспарлап отырмыз.

– Не себепті орталығыңызды Molekula деп атадыңыз?

– Мемлекетті тұтас дене деп алсақ, молекулалар – оның кішкентай проблемалары. Ал мен мемлекеттің ішіндегі кішкентай проблемаларды шешу арқылы сол мемлекеттің дұрыс құрылуына, дұрыс жұмыс істеуіне септігімді тигізгім келеді. Сол себепті осылай атадым. Ерекше атау. Өзіме де ұнайды. Бір жағынан психологиялық күйзеліс, стресс, апатия, энергияның сарқылуы, бәрі-бәрі өмірде кездесетін кедергілер. Жан жарасы да молекула сияқты көзге көрінбейді әрі қолмен ұсталмайды. Фокусымызды «басқа варианттарға» аудара білсек, қашан да шығар жол бар!

– Molekula арт-терапия орталығында қандай қосымша қызмет көрсетіледі?

– Орталықта арт-терапия мен құм терапиясынан бөлек сумен сурет салу бар. Олар да арт-терапевтпен жұмыс істейді. Сонымен қатар логопед пен психолог мамандардан кеңес алу мүмкіндігі бар. Атырау қаласының кез келген тұрғыны орталыққа келе алады. Ал 13-18 жас аралығында ерекшеліктері бар балалар орталықтың кез келген қызметіне тегін қатыса алады.

– Сұқбатыңызға рақмет! Ісіңізге береке берсін!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №38

 

 

188 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Мұхамедәли Болатұлы, диктор: Дауысты «тәртіпке келтіруге», түзеуге болады
Келесі мақала Аутизммен ауыратын балаларға арналған қосымша жасады

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Ujdsjdsy

15 Қазан, 2020

viagra originale pagamento alla consegna <a href=" http://silditaliana.it/# ">viagra prezzo farmacia</a> viagra prezzo in farmacia: http://silditaliana.it