Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қыркүйек, 2020

Қазыбек би жайында жаңа дерек

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары соңғы жылдары қазақ халқының тарихы туралы мұрағат материалдарын жинау жұмысын күшейте түсті. Ресейдің, Қытайдың, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Моңғолияның архивтерінен алынған кең көлемдегі тың деректер ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. Институт ұжымы Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы қалаларының архивтерінен «Өзара ынтымақтастық туралы» келісімшарттар негізінде бұрын «құпия грифі» болған көптеген құжаттар әкелді. Мемлекеттік «Архив – 2025» бағдарламасы аясында БҒМ ҒК тапсырмасымен институт ғалымдары Ресей Федерациясының бірнеше қаласында зерттеу жүргізді.

2019 жылғы Омбы облыстық мем­лекеттік мұрағатына ғылыми іссапар ­барысында әкелінген архив құжаттарынан барша қазақ халқының назар аударатын жаңа дерек табылды. Бұл дерек қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би мен оның ұлы Бекболат биге қатысты. Қазыбек би Келдібекұлы Орта жүзде ерекше еңбегімен көзге түскен көрнекті мемлекет қайраткері. XVII-XVIII ғасырларда ұлт тағдырына қатысты көптеген мәселенің шешілуіне атсалысқан. Оның өмірі қазақ халқының тарихындағы аса ауыр сын болған Жоңғар шапқыншылығы жылдарына сәйкес келеді. Бір деректерде Қазыбек би Сырдария өзенінің жағасында өмірге келді (1663 ж.) десе, келесі деректерде қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының Терақты бұлағында (1664,1665 жылдары) туды деп айтылады. Қазыбек би қазақ хандығын нығайтуға бағытталған дипломатиялық қызмет атқарған. Хан кеңесінің мүшесі ретінде жастайынан өз ұсыныстарын айтып, ақыл-кеңес беріп отырған.
Қазыбек биге қатысты Омбыдан табылған дерек: 1775 жылы 28 қазанда Ямышев бекінісінің (қазіргі Павлодар облысы жерінде) қолбасшы, ­артиллерия капитаны М.Л.Лебеткиннің Сібір корпусының командирі, генерал-поручик И.А.Деколонгке жазған рапорты. Құжатта бекініске Төребатыр Орманчин сұлтанның келгенін және оның Қаракесек болысының старшинасы Қазыбек би мен оның ұлы ­Бекболат бидің және аға хан Абылайдың араларында болған жанжал туралы айтқанын жеткізеді. Қазыбек бидің адамдары Абылай ханның ұлдарының бірін сабап тастайды. Бұл жердегі мәселе қазақ даласында болып тұратын ішкі жанжалға қатысты емес. Назар аударсақ, орыс офицері рапортында 1775 жылғы қазанда Қаз дауысты Қазыбек би тірі болғанын нақты айтқан. Еліміздің оқулықтарында «Қазақстан тарихы» көптомдығында, энциклопедияларында, ғылыми еңбектерінде айтылып келген «Қаз дауысты Қазыбек бидің XVIII ғасырдың 60-жылдарында қайтыс болды» деген дерегін осы тарихи факт теріске шығарды. Қазыбек би Қаракесек болысының старшинасы ретінде 1775 жылы 28 қазанға дейін тірі болған. Ал қазіргі тарихи әдебиеттерде ол 1763, 1764, 1765, 1766 жылдарда қайтыс болды деп әртүрлі айтылып жүр.

Капитан Лебеткин генерал Деко­лонгқа былай деп хат жазған (Архив дерегін сол тілде беріп отырмыз): «В Ямышеве, сего октября 25-го дня верноподданного и доброжелательного к российской стороне киргис-кайсацкой Средней орды старшины Батыря-Тюри Урманчина, исполняя ордер вашего высокопревосходительства, пущенной минувшаго сентября от 29 под № 459-м, а мною полученной 3-го числ сего месяца, о старшинах Каракисецкой волости Казыбеке-бии и Бикбулате, не имеют ли они с подвластными своими киргисцами намерения чинить нашим российским людям ныне по закрытии реки Иртыша шалости и воровство, посторонним и неприметным образом выведывать старался. И как только я у оного Батыря-Тюри велел спросить толмачю про тех каракисецких старшин: не знает ли он их, и ежель знает – где ныне они пребывание свое имеют? На что он тотчас ответствовал, что он их знает, и ныне-де они против Устькаменогорской находятца. Между тем сам проговорил, что-де сии старшины ныне с Облай-султаном в соре за то, что оные старшины в нынешнее прошедшее лето Облай-султанова сына высекли плетьми, якобы за причиненную им прежную обиду. За что-де Аблай-султан на них и злобствует….. Однако наконец он, Батырь-Тюря, тех каракисецких старшин Казыбек-бия и Бикбулата не похваляет за то, что они дерско приступили облай-султанскова сына сечь, проговаривая между тем то, надобно-де их за таковую дерзность наказать, дабы они впредь смирняя были, и естли-де им в том повод дасца, то-де они по своей ветренности отважутца и других старшин, захватя, высечь…. И из них-де один, Казыбек-бий, слышел он, Батырь-Тюря, что нынешнею зиму пребывание свое иметь будет выше Семиярского фарпоста».
Омбы облыстық мемлекеттік тарихи архивінің №1 фонды, 1 описі, 194-ші ісі, 662 парағындағы «Сібір корпусының бас командирінің әскери жорық кеңесі» істеріндегі бұл құжаттан: біріншіден, 1775 жылдың күзінде Қаз дауысты Қазыбек бидің тірі және өз елінде Қаракесек руының старшинасы болып өмір сүріп жатқанын білеміз. Екіншіден, Қазыбек би мен оның ұлы Бекболат би Өскемен бекінісіне тақау жердегі жайлауда болса, қыстауда Семияр бекінісінен жоғары жерде болатынын білдік. Үшіншіден, Шыңғыс ұрпақтары, ақсүйектер мен қарадан шыққан басшылар арасында жанжалдар болып тұрғаны. Сұлтандарға қол көтеруге болмайтыны туралы дала заңына қарамай, Қазыбек би мен оның ұлы Абылай сұлтанның ұлын сабатуға дейін барған. Шамасы, хан ұлының тізесі Қаракесек еліне батып кеткен болуы ­керек. Төртіншіден, бүгінгі басылымдарда айтылып жүргендей Қазыбек би 1667 жылы туса, құжат жазылған жылы ол 108 жасқа келмей ме? 108 жастағы адамның старшын болып, хан ұлын сабатып, 1000 шақырымнан астам жерде көшіп-қонып жүруі шындыққа ­жанаспайды. Сондықтан Қазыбек бидің туған ­жылына байланысты тарихи шындық қалпына келу үшін жаңа зерттеулер қажет деп білеміз. Қазыбек бидің қайтыс болған мерзімін 1775 жылдың күзінен бұрын қою дұрыс емес деп есептейміз. Қазаққа беделі зор болған Қазыбек бидің туған, қайтыс болған мерзімін білу үшін қосымша тарихи деректер табу міндеті тұр.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

"Ана тілі" газеті 

 

141 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Тіл тұтастығы – ел тұтастығы
Келесі мақала Оралхан Бөкейдің ой орамдары

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *