Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 29 Қыркүйек, 2020

Карантин. Айыппұл 110 млн теңгені құрады

Ағымдағы жылдың 8 айында Қазақстанға алып келінетін жүктерді тексеру кезінде өсімдіктер карантині саласында 2,7 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды

Көп жағдайда өсімдік өнімдерін импорттаушылар тауарларды міндетті фитосанитариялық сертификаттарсыз алып келуге тырысады. Сондай-ақ, жалған немесе сәйкес келмейтін сертификатпен, тыйым салынған және зиянкестері бар өнімдерді елге кіргізу әрекеттерінің көптеген жолы қиылды.

Аталған фактілер бойынша 2225 жеке және заңды тұлғаларға 110 879 243 теңге айыппұл салынды. 720 жағдайда жүк қайта жөнелтуші елге қайтарылды (9992 тонна, 1259 м3 және 1 701 273 дана), 8 жағдайда өнім жойылды, үш жағдайда қайта өңделді.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты экспорттаушы елдерге 477 нотификация жіберілді, оның ішінде 252 – Өзбекстан Республикасына, 127 – Ресей Федерациясына, 38 – Иран Ислам Республикасына.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 77 сыртқы және ішкі фитосанитариялық бақылау бекеттері жұмыс істейді. Оның ішінде 32 бекет республиканың шекара маңындағы өңірлерінде карантиндік фитосанитариялық бақылауды күшейту үшін соңғы жылы ғана ашылған.

Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау елге қауіпті карантиндік объектілердің - өсімдіктерді зақымдайтын өсімдік ауруларының қоздырғыштарын, жәндіктердің, кенелердің, нематодтардың, сондай-ақ арамшөп тұқымдарының мемлекет шекарасынан өтіп кетпеуі үшін жүзеге асырылады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған дейін Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті 2020 жылдың  6 тамызынан бастап Шығыс көбелегі мен Комсток құртының анықталуына байланысты Өзбекстан Республикасының аумағынан жеміс-жидек алып келуге уақытша тыйым салғанын хабарлады.

Сондай-ақ, халықаралық сауда нормаларын, оның ішінде өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі халықаралық конвенция мен Еуразиялық экономикалық одақ талаптарын бұзғаны үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға өсімдік өнімдерін фитосанитариялық сертификатсыз кіргізуге тырысқан бірқатар импорттаушыларды «қара тізімге» енгізді.

 

483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз