Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Қыркүйек, 2020

Егер де расизм болмаса....

Әлемдегі, әсіресе АҚШ-тағы соңғы жаңалықтан хабары бар адамдар бұл сөздің мағынасын білсе керек. Еуропа телеарналарының көпшілігінен жарнама арасында «Расизмге жол жоқ» деп танымал спортшылар,  әншілер сөйлеп жатады. Біздің қоғам үшін «расизм» сөзі маңызсыз, мәнсіз көрінеді. Бірақ расы солай ма? Басынан бастайық...

Расизм тарихын ғылым Ұлы географиялық ашылумен, яғни Америка құрлығының ашылуымен байланыстырады. Еуропалықтар жаппай жаңа құрлыққа өтіп, алтынға кенеліп жатқан кезең еді бұл. Олардың ісін жаңа құрлықтың халқы түсінген жоқ. Үндістер үшін ол жәй ғана «сары темір» болатын. Кейіннен алтынның бағалы зат екенін олар да түсіне бастап, енді өздері жинап еуропалықтарға сата бастады. Ал екі түрлі экономикалық сатыдағы халықтар арасында тең сауда жүрмейтіні белгілі. Ашкөз кәрі құрлық адамдары өздерінен дамуы он ғасыр кейін қалған халықтан бір нәрсені сатып алуға арланған болса керек. Күштеп тартып алу басталды. Белгілі бір тайпа маңынан алтын табылса, «мәдениетті» ақ нәсілділер сол тұсты бас салып қаза беретін. Оған табиғатпен үйлесімде өмір сүретін үндістер қарсы шықты. Осылай еуропалықтар Дарвиннің «күшті түр ғана өмір сүруге лайықты» теориясына сүйеніп, Американың түпкі халқын аяусыз қыра берген еді.

Жаңа құрлықта ақ нәсілділер өздерін толық қожайын сезініп, араларынан дәулетті адамдар шыға бастады. Енді
еуропалық жұмысшыларға төлейтін еңбекақыны көпсініп, Африканың қара нәсілділерін құлдыққа әкелді. Олар базарда мал секілді сатылатын. Орта есеппен зәңгілердің құны он сиырға татитын еді. Өздерін мәдениетті санайтын еуропалықтардың бұл ісін ақтап алатын «пайғамбар ісі» болатын.

Нұх пайғамбардың үш ұлы болған. Хам, Сам және Япас (Яфес). Япастан Орта Азия халықтары тарайды. Самнан еуропалықтар көбейсе, Хамнан бүгінгі Африка мен Оңтүстік Азия халықтары жалғасты дейді. Жер бетін топан су басқаны мен Нұх пайғамбардың кемесі туралы әңгімені бәріміз білеміз. Оның кемесі тау басына тіреліп, ол үш ұлымен құрлыққа шығады. Күндердің күнінде Нұх шарапқа мас болып, аяғы ашыла ұйықтап жатқанын Хам атты ұлы көріп, екі бауырына да көрсетіп, мазақ еткен. Сам мен Япас әкесінің аяғына жабынды
жауып жатқанда Нұх оянып, мәселенің мәнін ұғынады. Ол ашуланғанда Хамның төртінші баласы Ханаан әкесінің күнәсін өз мойнына алатынын айтқан. Нұх оған қарап «сенен тараған ұрпақ бүкіл бауырларыңа құл болып өтсін, жүзіқара» деген екен. Інжіл осылай дейді. Міне осы Хамның баласы Ханааннан бүкіл қаранәсілділер тараған дейді. Еуропалықтар бұл оқиғаны өз пиғылдарын жасыруға керемет пайдаланды. Пайғамбар аузымен айтылған тәңір сөзіндей көрді. Бұл уақиғаның расы қайсы екені белгісіз. Көп өзгеріске түскен Інжілдің сөзіне де сенім жоқ. Дарвин теориясының қателігі де шаш-етектен. Осылай екі «қате» кітаптың негізінде бір халық тұтас жойылып кетсе, бір халық толық құлдыққа сатылды. 

Расизм – бір халықтың өзін өзге бір халықтан жоғары санауы. Яғни бір халық өзін туабітті «ақсүйек» санап,
интеллектуалдық, мәдениөркениет тұрғысынан да өзгеден өзге халықтарға өңмендей қарайды. Америка Құрама Штаттарының территориясына шамамен бір миллиондай қара нәсілді құлдыққа сатылған екен. Ал тұтас Америка құрлығын алар болсақ, сатылған құлдар саны 12 миллионнан асып жығылады. Олар бұл істің зардабын әлі күнге дейін тартып келеді. ХХ ғасыр басында қара нәсілділер ақ нәсілділер кіретін асханаларға,
мәдени орындарға, тіпті әжетханаларға кіре алмаған. Оларға бөлек мектептер салынып, қалалардың өзі тері түсіне қарай аудандарға бөлінген болатын. Бұл тұста көбіне қара нәсілділердің құқықтары өте көп шектелді. Ал бүгін заман ауысты. Оған кешегі қара нәсілділердің АҚШ-тағы жаппай ереуілі дәлел болады. Олар өз құқықтарын талап етіп, тіпті заң шеңберінен де шығып бара жатыр. АҚШ соты да қазіргі таңда бірінші кезекте қара нәсілділердің құқығын қорғауға бейімделіп келеді. Кино саласында да қара нәсілді адамның басты рөлдердің бірінде болуын «Оскар» киноакадемиясы талап етіп отыр. 2024 жылы бұл талап міндеттелетін болады. Осылай заман аударылып түсіп, расизм сөзін АҚШ-та енді қара нәсілділерге емес, ақ нәсілділерге қарата қолданып жүргендер аз емес. Құлдыққа салынғандардың бұл қылығы кешегі атабабасының қасіретті өмірі үшін кегі ме екен? Адам ДНҚ-ның ақпарат сақтайтыны рас болса, солай ұғынсақ та болатын шығар.

Еуропа елдері, оның ішіндегі Британия мен Франция уағында тұтас Африка құрлығын уысында ұстады. Десек те, кәрі құрлық қара нәсілділерге дәл АҚШтағыдай жауыз болмады. Бұл мемлекеттерде Африкадан құл болып келіп, мемлекеттік қызметке көтерілгендер де бар. Бірақ Еуропа, оның ішіндегі Германия халқының ұлтшылдығы, өздерін арийлердің ақсүйек ұрпағымыз деп бастаған соғысы адамзатқа орны толмас қасірет әкелді. 60 миллион адам фашизмнің құрбаны болды. Бұл ауру мұсылман халықтарында да бар. Мысалы, бүгінгі Иракта 2 миллионға тарта афро-ирактық өмір сүреді. Олар ІХ-ХІХ ғасырлар арасында Азияға сатылған құл зинджейлердің ұрпағы. Мұсылман болса да, басқа ирактықтардан дәрежесі төмен және әлі күнге дейін қызмет көрсетуші таптың өкілдері саналады. Сонымен қатар, бұл нәсілден шыққан адамдар заң шығарушы және атқарушы билікте қызмет ете алмайды. Сонымен қатар зинджей ұрпақтарымен отбасын құруды Ирактың түпкі халқы қалай бермейді.

Қызық ақпарат. «Зинджей» – орта ғасырлардағы араб географтарының Оңтүстік Африка және Эквадор маңында өмір сүретін африкалық тайпаларға таққан атауы. Қазақтың «зәңгі (негр)» сөзі осыдан шықса керек.
Расизмнің салқыны біздің халыққа да тигені жасырын емес. Орыс патшалығы тұсында «бұратана» халық
атануымыздың өзінің астарында қанша мән жатыр. Орыс шенеуніктерінің халықты басынуы мен орыс переселендерінің өздері жайлаған өзен бойына қазақ малын суғартпағанының астарында жатқан расизм емей немене еді? Гоголь кітапханасына кіріп келген Абайға «Сахараның түйесі мұнда не жоғалтты?» деген сөзді орыс офицеріне ішкі жоғары мәдениеті айтқызды дегенге кім сенер? Қазақ халқына қолдан жасалған геноцид ше? Мұны жалғыз Голощекиннің «қазақ даласында кіші Қазан төңкерісін ұйымдастырамын» деген идеясынан ғана туды дегенге сенер адам табыла ма? Әй, қайдам...

Расизм – жалпыұлттық эгоизмнің ғылыми атауы ғана. Сол ұлттық эгоизмнің кесірінен адамзат қаншама қасірет шекті. Кем дегенде біз жоғарыда айтып өткен дүниелердің ешбірі болмас па еді? Болмайтынына сөз жоқ, сенуге болады және расизм болмаса адамзат бүгін мүлде басқа деңгейде өмір сүретін еді. Кем дегенде әлемдегі 24 жаһандық мәселенің біреуінен болса да бойын ада ұстар еді. Тарих доңғалағы кері шегінбейді. Сондықтан расизмді болашақта өршітпеу үшін адамзат үлкен қадамдарға баруы керек. Халық – халықтан артық, халық – халықтан кем емес. Бірақ белгілі бір жердің этникалық халқы-қожайыны болатынын әрбір халық есінде сақтауы тиіс. Оған көрсетілер құрметтің жөні бөлек. Бұл – мемлекеттік емес, әлеуметтік, қоғамдық тұрғыда шешімі табылуы тиіс мәселе.

 «Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2020

 

950 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз