Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 09 Қазан, 2020

Кедейліктен кемелдікке дейін

Филиппиндік Мэнни Пакьяо өте кедей отбасында дүниеге келген кәсіпқой боксшы. Қазіргі таңда "ПакМэн" әлемдегі ең атақты спортшылардың бірі. Кәсіпқой бокс мәнсабындағы Пакьяоның жетістігін жер бетіндегі ешбір былғары қолғап шебері қайталай алмайды. Себебі ол 8 салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанып қана қоймай, 4 онжылдықта, яғни 1990, 2000, 2010, 2020 жылдарда түрлі тұжырымдардың чемпиондық белбеулерін жеңіп алған жалғыз адам.

Аңыз адамның өмір жолы түрлі соқтықпалы соқпақтарға толы болған. Оны өзге бауырларымен бірге анасына қалдырып, әкелері ерте жасында тастап кеткен. Сол сәттен бастап отбасын асыраудың ауыр жүгі, бойы бары-жоғы 166 сантиметрді құрайтын, арық денелі Эммануэль Дапидран Пакьяоға міндеттелді. 10 жасында жан бағу үшін көшеде бәліш пен су сатып жүрген күндерінің бірінде ол боксшылардың жаттығып жүргенін көреді.Кішкентай филиппиндіктің боксқа деген қызығушылығы осы сәттен бастау алған.

Өзінің жарқын болашағына сенген жеткіншек 14 жасқа толғанда, туған мекенін тастап асқақ армандары мен бақытты өмір сүру жолында Манила қаласына аттанады. Жаңа қалаға келіп, қаржылай қиындыққа тап болған Пакьяо, жаттығудан қолы бос кезде мардымсыз тиын-тебен үшін көшенің қоқысын жинауға да көнеді.Барар жері, басар тауы болмаған бозбала бокс залында өмір сүрген.

Жаттығу залының қожайыны Пакьяо 16 жасқа келгенде тәуекелге бел байлап, оның өнерін шаршы алаңнан көріп, әрі сынау мақсатында жасы да тәжірибесі де үлкен боксшылармен жұдырықтастырады. Өзіне тән ұрыс жүргізу мәнері бар, әрі қолды-аяққа тұрмайтын көз ілеспес жылдамдығының арқасында ол қарсыластарын бірінен соң бірін қапыда қалдырады.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы дебюты үшін оған 2 доллар төленген. Жылдар өтіп, оның жеңістері мен бірге ел ішінде абыройы да арта бастайды. Өзіне Азия құрлығында тең келетін қарсыластың жоқ екеніне көзі жеткен спортшы, кәсіпқой бокс әлемінің Меккесі саналатын АҚШ-қа аттануға шешім қабылдайды. Оны Америкада да ешкім күтіп тұрған жоқ еді. Ешкімге белгісіз бейтаныс жігіттің бойынан әлемге әйгілі бапкер Фредди Роуч қана ерекше дарынды байқап, жаттықтыра бастаған. 

Үлкен спортқа аяқ басқан алғашқы кезеңінде бүгінгі кейіпкеріміз нәпәқа тауып, бейтаныс елде бас сауғалап кетпеуі үшін жылына 9-10 рет айқасқа шығып отырған.

Спорт болғаннан кейін, жеңіспен жеңілістің қатар жүретіні белгілі. Боксшы спорттық мәнсабының жарқын сәттерінде миллиондаған долларлар үшін көптеген әлемге әйгілі боксшылармен күш сынасты. Олардың қатарында: Марко Антонио Баррера, Эрик Моралес, Хуан Мануэль Маркес, Оскар Де Ла Хойя, Рикки Хаттон, Тимоти Брэдли, Джесси Варгас, Лукас Матиссе, Эдриэн Бронер, Кит Турман, Флойд Мейвезер секілді кәсіпқой бокс жұлдыздары бар.

Өзінің таңғажайып қабілеттері мен асқақ армандарының жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында, бүгінде ол әлемнің ең бай үздік боксшыларының алғашқы ондығында тұр. Пакьяоның қазіргі уақытта 200 миллион доллардан астам қаржысы бар. Оны туған халқы Филиппиннің ең танымал адамы деп мойындайды. Спорттан бөлек, Пакьяо сенаторлық қызметті де қатар атқарған.

Жоқтан бар болған, кедейліктің тауқыметін көп тартқан спортшы бүгінде түрлі қайырымдылық іс-шараларымен айналысады. Ол өзінің 1000 отандасына өз қаржысына баспана салып берген. Одан бөлек, мемлекетінің спорт саласының дамуына қомақты қаржы бөліп отыр. Пакьяо өзінің сұхбаттарында қарапайым халықтың ортасынан шығып, әлем мойындаған тұлғаға айналуына әсер еткен фактор ретінде халқына деген сүйіспеншілігі мен еліне деген құрметін бірінші орынға қояды. Отандастарына көмек қолын созуды азаматтық борышы деп білетін спортшы, өз жетістіктерінің сырын Құдайға деген сенімімен байланыстырады.

Осылайша, алдына мақсат қойып, түрлі кедергілерге бой алдырмай, арманына жеткен Мэнни Пакьяо миллиондаған адамдардың өзіне деген сенімділігін арттырып, пақыр кедейліктен, кемелдіктің биігіне көтерілу арқылы талай жанды жігерлендіргені сөзсіз.

Бексұлтан Нөкербан

1509 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Сəтсіздіктер - бұл бəрін қайтадан бастауға берілген мүмкіндік.
Келесі мақала Орындалған арман немесе парашютпен секірген хомяк

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Дана

09 Қазан, 2020

Керемет, рухтандыратын мақала! Ұлы тұлғаның өмір жолы мен игі істері, азаматтарға үлгі әрі үлкен мотивация болсын.