Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 12 Қазан, 2020

Сіз балаңыздың өмірін түбегейлі өзгерте аласыз

Психологиядағы пигмалион эффектісі туралы естіп пе едіңіз? Өзім 1960-шы жылдары оқушыларға жасалған тәжірибе туралы видеоны көргенге дейін білмедім. Оны Гарвардтың зерттеуші, психологы Robert Rosenthal мен мектеп директоры Lenor Jacobsan өткізген.

Олар қай оқушының IQ-і болашақта жоғары болуы мүмкін екенін тексеретінін айтып, балаларға тест тапсыртқызады. Ең қызығы, зерттеушілер балалардың IQ деңгейін тексергенімен, кімдікі болашақта жоғарылайтынын тест арқылы анықтай алмайтынын әу баста білген. Бірақ мұғалімге бірнеше оқушыны атайды. Мұғалім балалардың кездейсоқ таңдала салғанынан хабары жоқ.

Бір жылдан кейін олар мектепке келіп оқушылардың IQ-н қайта тексереді. Кездейсоқ аттары аталған оқушылардың расымен де IQ деңгейі басқалардан жоғарылағаны, өскені анықталған.

Ғалымдар оны былай түсіндіреді: мұғалім еріксіз түрде ол балалардың ойлануына, жауап беруіне көбірек уақыт береді. Білмей жатса демеп, көмектесуге үнемі даяр. Оқушының ақылды, кез келген материалды түсіне алатынына іштей сенеді. Мұндай қарым-қатынас пен ойлануға қолайлы, жылы атмосфера - балаға шыңдалуға жағдай жасайды. Мұғалімнің оның қабілетін жоғары бағалайтыны қанаттандырады. Осылайша оқушының оқуға қабілеті артады. Дәл сол сияқты баланы кемсіту, өзгелермен салыстыру, назарды тек оның осал тұсына аудару арқылы да оның қабілетін өшіруге болады. Себебі ғалымдар авторитарлы әдіспен оқушыны оқыту алысқа бармайтынын анықтаған. Яғни, балаға дауыс көтеріп, нұқып оқыту арқылы жақсы нәтижеге жету мүмкін емес екенін дәлелдеген. Себебі үлкен қысым мен қорқыныш жағдайында ақпарат мида ұзақ сақталмайды. Дәлірек айтсақ, қысқа мерзімнен ұзақ мерзімді есте сақтау деңгейіне жетпейді.

Қысқаша айтқанда пигмалион эффектісі дегеніміз біреудің пікірі өзгенің тұлға болып қалыптасуына әсері.

Бұдан шығатын қорытынды - балаларымыз ақылды, қабілетті, өзіне сенімді болсын десек ең алдымен өзімізді тәрбиелеп, оған деген қарым-қатынасымызды түзеп, олардың зор нәтижеге жететіне күмән келтірмеуіміз керек.

Assem Almukhanbetтің фейсбук парақшасынан

1701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз