Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 12 Қазан, 2020

Індеттің еңбек нарығына әсері (инфографика)

Шілде айының басында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) жаңа есептеме-баяндамасы жарияланды. Сарапшылар өздерінің пайымдауларында бұл індеттің жағымсыз әсері тіпті болжанғаннан да айтарлықтай көп екенін атап көрсетеді. Шолуымызда әлем бойынша және Қазақстанда індет лаңының нақ осы еңбек нарығына қаншалықты әсер еткені туралы әңгімелемекпіз.

ХЕҰ мәліметтері бойынша, екінші тоқсанда әлемде жұмыс сағаттары 14%-ға қысқарған, бұл 400 млн жұмыс орнын жоғалтумен пара-пар екен. Баян­дама авторлары оқиғалар өрбуі мүмкін екі сценарийді ұсынады. Оптимистік болжам: үшінші тоқсанда жоғалтулар тағы 34 млн жұмыс орындарын құрайды, ал жұмыс сағаттары 1,2%-ға қысқармақ. Пессимистігі: жұмыс сағат­тарын жоғалту 11,9%-ға жетеді, бұл 340 млн жұмыс орнын қысқартуға тең екен.
Мамырда АҚШ-тағы жұмыссыздық көрсеткіштері рекордтық мәндерді құрап, 13,3%-ға дейін жетіпті. Мұндай сандар соңғы рет 1982 жылы, жұмыссыздық деңгейі 10,8%-ға жеткенде, соншалықты таңқаларлықтай болған екен. Мамырдан кейінгі екі айда АҚШ-тағы қайта жұмысқа алу қарқыны қалпына түсе бастаған, өйткені компаниялар жұмыстарын қайта орнықтырған да, ал тұтынушылар – дүкендер мен мейрамханаларға қайтып орала бастаған. Бұл ретте, Oxford Economics компаниясының ақпараттары бойынша, бір сағаттағы орташа табыс 0,5%-ға қысқарған.
Қытайда еңбек нарығы сенімді түрде қалпына келуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жұмыс­сыздық деңгейі наурыздағы 5,9%-ға қарағанда 5,7%-ға дейін төмендеген. Локдаун жағдайынан тезірек шығу арқасында билік 2,3 млн жаңа жұмыс орындарын құруға қол жеткізген.
«Қытайда биыл жұмыспен қам­туды қалпына келтіруге және халық дәулеттілігінің базалық дең­гейін қамтамасыз етуге басым бағытта көңіл бөлінеді. Қалалар мен поселкелерде 9 млн-нан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ шамамен 6% деңгейіндегі, ішінара тексеруге есептелген, жұмыссыздық деңгейін ұстап қалуға ұмтыла отырып, басым көңіл бөлінетін болады», – деп атап көрсетілген үкі­меттің шілде айындағы баяндамасында (Инфографика).

 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов­тың айтуынша, індет кезінде тіркелген жұмыссыздар саны 8 есе – ақпандағы 26,9 мыңнан тамыздағы 219 мыңға дейін өскен. Осы ретте, Статис­тика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, жұмыссыздардың саны ең жоғары шегіне – 442,6 мыңға жеткен. Еңбек ресурстары орталығының цифрлары өзгешелеу: сәуірде жұмыссыздар саны 4,2 млн-ды құраса, мамырда олардың саны 1,1 млн-ға дейін, ал маусымда – 735 млн-ға жуық адам болған.
Сарапшылардың пайымдауынша, егер ресми жұмыссыздар мен ұйымдар уақытша жұмыстарын тоқтатқандар санын қосып есептер болса, нақтырақ көрініс құрауға болады. Мысалы, экономист Олжас Төлеуов 822 мың адамды есептеп шығарған – онда жұмыссыздық деңгейі, ресми мәліметтер көрсет­кендей 5%-ды емес, барлығы 9,5%-ды айшықтайды. Бұл цифр­лар мейлінше нақты көрінеді, жұмыссыздықтың ресми деңгейі пандемия кезінде бар-жоғы 0,2%-ға ғана өскен, ал бұның нақты жағдайға сәйкестігі көңілге дү­дәмал ұялатады.

Басты мәселе – сонда үкімет ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) қалай көтермек? Елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық дамуы жобасында ЕТЖ кезең-кезеңмен көтеру қарастырылған, алайда, Нұрымбетов былай деп мойындайды: қазір «ондай уақыт емес» және «бұл шығынды шара». Үкімет те ЕТЖ-ны көтеру жұмыс берушілерге қосымша қысым туғызатынын түсінеді. Инфляцияның, S&P болжамдары бойынша, биыл 6%-ға дейін шарықтап кететінін ескерсек, тиісінше: халық кедейлене түседі деген пікір өзінен-өзі туындайды.
Дегенмен, шолуымызда біршама жағымды жайттарды да тілге тиек етуді жөн көрдік. Атап айтқанда, бастапқы кезде айтарлықтай абдырап қалғанмен, уақыт өте келе COVID-19 індетімен алғы шепте күрескен медициналық қызметкерлерге үкімет тарапынан қолдау көрсету оңды өріс алды.
Атап айтқанда, COVID-19-бен күресуге тартылған 3 841 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 37 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударды.
Бұдан бұрын хабарланған­дай, жоғарыда аталған төлем төле­нетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижесі негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіле­ді.
5 қазан сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 3 841 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 37 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.
Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (759) және Алматы (427) қалалары және Қарағанды (404), Шығыс Қазақстан (298), Батыс Қазақстан (261), Ақмола (256) облыстары бойынша жүргізіліпті.

Исатай ҚАМБАРОВ

 tengemonitor газеті

389 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Фармацевтика мен медицина өнеркәсібі өркендей ме?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *