Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 13 Қазан, 2020

Жігер жоқ жерде, жол тұйық

Бернард Шоу - əйгілі британ жазушысы, драматург, əдебиет саласында Нобель сыйлығын иеленген тұлға. Бүгін біз шығармаларын əлем халқы қызыға оқитын қаламгердің қысқаша өмір жолы  мен  өмірдің мəні жəне өзіңді өзгерту  туралы ойларын ұсынамыз. Танымал тұлғалардың жетістіктері де, ой салар сөзері де адамды қанаттандырып, жігерін жаниды.
Джордж Бернард Шоу 1856 жылы Ирландия астанасы   Дублинде дүниеге келген. Əкесі Джон Шоу астық сатумен айналысып, кəсібі жүрмей, ақырында ішімдікке үйір боп кетеді. Анасы Люсинда Шоу кəсіби əнші болады. Бернард алғашында Дублин колледжінде оқып,  11 жасынан бастап  протестанттық мектепте оқиды.  Оқуды ұнатпаған ол сыныптағы ең нашар оқитын балалардың қатарында жүретін.
Əрі қарай оқытуға ата-анасының ақшасы болмағандықтан Бернард 15 жасынан бастап жылжымайтын мүлік агенттігінде  клерк қызметкері болып еңбек жолын бастайды. Жұмысты сүйіп істемесе де, міндетін жауаптылықпен атқарады.
16 жасқа толғанда Бернардтың анасы екі қызын алып  Лондонға кетіп қалады. Бернард əкесімен қалады. Бірақ арада 4 жыл өткен соң анасының жанына келеді. Бұл Бернард Шоудың өміріне үлкен өзгеріс алып келген жыл болды. Ол астаналық басылымдардың біріне жұмысқа тұрып, өзін дамытумен айналыса бастайды.
Кітапханалар мен музейлерге барып, оқып, ізденіп,  қоғадық-саяси мəселелермен айналысады.
Бернард журналистика саласында өнімді еңбек ете жүріп, романдар жаза бастаған. Ол уақытта ешбір баспа романдарын басуға құлық танытпайды. 1879-1883 жылдар аралығында 5 роман жазып, оның алғашқысы 1886 жылы ғана жарық көреді. Норвег жазушысы Генрик Ибсеннің шығармашылығына əуес болған Бернард,  Ибсен шығармаларының əсерімен 1886 жылы өзінің ең алғашқы "Жесірдің үйі" деп аталатын пьесасын жазып шығады. Оны автобиографиялық еңбек деуге болатын еді. Осы кезеңде Европада өткір де өзекті, диалог пен тартысқа құрылған драманың жаңа дəуірі басталады.
Драматургия жанрына соны соқпақ салған Бернард Шоудың  бірінен соң бірі «Майор Барбара», «Цезарь мен Клеопатра», «Адам жəне супермен», «Пигмалион» атты дүниелері жарық көрді.
 
Қаламгер 1950 жылы өмірден озды. 
 
Бернард Шоудың өмір туралы жəне өзіңді іздеу, өзгеріс жолдары туралы ойлары: 
 
1. Менің қалжыңдау тəсілім бұл - шындықты айту. Жер бетінде бұдан күлкілі ештеңе жоқ. 
2. Егер сіз бақыттың соңынан қуар болсаңыз,  кəрі кемпірдің көзілдірігін іздегені сияқты қармалап-қармалап табасыз. Сол кезде бақыттың үнемі дəл жаныңызда болғанын түсінесіз.
3. Қартаю - өте көңілсіз, бірақ ұзақ өмір сүрудің жалғыз жолы сол ғана.
4. Егер сізде бір алма, менде бір алма болса, алмаларымызды алмастырсақ, екеумізде де бір-бір  алмадан болар еді. Ал егер сізде бір идея, менде бір идея болып, идеяларымызды алмассақ, əрқайсысымызда екі идеядан болар еді.
5. Адам кірпіш сияқты, күйдірген сайын қатая түседі.
6. Өмір өзіңді табу емес, өзіңді қалыптастырудан тұрады.
7. Сөйлеуді үйренсең - өскенің, ал үндемеуді үйренсең - демек, кемелденгенің.
8. Жақсы көретін нəрсеңе қол жеткізуге тырыс,  əйтпесе қолың жеткенді жақсы көруге тура келеді.
 
9. Мен бақыттымын, өйткені бақытсыздық туралы ойлауға мұршам жоқ.
 
10. Жігер жоқ жерде, жол тұйық.
 
 
Дайындаған: Айнұр Əкімбайқызы
 

799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз