Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 14 Қазан, 2020

Кəсіп бастағыңыз келе ме?

 Бүгіннен бастап сайтымызға кəсіп бастағысы кеп жүрген жандарға көмек ретінде  тиімді бизнес-идеялар ұсынатын боламыз. Материалдар шетелдік сайттарда жарияланған сараптамалар мен отандық кəсіпкерлік саласын  бағамдау нəтижесі бойынша əзірленді.
1. Пластик жəне алюминийден жасалған ыдыстарды қабылдайтын аппараттар орнату бизнесі.
Бұл қоршаған орта үшін де, табыс табу үшін де пайдасы мол кəсіп. Бүгінде төрткүл əлем пластик өндірісінен табиғаттың орасан зор зардап шегіп отырғанын айтып дабыл қағып жатыр. Сол ретте пластик ыдыстарды қабылдап, пластик өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын зауыттарға өткізу табиғатқа жасалған қамқорлық болар еді. Бұлай қоқыстарды сұрыптап, пластик, алюминий қалбырларды тұрғындардан аз ақшаға сатып алып, өңдеуге өткізу Европада көп жылдан бері жолға қойылған. Соңғы жылдары Ресейде де кең қанат жайып, фандомат деп аталатын осындай пластик қабылдау аппараттарының желісі пайда болды. Фандомат аппараты Германияда өндіріледі. Құны 4-7 мың евро төңірегінде. Бір аппарат күніне 400 металл қалбыр қабылдай алады. Егер Мəскеудегідей аппараттар желісі қойылса, күн сайын салмағы 18 тоннадан кем болмайтын 600 000 қалбыр жинауға болар еді. Күніне шамамен  700 000 Ресей рублі (теңгеге шаққанда 4 миллион теңге көлемінде) түсім түсіп, оның 500 000 рублі қалбыр өткізушілерге төленгенде, қалғаны таза пайда болып шығады. Бұл бір күндік қана табыс.
Бəсекелестер өте аз. Сондықтан тиімді бизнес түрі болары сөзсіз.
2. Табиғат аясында демалыс ұйымдастыру бизнесі
 
Егер сіздің үйіңіз қаладан алыс жерде, тау бөктерінде жалпы  табиғаты көркем жерде болса, шулы мегаполистен аулақта адамдарға  тыныштықта демалу мүмкіндігін жасаңыз. 1-2 күндік демалыстарда  өзендерден балық аулауға, гүл немесе емдік шөптер теруге, саңырауқұлақ іздеу үшін ормандарды аралап немесе бақтағы алма ағаштарында ілулі тұрған гамакта жатуға ықыласты адамдар көп. Ал қыста қар жамылған табиғатты тамашалап, шанамен сырғанап, шаңғы теуіп жəне  камин пешінің жанында  ыстық  шəй ішіп, демалыстарын тыныш өткізгісі келетін қалалықтар үшін таптырмас демалыс ұйымдастырып, жақсы кəсіп жасауға болады.  Егер ауылыңызда халықтық қолөнер дамыған болса, қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағам түрлерін ұсынуға болады. Шағын мастер кластар ұйымдастырып, пайдалы демалысқа айналдыруға болады.
3.Кактус өсіріп сату бизнесі
 
Кактус өсіру - көп қаражат пен соншалықты күтімді керек етпейтін  пайдалы кəсіптің бірі.
Жалпы кактус үй температурасында өсе беретін өсімдік болғандықтан үйде отырған кез келген қыз-келіншек терезе алдына немесе балкон, лоджияға арнайы стеллаждар орнатып, өсіре берсе болады. Жыл он екі ай бойы өсіруге болады. Жыл мезгілдері кедергі емес. 
Бір кактус  жарты жылда гүлдейді. Гүлдеген сəтінде қымбатырақ бағалауға болады. 
Гүлдегенін күтпей де сатып алушылар көп болады. Себебі, қазіргі күні барлық адам үйде де, жұмыс орнында да компьютермен жұмыс істейді. Ал кактустың компьютерден бөлінетін ультракүлгін сəулесін бойына сіңіріп алатын қасиеті бар. 
 
Кактусты қалай сатуға болады? 
 
• Гүл сататын дүңгіршектермен келісім жасауға болады. 
• Гүл жəрмеңкелеріне шығарып сатуға болады. 
• Ең тиімді əдіс əлеуметтік желілерде пайдасын жазып, əдемі суреттерімен жарнамалық жазбалар арқылы сату. Түрлі топтарға бөлісіп, таргет жарнамасын жасап, жарнамалық сайттарға жариялап ғаламтордың барлық мүмкіндігін пайдаланған жөн. 
Арнайы сайт ашып қою да тиімді.
4. Жыл он екі ай бойы пайдасын тигізіп тұратын тағы бір бизнес түрі "ақылды" бау-бақша кəсібі.
 
 Verdeat стартапының авторлары көк-сөк пен көкөніс, жемістерді пəтерде өсіретін құрылғы ұсынып отыр. 
Олардың айтуынша гидропоникалық құрылғыда өсірілген өнімдер əдеттегі жерге егілген өсімдіктерге қарағанда өсу жылдамдығы  40%-ке жоғары болады. Эко-тұқымдар арқылы егілген бақша дақылдары пестицидсіз жəне ГМО-сыз өсіріледі яғни, бұл  табиғи өнім пайдалануға зор мүмкіндік. 
Су мен электр қуатын мейілінше аз керек ететін бұл құрылғыны смартфонға қосымшасын жүктеп алу арқылы жұмысын реттеп, бақылап  отыруға болады.  
Бұл кəсіптің ең басты тиімділігі - нарықта əзірге бəсекелесі мүлде жоқ. Бұл құрылғы туралы ғаламтордан толығырақ мəлімет алуға болады.
 
5. Фотоальбомдар мен фотокітаптар жасау бизнесі
 
Қазіргідей барлық фотоларымыз электронды құрылғыларымызда сақталған дəуірде арнайы фотоальбом жасау туралы көпшілігіміз ойласақ та, жасай қоймаймыз. Сондықтан бұл бизнесті қолға алған адамға тапсырыс көп болуы əбден мүмкін. Кəсіп бастарда түрлі-түсті принтер, мұқаба жасайтын станок сатып алсаңыз жетіп жатыр. Бұл заттарды сатып алуға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, шағын баспаханалармен жұмыс істеуге болады. 
Нарықта сұраныс бар. Бəсеке де бар. Бірақ қиялыңыз жүйрік те бай, фотоөнеріне қызығушылығыңыз болса жəне сапаны жоғары қойсаңыз бəсекелестерңізді басып озуға мүмкіндік зор. Қызметіңізді əлеуметтік желілер арқылы жарнамалай аласыз.
 

1220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз