Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 13 Қазан, 2020

Балық шаруашылығын дамыту маңызды

Алматы облысындағы «Есік» форель шаруашылығына жолымыз түсті. Осы орайда, балық мектебінің атқаратын жұмысымен кеңінен танысқан едік. Алдымен көзімізге түскені 3 блокта тұрған 120 бөшкелердегі сан алуан балықтардың тұнық суда сайран салуы болды. Шаруашылықтың алдағы уақыттағы жоспары туралы да кеңінен сөз болды. 

Балық – көптеген адамдардың ең сүйікті тағамдарының бірі. Адамдар өзен, теңіз және мұхит, сондай-ақ, ақ және қызыл, майлы және майлы емес балықтарды, яғни әркім әртүрлі балықтарды жақсы көреді. Адамдар оны кез келген түрінде жей береді. Және ол қайнатылған, қуырылған, буланған немесе көмбештелген, тұздалған, маринадталған, ысталған, тіпті шикі балық болсын, өзінің ерекше дәміне байланысты кез-келген адамның көңілінен шығып, тәбетін ашады. Ет тұтынатындарға қарағанда балық жейтіндер көп. Өйткені тіпті, ет жемейтін кейбір адамдар балықтың артықшылығы оның етінің құрамында екенін біле отырып, балық жейді. Оның құрамында A, D, E дәрумендері мен кальций, йод, темір, магний, фосфор, селен, мырыш бар.

Тауық еті секілді балықтың құрамында да адам ағзасы жақсы сіңіретін өте жоғары, сапалы ақуыз бар. Ол, өз кезегінде, ағзаға қажетті барлық аминқышқылдары қамтиды. Балықтың пайдасы орасан зор. Қан ұю функциясын қалыптастырып, қандағы холестеринді төмендетеді. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және жүрек-қан тамырлар жүйесін нығайтуға ықпал етеді. Қалқанша безінің функциясын реттеп, тері, шаш, тырнақ, сүйек пен тістің және ұйқының жағдайын жақсартады. Көптеген аурулардың алдын алады. Көздің көру қабілетін жақсартады. Жүйке жүйесін тыныштандырады. Адамның өмір сүру ұзақтығын арттырады, зат алмасуды қалыпқа келтіреді. Балық жегеннен артық салмақ қосылмайды. Тіпті майлы балықтың өзі құрамындағы майлы қышқылдарының арқасында салмақ қосуға ықпал етпейді және оны тұтыну арқылы артық салмақтан арылуға болады. Сол себептен де, диетологтар салмақ тастағысы келетіндерге көмбештелген немесе суға пісірілген балық жеуді ұсынады. Балықтың пайдасын біле тұра оны екінің бірі тұтынбайтыны өкінішті-ақ. Қуанарлық жағдай республикамыздың әр жерінде балық өсуіруді қолға алып жатқан саусақпен санарлықтай шаруашылықтар бар. Есік, Шонжы, Көлсай, Түрген жерлерінде балық өсірумен шұғылданатын шаруашылықтары туралы естіп білдік. Біз солардың бірі – балықтың төресі  ханбалық пен албырт тұқымына жататын балықтарды өсіріп жатқан Есіктегі мекемеде болып, біраз жайға қаныққан едік.  

– «Қазіргі таңда еліміздегі балық шаруашылығындағы басты мәселердің бірі – кадр тапшылығы. Осыған байланысты, балық мектебін аштық. Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, оқу орны базасында ғылыми-өндірістік орталық құрдық, студенттерге теориялық білім беріп жатырмыз. Бізде студенттер тәжірибеден өтеді. Осыдан кейін ғана жұмысқа орналасады. Балықтардың түр-түріне қолданылатын жемдері де сан қилы. Сондықтан тамақтандыру ережелерімен таныстырамыз, қажетінше үйретеміз. Балық аурулары туралы да мағлұмат береміз. Ал шаруашылықтың өзіндегі толық базалық курсты 10 күнде өтуге болады. Биылғы жылдың өзінде 30 адамды оқытып, соның ішіндегі 10 адамды жұмысқа алдық», – дейді «Есік» балық шаруашылығының менеджер-директоры Марлен Тұрсынәлі.

Қазір Есік балық шаруашылығында балықтың 6 түрі өсіріледі. Олар: ханбалық, сазан, амур, дөңмаңдай, бекіре, клариус сомы. Жылына 250 тонна форель, 50 тонна бекіре өндіріледі. Негізгі тұтынушы – Алматы қаласы мен облыс халқы. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.

– «Балық мектебіндегі» алты бассейнге балықтар салмақтарына және жылылық пен суықтықты сүйгіштігіне байланысты іріктеліп салынады. Өсірілетін балықтардың уылдырығын шетелден алып, инкубаторларға бөліп, сұрыптап саламыз. Балық өсе бастаған кезде аурулары да пайда болады. Олармен екі ихтиолог мамандар жұмыс жасайды. Өсірілген балықтарды Алматы қаласының үлкен супермаркеттеріне сауда-сатыққа шығарамыз. Сондай-ақ «Ұлжан» ықшамауданында «King Fish» атты  тірі балықтарды сататын арнайы дүкеніміз бар», – деді балық мектебінің директоры Гүлшат Агментаева.  

Алдағы уақытта балық шаруашылығына субсидия бөлінуі ықтимал. Әзірге елімізде тұралап тұрған бизнестің бұл түріне субсидия мүлдем қарастырылмаған.

Қазақстанда 40 мың көл, тоған бар. Соның балық шаруашылығына қолданылып жатқанының көлемі бір пайызға да жетпейді екен. Ал сирек балық түрлерін өсіретіндер саусақпен санарлық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әр адам жылына 16 келі балық тұтынуы тиіс. Бұл көлем біздің елде төрт есеге кем. Экология министрлігі балық шаруашылығымен айналысамын дегендердің шығынын жартылай субсидиялауды ұсынып отыр. Осылайша аталмыш кәсіп түріне жан бітірмек. Осы ретте үш жылдық шығын көлемін де есептеп қойыпты. Бюджеттен 6 миллиардтай қаражат қажет. Дүкендерге апарылатын балықтар алдымен ветеринарлық клиникадан өтеді. Осы жайында балық мектебінің қызметкерлері Жансұлу Ықыласқызы мен Әділбек Абай бізге көптеген мағлұмат берді. 

Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Бұлардың қатарына майшабақ, скумбрия, креветкалар, мидия және тағы басқалары кіреді. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. Бұл ретте, импортты алмастыру мақсатында Қазақстанда албырт, бекіре балықтарын өсіріп, Каспий теңізінде майшабақ пен килька балықтарын аулау қажет.

Қазақстан жыл сайын жақын және алыс  шетелдің 36 еліне құны 60 миллион АҚШ долларын құрайтын 30 мың тонна балық эскпорттайды.  Енді министрлік экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін алға тартып отыр. Егер осы бастамасы жүзеге асатын болса, Қазақстан 60 емес, 600 миллион АҚШ долларына экспорт жасай алады. Осы орайда шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар заңға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр. Бұл, шамамен жүз мың (100) мың жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал ететін болады. 

Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтармен жүз пайыз (100%) қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Ал импорттың тоқсан бес пайызын (95%) теңіз және мұхит балықтары құрайды. Бекіре және албырт тұқымдас балық түрлерін өсіру арқылы импортты алмастыруға болады. Мәселен, инвестициялық жобалардың есебінен 2024 жылы нарықты бекіре балықтарымен қамтамасыз ету он пайыздан (10,2%) алпыз бес пайызға (65%), ал албырт балықтары бойынша алты пайыздан (6,2%) сексен алты пайызға (86%) жеткізуге мүмкіндік бар. Және келесі он (10) жылдың ішінде қолдағы бар су айдындардың сыйымдылығын ескере отырып, экспорт көлемін арттыру да қарастырылған.

Салтанат ҚАЖЫКЕН 

648 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз