Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Қазан, 2020

Шопанбайдың шарбағы (әңгіме)

Шалдың мойнына ораған көлдей ақ орамалдағы қыраудай әппақ шаш екі тізесінен сәл жоғарырақ, бір жерде шашусыз жинаулы жатыр. Иіс сабынның көбігіне жабысқан шашын ұстараның жүзінен түскенін түскенше еті қашқан тарамыс саусақтарымен іліп алып, аса бір ұқыптылықпен жинап отырған да шалдың өзі. Шалдың мойнына ораған көлдей ақ орамалдағы қыраудай әппақ шаш екі тізесінен сәл жоғарырақ, бір жерде шашусыз жинаулы жатыр. Иіс сабынның көбігіне жабысқан шашын ұстараның жүзінен түскенін түскенше еті қашқан тарамыс саусақтарымен іліп алып, аса бір ұқыптылықпен жинап отырған да шалдың өзі. -Еркебұлан-әй, мына шашты ал да, анау дәу талдың түбіне көміп тасташы.

Немересі кеше ғана әкесі екеуі қораның көңін ойған кетпенге қарай томпаңдай жөнелді. Ауланың төріндегі көлеңкесі үлкен қара талдың қасындағы ошаққа асылған тай қазандағы қайнап жатқан суды дәліздегі үлкен ақ шылаушынға шелектеп тасып жүрген кемпір:

– Еркеш, терең қазып көм, аяқ асты болмасын, – деп дауыстады.

Кейуана ырымшыл. Бұл мәселе жөнінде ол кісіні «академик» десе де болады. «Үйге қарай жүгірме», «күлді шашпа», «от шығарма», «суға түкірме»... Қариясының қыраудай аппақ шашының қотыр ешкінің қылшығындай жыңғыл қораның қабырғасына ілініп тұрғанын көргісі келмеген шығар.Шал көзінің қиығымен баласын бағып отыр. Шалдың асылдың сынығындай ардақтап жүретін ұстарасы болатын. Баласы жас кезінде оның қызғылт түсті мүйіз сабына қатты қызығушы еді. Бірақ қытымыр шал оны өзінен басқа тірі жанға ұстатпайтын. Шашын алдырып болғаннан кейін мұқият тазалап, жуады. Сосын оны құрғақ шүберекпен баппен, асықпай сүртеді. Осыдан кейін ғана ұстарасын барқытпен бипаздап орап, сопақша келген қоңыр қорабына салып, тығып тастайды. Шалдың буырыл шашы тікірейіп қайта шыққанша оған енді бұл үйде ешкім жоламайды. Шал сол өзі бағалап ұстаған дүниенің қадірін баласы білер ме екен, білмес пе екен дегендей, сынай қарайтын сыңайлы. Шалдың әрбір көзқарасын жас кезінен ұғып өскен баласы бұл «емтиханнан» сүрінбей өткен сияқты. Шал, әсіресе, баласы ұстараның алмастай өткір жүзін жасырып тұрар ұңғысындағы су тамшыларын үрлеп кетіріп, бір тал сіріңкемен шаштың қиқымдарынан тазартқанда масаттана қозғалақтап қойды.

– Суды томыртқалап қойдым. Таза іш киімің де дәлізде тұр.

Кемпірдің көңілі хош. Соңғы көздері қыңқыл-сыңқылы көбейіп кеткен шалы бүгін алабөтен қунақ. Күншуаққа шығып, баласына шашын алдырып отырып бұған: «Бұлбике-әй, су қайнатшы. Әшірәлім барда бір рахаттанып шомылып алайын» деді.Бала кезінде кешке дейін аттың үстінде жүріп, үйіне шаршап қайтатын әкесі кемпіріне етігін шешкізіп жатып: «суыңды томыртқалап әкелші» дейтін. Сонда кемпірі ошақтың үстіндегі буы бұрқырап тұрған құдықтың мұздай суынан араластырып, қанжылым ғып әкелетін. Баласы бұл сөзді естімегелі қашан.Шалдың шашын алып, сақал-мұртын бастырғанда бұлай қиналмап еді. Дүниеде еті қашқан кісінің терісіне сабын сүйкеуден өткен қиямет-қайым жоқ екен. Жон арқасынан шып-шып тер шықты. Бір кездегі нар кісінің сүйектері қушиған пұшайман халін көру қандай азап. Қолындағы сабынды сүйкеген сайын шалдың қабырғасы ырсиған арқасын қажап жатқандай қысылды. Тізеде шодырайған сүйек қана қалған. Бір қырым ет жоқ. Әйтеуір, өзі отырып, өзі тұрып жүретіні дәтке қуат. Кемпір дәліздің есігінің сыртынан: «әй, болдыңдар ма түге» деп үшінші рет келгенде, шал мен баласы есіктің ілгегін ағытып, сыртқа да шықты-ау...Шал ақ матадан тігілген кең көйлек-дамбалын киіп, иығына жеңіл шибарқыт шапанын желбегей жамылған соң сұсты қалпына түсті. Құйқасы аршыған жұмыртқадай әппақ болып тұрған басына үлкен дәу дәсорамалын жауып, үстінен қара тақиясын баса киіп алды. Қара талдың көлеңкесіне төселген тақтайдың үстіне дастарқан жайып, ас қамдап жүрген кемпір: – Көптен бері өзін құр аттай жеңіл сезінгені осы шығар, – деп өзінен-өзі күбірлеп қояды.Десе де, бағлан қозының былбырап піскен етінен шал аузына көп салмады. Алдындағы майлы етті баласының тұсына қарай ысыра берді. Жілікті немересіне ұсынды. Бір керемет шөл қысып отырғандай оқтын-оқтын жұтынып, тілімен таңдайын жібітіп, тамсана берді. Шалының көңілі нені қалайтынын қас-қабағынан сезе қоятын кемпір шалына арнап дереу бөлек шай жасады. Жиегіне жез түсті сызық жүргізген ақ кесеге ерні тиіп, сүт қатқан ыстық шайдан шым-шым  ұрттаған сайын шалдың реңі кіре бастады. Маңдайы жіпсіп, тұла бойы бусанды. Көңілі әбден жадыраған мезгілде немересіне

:– Қарагер мен торыны ертте, – деп әмір етті.Баласы:

– Әке-ау, аттарды ерттетіп неғыласыз? – деп қалған.

– Жә, мына Еркебұланға атамекенін көрсетіп қайтайық.– Кеше жол-жөнекей машинамен келе жатып бәрін көрді ғой.

– Ой, сөзіңе болайын сенің. Туған жер төсін атасымен аралағаны бір төбе емес пе. Сосын... саржелдіріп атпен жүргенге не жетсің! Солай ма, Еркебұлан?

Ырымшыл кемпір құдайға сыйынып, дұғасын оқи бастады. Шалдың қылығынан көңіліне секем алып, шошына бастаған сықылды. Тәрізі «осы жарықтық бой жасағалы жүрмесе неғылсын» дейтінге келеді.Аттылы кісілер ауыл сыртындағы құмның жиегіне жетіп қалды. Шал немересін атына мінгестіріп алыпты. Баласы шөбіне шалғы тимеген даланың кәусәр ауасын ашқарақтана жұтып, жаны жадырап сала берген. Оның айналасына ынтыға қарап, құм гүлінің жұпар иісімен кеуде кере тыныстап келе жатқанын байқаған шал ақырын жөткірініп алып:

– Даланың келбеті өзгеріп пе, балам? – деген.– Тайтөбе бала кезімде биік сияқты еді, қазір шөгіп, аласарып кеткен бе?– «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен» деген осы. Бір орында тұрмақ дүние жоқ.Еркебұланды әдейі ертіп шықтым. Көрсін. Түйсін көкейіне. Өзің туған жеріңнің төбелерін  ұмытып қалған жоқсың ба?

– Жоға.–

Өткенде қырғыздағы Құрманқұл құдамыз келіп кеткен, – деді шал қарагердің басын қалың құмның биіктеу бір бұйратына қарай бұра беріп. – Сол әңгіме ғып, күліп отырды, қызталақ. Қылжақпас неме ғой өзі. Біздің ауылда біраз қазақтар тұрады дейді. Солар бірде желпініп отырып: «Біздің шыққан тегіміз мықты. Ақсүйектердің тұқымынанбыз» деп, мақтанса керек. Сонда қырғыз ауылының тіліне теріскен шыққыр қулары: «Мына Манас жақта Ақсүйек деген сай бар. Ашаршылық жылдары ауып келген қазақтар «ақ сүйек» болып, қырылып қалған сайды солай атап кетсе керек. Сіздер, сірә, сол жақтан болдыңыздар ғой» деп, ауыздарына құм құйыпты. Бас кеспек болса да – тіл кеспек жоқ. Менің ата-бабаларымның сүйегі де жат жұрттың бір аңғарында әппақ болып қурап қалмаса неғылсын.Алтынбек деген ағайынның қырғыз құдасын баласы білетін. Ұмытпаса, аты –Құрманқұл. Өзі қушыкеш, әңгімешіл кісі.– Әшірәлі, – деген бұған бір келгенінде кездесіп қалып, – біздің қырғыздарға қарағанда қазақтардың діні қатты, тілі тәтті. Менің Қатира деген көршім болды. Қазақтың қызы ғой, жаманшылық жылы біздің елге келіп, тұрмыс құрып, тұрақтап қалған. Сол апаң өле-өлгенше қазақша сөйлеп кетті. Бүкіл ауыл осы күнге дейін таңғалып отырады. Ал, мына Алтынбек құдам менің қызым Канымчаны айналасы бір-екі жылдың ішінде қазақ қып жіберіпті...Шал, баласы және немересі  бұйрат-бұйрат құмның биік жалына ілікті. Бұл арадан етектегі ауыл да, құмның ортасындағы қорымдар да алақандағыдай анық көрінеді. – Анау, – деді шал қабырғасы мүжілген шеткері моланы көрсетіп, – Айдарбек атаңның қорымы. Оның жанындағы Әлімбек атаңдікі. Атам мен әкемнен тірідей айырылып, шешем екеуміз әр үйге бір түнеп, көрінгенге көзтүрткі болып жүргенде басымызға баспана тұрғызып берген Айдарбек атаң болатын. Ұста еді ғой, жарықтық. Жүр, жақынырақ барайық. Шал қарагерін тебінді. Әкесінің ерсілеу көрінген бүгінгі мінезінен баласы да шошып, қобалжи бастады.Шал қорымның жанына келіп, аттан түсті. Тізгінін құранды ердің қасына іле салып, шылбырдың ұшын белбеуіне қыстырды. Сосын тізе бүгуге лайықты шөбі қалыңдау жерді таңдап жүріп тауып алды да, жүрелей жайғасты. Қырағыттай оқыған құранын аяқтап, алақанымен бетін сипады. Әләзір асығар ишарасы байқалмайды. Шөп басқан ескі қорымның кетеуі кеткен кесегіне айнала қарап жүр.

– Тозып кетіпті-ау. 

– Жөндетсе болмас па екен?

-Моланы жаңартпас болар. Мейірімің түссе, одан да жұма сайын құран оқытып тұр. Сол сауап болады.Шал ескі қорымды әлі айналшықтап қарап жүр.Ұлы қипақтады.

– Әке, біз шыққалы да біраз уақыт болып қалды...

– Жә, асықпа.– ?– Тыңдап алыңдар. Мынау екі шалдың моласының жанындағы анау кішкентай алаңқайды көріп тұрмысың. Мен көз жұма қалсам сол жерге қойыңдар.

– Ой, сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Құдайға шүкір, әлі тыңсыз ғой.

– Қайдағыны айтып тұрған жоқпын. Мен қатыбас өкіметтерді көп көріп, аузым күйген адаммын. Ата-бабамның малы мен жерін тартып алып, өздерін қаңғыртып жібергендері де болды. Мынау саған көрсеткен жерге ертең ауылдың әкімі үйіндегі төрінен көрі жуық шешесін жерлеймін десе қайтесің?– ?– Ә-ә, әкімнің дегені болады. Анау ылғи бидайық өскен шұрайлы саздың қалай аталатынын ұмытқан жоқпысың?– Шопанбайдың шарбағы деуші едіңіздер ғой.– Сол Шопанбай мына біздің бабамыз болады. Осы жер үшін ол қарашекпендермен де қырбай болған. Бірақ, қызыл әскердің қиғылығы одан да асып түсті. Төтеп бере алмады. Байтал түгіл бас қайғымен жан сауғалап, шүршіт асып кетті.Баласының шалмен тәжікелесуге дәрмені жоқ еді. Қай жылдары еді құдай-ау. Шал сол кездегі кеңшардың директорына барып: «Мынау менің ата-бабамның жері. Елдің аузында Шопанбайдың шарбағы деп бекерге айтылып жүрген жоқ. Лұқсат етсең, сол жердің шөбін ауылдың шалғышы жігіттерін жалдап өзім орып алайын» дейді ғой. Кеңшар директоры Ерман деген есті кісі екен. «Ағасы-ау, мен ол жерді мынау Мейірқұлдың ата-бабасының жері. Шөбін өзі орып алсын» деп бұйрық берсем, күні ертең аупарткомның бюросы менің екі аяғымды бір етікке тықпай ма? Баяғы бай-құлақтардың жырын жырлап жүрсің деп, мені де, анау әні-міні коммунистке өтемін деп далаңдап жүрген прораб балаңды да құртады ғой. Одан да сізге тура Шопанбайдың шарбағының өзі болмаса да, соның іргесіндегі Сасық көлдің бидайығы мен жантағын орғызып берейін» деп, қалың қасы қар жауғандай түнеріп отырған шалды үйіне әрең қайтарыпты деп еститін. – Осы түгін тартсаң майы шығып жатқан жерді бір сенатор бәленбай жылға жалға алыпты дейді. – Жерді де, малды да түгел бөліп берген жоқ па еді?– Атасының басы. Жүні жылтыраған мал да, шөбі белуардан келетін шұрайлы жер де бастықтардың қанжығасында кетті. Бұрынғыны ақ патша дедік, кешегіні кеңес өкіметі дедік. Мақұл. Ал бүгінгілерге не жорық. Министрлер, сенаторлар, әкімдер... «Аспаннан туырлық жау-са да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды» дегеннің кері осы. Ұлы қылпылдай бастады. Шалдың тілі ащы. Бұдан гөрі Құрманқұл қырғыздың қылжағы имантаразы. Әйтеуір, абырой болғанда қастарында ауыл басшылары жоқ. Шал кейіп тұрған сенатордың кім екенін ұлының іші сезеді. Обалы не керек, облысты басқарып тұрған кезінде өзіне деген ықыласы түзу болды. Тиісті орындарға телефон шалып, бұның қызмет көлігін жекешелендіріп алуына ықпал етті. Үмітсіз шайтан. Бір майлы жіліктің басы көрінетін сияқты. Ол қызметке қолы жетсе... Бұйыртса Астанаға барып, арнайы сәлемдесіп шықсам ба деп жүрген. Шалдың сөзінің жаны бар. Сенатор балаларына мыңдаған гектар жерді жалға әперіпті деп бұл да естіген. Бірақ бұ мәселе мұның әкесінің тура жанды жарасының аузын тырнап кететінін білген жоқ-ты. Ол кісінің жерден бөлек жекешелендіріп алған зауыттары қаншама. Шіркін...– Әке-ау, ол енді қаржысы бар кісілер...– Жә, неменеге шыр-пыр боп тұрсың. Маған енді анау өзіңе көрсеткен бұзау терісі – шөншіктей ғана жердегі қара бұйра топырақ бұйырса болды.Шал ашуланамын деп шаршап қалды. Кеудесі сыр-сыр етіп, ентіге демалды. Ерні кеберсіп қалған. Ұлы атының тізгінін әперіп, шалдың шапанының етегіне жабысқан шөп-шаламдарды қаққыштады. Шал қарагерге немересінің сүймелдеуімен әрең мінді. Еркебұлан шалды аяп кетті. Бір жағынан қартайса да емендей илікпейтін қайсар мінезіне таңғалады. Шал, әкесі және өзі. Үшеуі үш бөлек жан. Әкесінің өз пәлсапасы бар. Шал шындығын бүгін ашты. Апасының айтқаны рас болса...Мейірқұл кеңес өкіметінің қара жұмысына илікпеді. Үнемі ат үстінде жүрді. Өзі о бастан ыстық, суығына көндіккен жылқы малын бақты. Астында мойнын доғаша иген сұлу қара айғыр. Кейде оны әкесінен қалған ескі көз – күміс ер-тұрманмен ерттеп мініп шығады. «Байшікеш!» Бұл – басқарманың сөзі. Мейірқұлдың жүнін жығып, аяғына құлдық ұрғыза алмаған соң айтқаны. Тісін қайраумен талай түнді ұйқысыз өткізді. Ақыры тапты. Мейірқұлдың сағын сындыру үшін оны қалайда жансерігіне айналған қара айғырынан айыру керек. Бұл үшін Мейірқұлдың соңына аудандық милицияның әпербақан бастығын салып қойса болды. Айтқаны келді. Милицияның бастығы Мейірқұлға «не атты таңда, не түрмені таңда» деп шарт қойды. Ойлануға үш күн пұрсат. Мейірқұл қатты қиналды. Үшінші күн дегенде сылаңдаған қара айғырды қорадан алып шықты. Қорадан алып шықты да, құдықтың мөлдір суына әбден шомылдырды. Құйрық-жалын сүзіп, үстіне әппақ ақ жабуын жапты. Күміс ер-тұрманның айыл-әбзелдерін күнге жарқыратып ерттеді. Қара айғырды тойға баратындай сылап-сипады. Кемпірі көзіне келіп қалған жасты шалына байқатпай орамалының ұшымен сүртіп алды...Мейірқұл бұл кезде ауданға қарай баратын жолға түсіп еді. Майлы топырақты борпылдата кешіп, соңынан «әке» деп жүгірген баласына да бұрылмады...Кемпірі сол күні түнімен кірпік ілмей шықты. Мейірқұл таң аққаймақтанып атып келе жатқанда бір-ақ оралған. Қара жаяу. Түрі өрт сөндіргендей. Әлем-тапырық. Қолының саусақтарына, етігінің басына қан дақтары жұғыпты. Екі мұңлық бір-бірінің көңілін айтпай түсінді. Мейірқұл кемпіріне «су әкел» деп ым қақты. Мейірқұл алдымен қалтасынан ұстарасын алып жуды. Оның жүзі де қан екен...Сәске  түсте  ауданнан  ат  терлетіп  милициялар жетті. Мейірқұлдың қолын қайырып байлап, бір мәстекке мінгізді. Мейірқұлдың қара айғыры мен күміс ер-тұрманның тарихы ел аузында жыр боп жүрді. Біреулер Мейірқұл қара айғырын сойып алыпты десті. Енді біреулер қара айғырын құмның ішіне өз қолымен бауыздап, күміс ерімен бірге көміп кетіпті деп жүрді. Түрмеден соң «трудармияға» алынып, елге соғыс біткен соң бір-ақ оралған  Мейірқұл да  бұл туралы тіс жарған емес. Еркебұлан қалтасына қолын салды. Имек сапты ұстара қолына тиді. Алақанына салып, сабын қысып-қысып қойды.– Апа, – дейтін Еркебұлан кішкентай кезінде еркелеп, – атам ұстарасын неге тығып қояды?– Е, қарағым-ай, ол ұстараның жүзінде қан бар ғой... Соны көрсе қай-қайдағы есіне түсетін шығар. Шашын алдырарда амал жоқ шығарады...Еркебұлан атасының артына мінгесті. Белінен ұстап еді, қолы еті жоқ қабырғаға тиді. Қампитып тұрған құр шапан екен. «Қайран, атам!..»Қарагер мен торы ауылдың жолына түсті. Үш ұрпақтың өкілі үш түрлі ойдың құшағында. Еркебұланның қолы ұстарада... Текті тұқымның қаны өз жүлгесін тапқандай лып-лып етіп, түбіт мұрт жасөспірімнің алпыс екі тамырын қуалай ақты.***Ырымшыл кемпір босқа күдіктенбепті. Келесі күні таңсәріде, Шолпан жұлдыз туа шал дүниеден озды. «Арманы жоқ екен. Ақ өліммен өлді деген осы. Баласын шақыртып, бақұлдасып қалды. Қызметте ғой. Немерелері де жеті жұрттың тілін біледі екен. Бақыттымын деген адам Мейірқұлдай-ақ болсын» десті жұрт.Қайтсін. Бақыт деген сөздің мәнін өздерінше ойлап, өздерінше топшылағаны ғой. 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы

«Үркер» журналы

621 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз