Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 16 Қазан, 2020

Жерік –  желік емес

Бала мінезі анасының жерік асына тартады

 Қазақ тәжірибесінде ауыр аяқ, екі қабат әйел ертелі-кеш әйтеуір бір тағамға жерік болады. Мәселен, кейбір ана төрт-түлік малдың етіне, кейбір ана аң мен құстың етіне, кейбір ана жеміс-жидек сынды тәтті шырынды нәрселерге, көк тат тәрізді, кей ана ащы бұрыш, басқа да ащы-тұщы нәрселерге, қышқыл, кермек жемектіктерге, кей ана ойда жоқ қай-қайдағы қиын қиырдағы қол жетпес нәрселерге жерік болады. Кейбір аналар жыртқыш аңдар етіне, кей аналар топырақ, күл тәрізді ұсақ-түйек нәрселерге құмартады.

Жә, қызығы да, қиыны да сол, бір асқа жерік болған ана сол жерік асын жегенше күні-түні көксейді. Аңсап, асығып тұрады. Аңсаған асқа аңсары ауа береді. Сілекейі шұбырады, ұйқысы қашады. Ойы бұзылады. Қарадай мазасы кетеді. Мінезі өзгереді. Жерік асын қашан бір тауып жесе, сонда жерігі қанады. Көксігі басылады. Жерік асқа ауған аңсары тоқтайды. Көңілі жай табады, бойы кеңиді. Ойы сергиді. Жайбарақаттанып қалады. Мұны қазақ «әйел жерігі», «жерік асы», «жерік немесе көксік», «көксеу» деп атайды.  Қазақ азаматтары әйелі бір асқа жерік болған күннен бастап, сол жерік асын қайдан болса да тауып әкеліп жегізеді. Өйткені, жерік асын қанып жемеген, жерігі қанбаған, көксігі басылмаған әйелден жетесіз бала туады. Ол баланың ерні жырық, мұрны тәмпіш, таңдайы шұңқыр, қол-аяғы қисық, бос сүйек, әлсіз болады деп  ұйғарады. Сондықтан жерікті әйелге ерекше көңіл бөледі, бөлекше назар аударады. Қандай қиын жағдайға қарамастан, әйелінің жерік асын іздеп тауып жегізеді.

Ал әйелінің жерік болған асы – арқар, құлжа, бөкен, қарақұйрық, тауешкі, елік, бұғы сынды бейуаз қоңыр аңдардың еті болса, онда қасына жолдас-жораларын ертіп, қару-жарағын асынып, тазысын алып, аң аулауға шығады. Құдай қалап, сол аңды атып алса, үйіне әкелген соң аңның қаракесек етін күлдей ұсақ етіп турап, жұмсақтап былқытып қуырады. Қалған сүйек-саяқтарын қазанға асады, ауылдағы көрші-қолаңдарын шақырып, өзімен бірге аң аулауға барған достарының әйелдерін жерік асын бірге жесуге шақырып, дастарқан әзірлейді. Яғни, «жерік ас» деген атпен дастарқан мәзірін өткізеді. Осы құрметке жиналған әйелдердің арасынан көпті көрген, көнекті тескен, көнені білген бір кейуана ақ білегін сыбанып тастап, дастарқан мәзірін басқарады. Жерік әйелге дайындаған бақырдағы қуырдақ пен қазандағы еттен басқалар ауыз тимей тұрғанда астың алдын бөлек алып, ең алдымен сол үйде жерік болып отырған әйелге береді. Егер жерік әйелден бұрын басқалар ауыз тиіп қойса, жерікті әйел шала бала туады немесе түсік тастайды деп ырым етеді. Жерікті әйел қашан бір жерік асын жеп, терлеп-тепшіп жерігі қанып, көні көншіп, зарығы басылып болғанша басқа келген қонақтар ол астан ауыз тимей, әңгіме-дүкен құрып отыра тұрады. Кейуана жерік асты жеп отырған жерікті әйелдің қасына келіп, жерік асы туралы, жерік туралы өлең-жыр айтып, жерікті әйелдің тілеуін тілейді, батасын береді.

Жерік-жерік, жерден шық,

Жерігі қанса көктен шық.

Жерігі қанған балақай,

Басқа баладан өктем шық.

 Жерігі қансын,

Бағы жансын.

Тілеген тілегін,

Алла қабыл қылсын.

 Жолы жарық ашылсын,

Көксігі дереу басылсын.

Көксеткен көксеу жерігі

Жақсылық болып жазылсын.

Құрсақтағы бөпе айдай толсын,

Ақырына дейін аман болсын.

Анасы мен баласының денсаулығы

Қортылған мықты құрыштай болсын.

 Жерік ырымы құтты болсын,

Дастарқанға ырыс толсын.

Бай дәулетін берсін,

Артынан азамат ерсін.

 Келген аяғымыздан құт қонсын,

Туылар бала ұл болсын.

Жеген жерік асыңа

Ақ тілектен жол болсын.

 Жерік-жерік жегізсін,

Жерігің жетерлі дегізсін.

Жерік астың артынан,

Сегіз ұлды ергізсін.

Міне, осы ақ тілек, жарма жүрек сөзден кейін әлгі жерікті әйел терлеп-тепшіп отырып, жерік асын жейді. Қанып, сорпа-суын ішеді. Сосын барып балбырап, тәтті ұйқыға кетеді. Алпыс екі тамыры түгел иіп, топса-топсасы босайды. Дидары нұрланады, жерігі басылады.

Мұнда тағы бір назар аударар мәнді мәселе, кей ананың жерігі бір жолғы жерік асымен басылады. Тас түйін жерігі тоқтап қалады. Тоқырап тынады. Кей ананың жерігі екі-үш күнге созылады. Кей ананың жерігі бір жұма не бір айға жалғасады. Кей ана ұқсамаған бірнеше түрлі асқа арты-артынан жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ «жұпты жерік» немесе «қайталама жерік», болмаса «созылмалы жерік» не «жарыспалы жерік» деп те атайды.

Иә, жерік дегеніміз не? Оның көксікпен қандай байланысы бар?

Әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі суретке айналғаннан бас-тап ана денесіндегі дәрумендермен, қажетті қоректіктермен қоректене бастайды. Іште жатып-ақ сол қоректіктермен тоғыз ай, тоғыз күн қоректеніп өседі. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумендер іштегі баланың өсіп жетілуіне, азықтанып, ауқаттануына жетіспейді. Не мүлде жоқ болуы да ықтимал. Жаңа ғана адам суретіне айналып келе жатқан бөбек ана денесінен таба алмаған азығын ендігі жерде сырттан іздейді. Осы кезде іштегі баланың қажет еткен дәрумендерін анасы өз денесімен қамдап бере алмайды. Бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Аңсары ауады. Көксікті ас іздейді, жегісі келеді. Тоқ етерін айтқанда, жерік асы – әйелдің организмінде жоқ не мүлдем кем дәрумендер болып табылады. Мұны қазақ «ананың жерігі», «іштегі баланың көксігі» деп атайды.

Иә, дана қазақ, дара қазақ қандай «жерік», қандай «көксік» болса да, сол асты қайдан болса да тауып жегізуге, жерік пен көксікті басуға тырысады. Егер жерік өтіп кетсе, жерігі қанбаған әйелден мінезі шадыр, кем бала туылатынын біледі, ырым етеді. Ата қазақта осыған орай туған мынадай мақал-мәтел бар. «Көксігі қанбаған әйелден «көк соққан ұл туады», «Жерік асын жемеген, жерігі қанбаған әйелден жетесіз  кем-кетік ұл туады», «Жерік асын жеген – жетілер, жерік асын жемеген – кетілер», «Жерік асын жеген әйелден жетелі ұл туады, жерік асын жемеген әйелден жырық ерін қыз туады», «Жерікті әйел желкілдеп тұрмайды, жеріксіз әйел бұған ұқсамайды», «Жерікті әйел ас таңдайды, жеріксіз әйел мұны аңдамайды», «Жерікті әйел жерігін жегенше қаншардай қатады, жерік асын жеген соң балдай ұйқыға батады», «Жерік желкілдетер, көксік көкшеңдетер» деген сөз тіркестері жерікті әйелдің дара табиғатын айшықтап, аша түседі. Ас таңдап, дәм талғап жейтін дара мінезін көрсетеді, көрнектілендіреді.

Жерік асы – тума мінезді қалыптастыратын ең негізгі фактордың бірі. Сүтпен бітіп, сүйекпен кететін адамның дара табиғатын тасқа басқандай танытатын, бітімдер мен пішіндерді, жан мен тәнді айқындайтын, мінез бен сырды сырмалдайтын, адам қасиетін қалыптастыратын, кие мен иені көрсететін аса көрнекті астың бірі саналады. Біз төменде жерік асының қыры мен сырын ата-бабаларымыздың басынан өткен оқиғаларынан алып, жазуды жөн көрдік.

 Ана аю етіне жерік болса

 Қазақ халқында мынадай бір ырым бар. «Екі қабат әйел не нәрсеге жерік болса, кейін туылған баласының мінезі жеген жерік асына тартады» деп нанады. Егер анасы аю етіне жерік болса, туылған баласы бейне аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңғал-саңғал, аңқау келеді. Жұмыс істегенде қорбаңдап, икемсіз болады. Әрекеті баяу, аяқ алысы ауыр, балпаңдап, жайбасарланып жүреді. Айтқан сөзді желкесімен тыңдайды, құлағы ауыр, мінезі сабырлы көрінеді. Бір жұмысқа жұмсасаң, орнынан әзер қозғалады. Сараң сөзді келеді. Жүргенде екі жаққа ырғалып, балпаң-балпаң етіп, аспай-саспай жүреді. Есейе, ес біле келе, ешкімге де дес бермейді. Қаруы ақылына сай, арыстандай азамат болып ер жетеді. Көзі жұмықтау, құлағы шұнақтау келеді. Қол-аяғы балғадай, екі беті алмадай, шымыр денелі болып өседі. Атағы жеті жұртқа жеткен, жетелі азамат болады. Бір кемшілігі – қорқақтау, табансыздау болады. Дүйім жұрт жиналған жерге көп байыздап тұрмайды. Үлкендерге, өзі теңдестеріне, тіпті өзінен кіші адамдарға да қарсы келмейді. Күші қаптал жетіп, ойы орап тұрса да, бір нәрсеге батылдық етпейді. Содан қарадай қашқақтап, шегіншектеп, бойын сыртқа тарта береді. Көп нәрсеге үрейленіп, үркектеп қарайды. Әсте алдыға түсіп, басқалардан қара озып жүгірмейді.

Ал ашу-ызасы келсе, бәрін де тас-талқан етіп, апырып-жапырып кетеді. Таудан тас құлағандай қопал-қопал қылықтар көрсетеді. Жерді жарып, айқай салады. Тіпті, бақырып-шақырып кетеді. Әйтеуір бір жақсысы, ондай мінез ұзаққа бармайды. Өзі сыйлап, жақсы көріп жүрген әлдебір үлкен адам ақыл айтса болды, ашуын тежеп, айбарын жоғалтып, тоқырап, тоқтап қалады. Ойланып, ашуын ақылға жеңдіреді.

Аю етінің жерігінен туылған азамат – елге еш жамандық ойламайды, қастық сайламайды. Басқалармен бәсекеге түспейді. Қызарақтап, қызғанбайды, қашанда өзіне бұйырған несібесін алып, оған қанағат етіп, жұмысты апырып-жапырып бітіріп тастайды да, қарны тойса, жұмысы бітсе, балпаң басып қасқайып кете барады. Мұндай адам біреуге жұмыс істесе, істеген жұмысынан ақы дәметпейді, сүйінші сұрамайды. Біреуге істеген ісін достық көмек, кісілік ниет, адамгершілігім деп, есептеспей жүре береді. Тіпті, азаматтығым деп те біледі.

Мұндай адамдардың өң-тұрқы көбінде қара торы не ақсары, не аққұбаша болып келеді. Сұлу шырайлы болады. Бармақ саусақтары барбиған жуан болады. Ерні салбыраңқы келеді. Мінезі жақсы болса да, көбінде қабағын түйіп түксиіп жүреді. Мұндай жеріктен туылған адамның біразы кебеже қарынды, ет жеңді келеді. Дөң, күдіс жауырынды, бура санды болады. Даусы аюдай күрілдеп шығады. Мінезі бірбеткей болады. Айтқанынан қайтпайды, ойға алғанын орындамай тынбайды. Өтірік айтпайды, шындықты бетке бадырайтып айтып салады.

Сосын жайбарақат қарап отыра береді. Кедей-кембағал, жоқ-жітік, жетім-жесір, мүгедек-кәріп адамдарға жаны ашып, қарайласып жүреді. Қолдан келген көмегін аямайды. Қолда барын бір-ақ бере салып қарап отыратын тұстары да болады.

 Иә, аю етінің жерігінен туылған мұндай адам дүниені елең құрлы көрмейді. Топан суды тобығынан келтірмейді. Жалғанды жалпағынан басады, алған бетінен қайтпай алға қарай жүреді.

Егер осындай аю етінің жерігінен туылған қыз бала болса, дене бітімі кесек, қол-аяғы ірі, жалпақ бетті, жалпақ алақанды, жалпақ табанды, қалың етжеңді ерінді, тана көзді, дана сөзді, дара мінезді еркекшора болады. Қару-қайраты ер адамдардан кем түспейді. Өзіне қарсы келген әйел болсын, ер болсын, белінен бүктеп, алып ұрады. Қолы жомарт, ақшелек, жарқын жағымды жүзді болады. Бір айыбы – қызғаншақ, ұрыншақ, қылжақ сөзді жындыбастау келеді. Махаббатқа жауапкерсіз, дала кезбелеу болады. Үй жұмысына сақ болғанымен жауапкершілігі аз болады. Тамақ істеу, бала бағуға мойын бұрғысы келмейді. Ыдыс-аяқ жаққа барса, салдыр-гүлдір еткізіп, бірін-біріне соғып, кемінде бір кесені сындырып кетеді. Киімді олпы-солпы киеді. Жарасса да, жараспаса да үстіне іліп алып, хан базарда, қонақта, тойда тартып жүреді. Басқалар өзіне қандай көзбен қарайды, қандай баға береді, онымен есептесіп жатпайды.

Бәрі өзіне дұрыс болса болды. Өз сезімі қабылдамаған,  басқалардың айтқан қандай да ақылын қабылдамайды. Әйел адамдардан көрі ер адамдармен сырласуды, әйел адамдардың жұмысынан көрі ер адамдардың жұмысын істеуді ұнатады.

 Аю етінің жерігінен туылған Байғозы балуан

 Жә, жерік асының ырымдық түп-тамырын өткен ғасырдағы аңыз-әңгімелерден із сабақтап көрейік. Баяғыда өмір сүрген, аты аңызға айналған Байғозы балуанды естімеген қазақ баласы аз шығар. Бірақ Байғозы балуанның Хадиша анасы жүкті кезінде аю етіне жерік болғанын бір қазақ білсе, бір қазақ біле қоймас.

Байғозы балуанның әкесі Бұланбай балуан елге атақ-даңқы кең жайылып тараған адам екен. Ол көп жылдары балаға зар болып жүріп, бір күні Бұланбай балуанның әйелі Хадиша апамыз жүкті болады. Бір ай өткен соң, аю етіне жерік болыпты деседі. Төбесі көкке тиіп қуанған Бұланбай балуан Қалба тауына аңға шығып, аю атып алады да, оның етінен мол қуырдақ қуырып, әйелі Хадишаға жегізеді. Сонда бебеу-леп тұрған Хадиша апамыздың жерігі басылады. Бір қызығы, осыдан бір ай өткен соң Хадиша апамыз енді қозының етіне жерік болады. Мұны білген Бұланбай балуан қорасынан бір ақсарбас қойды ұстап, оны әйелінің жерік асына арнап сояды. Әйелі бір қозының етін бір жұмада  тауысып жеп, жерігі басылады. Мұны қазақ ырымында «жұп жерік» деп атаушы еді. Осы жұп жеріктен кейін Хадиша апамыз тоғыз ай, он екі күн өткен соң, ұзақ және ащы толғатып барып, балпанақтай бір ұл туады. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, ұл сүйіп қуанған Бұланбай балуан баласына «шілдехана» ырымын өткізеді. Үлкен той жасайды. Әйелінің қалжасына көк қасқа тай атап,  атан өгіз сояды. Бесік той жасайды. Осы тойда Бұланбай балуан дүйім жұрт алдында молдаға баласының оң құлағына азан шақыртып, сол құлағына тәкпір айтқызып, «Байғозы» деген есімді таңдап қойғызады.

Иә, Бұланбай балуанның баласына Байғозы деп ат қоюының да өзіндік сыры бар еді. Хадиша апамыз бірде аюдың етіне, бірде қозының етіне жерік болды. Осыны ой елегінен өткізген Бұланбай балуан баласына Аюбай деп қойсам жараспас, харам нәрсенің есімі болар, Қозы деп қойсам мал төлі, халал есім болар. Бай деген сөзді қоссам дәулеті артар, мінезі жақсы болар, анасының соңғы жеген жерік асына тартар деген ырыммен Байғозы деп осы есімді таңдаған екен.

Жә, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөгіс сөз бар.

Бұл дұрыс па?

Ырымның да озығы бар, тозығы бар. Атадан қалған, анадан жеткен салт-дәстүр, ғұрыптар ешқашан қиялдан, ойдан туған нәрсе емес. Ұзақ ғасырлық тәжірибеден өткен, өмірмен бірге жасап жеткен, тіршілік аясында дәлелденген тәрбиелік мәні бар ырымдар жай ырым емес, «Қазақы ғылымдар» деуге болады.

Ал көр жерді, көрінгенді, түкке тұрғысыз нәрселерді ырым ете берсе, өмірге көрсетер өнегесі, жастарға берер тәрбиесі, тіршілікте мағынасы болмаған ырымдардың қырын кететіні де рас-ау.

Аңыз түбі – ақиқат. Мына аңыздағы ырымды қырын кетеді деп ешкім де теріске шығара алмас. Өйткені, бұл өмірде болған, тіршілік тәжірибесінен өткен көнекөз қариялар көзімен көріп, аузымен айтып ұрпаққа жеткізген, уақыт өтісімен аңызға айналғаны ақиқат...

Байғозы есейе келе әкесі Бұланбай балуанға тартқан тартымды азамат болып ер жетті. Бүкіл қазақ-қалмақ даласына атақ-даңқы кең жайылып тарады. Өз дәуірінде Байғозы балуанды еш пенде мықты балуан белдесіп жыққан былай тұрсын, сүріндіре алмады...

Бір жылдары Байғозы балуан әкесінен жүз қара жылқы алып, енші бөліп, өз алдына отау тікті. Сол жылы төр жайлауда Байғозы балуанның қара шаңырақтан еншіге алған жүз жылқысы түгелімен жоғалып кетті. Астына есік пен төрдей тор жорғаны мінген Байғозы балуан Қалба тауының сай-саласын тінтіп, жылқысын іздеді. Үш күн, үш түн ат үстінде аш жүрді. Ақыры жылқыларды таба алмай, түн ортасында үйіне оралды. Әбден қапырық атып, сусап келген Байғозы балуан киіз үйдің есігінен кірер-кірместе шырт ұйқыда жатқан келіншегін  дауыстап оятып:

– Әй, келіншек, сусын бар ма? Әбден сусап, қаным кеуіп кетті, – деп аюдай күркіреген даусымен тіл қатты.

Үлкен үмітпен жатқан келіншегі:

– Е, Балуаным, келдің бе? Әлгі жылқылар бар ма? – деп сұраққа сұрақ қоя сөйледі.

Байғозы:

– Келдім, жылқы жоқ, табылмады. Сенен сусын бар ма деп сұрап тұрмын, – деп келте қайырды.

Жылқы табылмағанына біраз шамырқанған келіншегі:

– Есік жақтағы сабада іркіт тұр. Қазанда сүт бар. Астауда айран бар. Таңдағаныңды іше бер, – деп қайтадан жастыққа басын қойды.

Әбден көні кеуіп, сусап келген Байғозы балуан есік жақтағы ыдыс-аяқтарды салдыр-күлдір еткізіп, сусындарды жұтты да, төсегіне қисайды. Таңертең ертемен тұрған Байғозы балуанның келіншегі жастықтан басын көтеріп, есік жақтағы қабысып жатқан сабаны, құрғап қалған қазанды, босап қалған астауды, төңкеріліп жатқан тегенені көріп қайран қалды да, жалғыз өзі сық-сық етіп күлді. Күле отырып, есік жақтағы ыдыстарға тағы да көз салды. Төрт құлынның терісінен құрастырылып тігілген дәу сабадағы іркіт жоқ. Қабысып бос жатыр. Үлкен тайқазандағы қаймақты сүт жоқ, түбі көрініп бос тұр. Астауда айран жоқ. Бәрін де қойшы, ең қызығы, таң қаларлығы сол, үлкен астауға салып, иге малып, сапсып қойған екі ешкі терісі де жоқ. Бәрі жылан жалағандай тап-тақыр. Осыларды түгел көзден кешіріп шыққан келіншек:

– Әй, батырым, балуаным, Байғозы, тұр. Ана астаудағы иге малып қойған екі ешкінің терісін қайда жібердің? – деп дауыстады.

Жатқан орнынан абың-күбің етіп, аюдай қоржиған ірі денесін зорға қозғап, басын көтерген Байғозы сығырайған жұмық көзімен есік жаққа қарады. Біраз жымиып отырды да:

– Түнде сусын ішіп отырғанда кеңірдегімнен қаймақ тәрізді екі жұмсақ нәрсе өте шығып еді, бәлкім екі терің сол болған болды-ау, – деп келіншегіне жымия қарады.

Күйеуінің алып денесі мен ожар мінезіне қайран қалып, ішек-сілесі қанқанша күлген келіншегі:

 – Е, сенің шешең, менің қайын енем саған жүкті кезінде бірде аюдың, бірде қозының етіне жерік болды деп естігенім бар еді. Рас екен-ау. Сендей шылғи теріні қылғи салатын батыр ұл туғаны, бала жерік асына тартады дегені ып-рас екен, – деп Байғозыға ерке-назды көзімен бір қарап алды да, сық-сық күлді.

Міне, нағыз мінез. Нағыз ерлік. Нағыз ерлі-зайыпты жарастық. Ақиқи махаббат жарасымы. Жоғалған жүз жылқыны мүлде ұмытып, жайраң қағып күліп отырған ерлі-зайыпты екеуінің мінезі кім-кімді де қайран қалдырары һақ.

Ірі мінез, дархан жомарттық, кең пейіл, кешірімділік, бақыт-байлық, қуаныш-шаттық деген адамдар ортасында дәл осылай болуға тиіс.

Тоқ етерін айтқанда, жерік асынан жетілген жетелі мінез деген, ұрпаққа ұласқан ұлағат деген осы.

Болат Бопай

«Үркер» журналы

1024 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз