Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 16 Қазан, 2020

Руслан Рүстемов: Уақытында аяқталмаған жұмыстың сұрауы болады

Бүгінгі таңғы тірлік мектеп құрылысының барысын білумен басталды. Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов алдымен МАИ бекеті маңындағы 300 орындық мектеп құрылысы нысанына барды. Қасында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Орман Ахметов бар. Ә дегеннен әкім участке басшысы Құрмаш Үрметовке жедел тапсырма берді. 

–Сіздер «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес тендер жеңімпазы ретінде белгіленген уақытта құрылысты аяқтап пен тиісті қаржыны игеру талаптарын орындауыңыз керек. Талап солай бола тұрып, жұмыс кестесін бір ай мерзімге кешіктіріп келесіздер. Ал, қазіргі құрылыстың қарқыны өте баяу. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов жасалған шаруаны өз көзімен көріп кетті, мердігер компанияға қатаң тапсырма берді. Неге сол тапсырма орындалмай жатыр?

Ауа райының қарасып тұрғаны, күн әзірге жылы. Осы мүмкіндікті жедел пайдаланып, екі қабаттың кірпіші қаланып, шатыры жабылуы тиісті. Әйтпесе есіл еңбек еш кетеді. Сондықтан жұмысшы қолын көбейтіп, жұмысты еселеуге күш салыңыздар, – деді Руслан Рүстемұлы.

Бұл нысанның мердігері – «Қазқұрылыссервис» ЖШС. Нысанның жалпы құны 821 млн. теңге. Мұндағы құрылысқа 21 жұмысшы қатысуда. Кірпіш Сырдария ауданы Аманкелді ауылынан тасымалдануда. Учаске басшысының айтуынша, жұмысшы қолы тапшы. Соған қарап-ақ, дәл мына қарқынмен құрылыс мерзімінде аяқталуы екіталай секілді. Ал, олар уәде беруден қалыс қалмай тұр. Аудан басшысы құрылысшыларға қатаң талап қойып, құрылыстың сапасын сақтап, уақтылы аяқтауды шегелеп айтты.

Екінші нысан – орталық стадионға жапсарлас 600 орындық мектеп құрылысы. Оқу корпусы үш қабат, қалған бөлігі екі қабатқа шақталған нысан құрылысын мердігер «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде.

Құрылысшылар арнайы киіммен жабдықталған, әрбір он күн сайын жұмысшылар жалақысы беріліп келеді. Бүгінде 35 жұмысшы атсалысуда. Екі ауысымда жұмыс жүргізуге ықыласты. Бізге участке басшысы Бағжан Амановтың берген ақпараты осылай.

Аудан әкімі құрылыс сапасына мән берді. Қаланған кірпіштің негізі бөлігі 51 см, ішкі бөлігі 38 см екеніне көз жеткізді. Дегенмен мұндағы мердігердің де құрылыс қарқынына көңіл толмайтынын баса айтты.

– Әлі де жұмыс күшін қосу керек. Мына жұмыстар жеткіліксіз. Еңбек еселенбей мәселе шешілмейді. Құрылыстың қаржысына ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс көлеміне сәйкес қаржы төленіп тұр. Енді тұрақты бақылау жасап отырамын. Ал, мерзімінде аяқталмаған жұмыстың сұрауы болады, – деді Руслан Рүстемов.

 

600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз