Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 18 Қазан, 2020

Отандық 1500 өкпені жасанды желдету аппараты аймақтарға жіберілді

Денсаулық сақтау министрлігі берген тапсырыстың соңғы партиясы – 1500 өкпені жасанды желдету аппараты еліміздің медициналық мекемелеріне жіберілді.  

102 аппарат Қостанай және Ақмола облысының ауруханаларына қойылады.

Өзге өңірлердің өтінімдері толықтай орындалды. ӨЖЖ аппараттары қойылып, мамандар оқытылып, қондырғылар сервистік қызмет көрсетуге берілді.

Өкпені жасанды желдететін «BIYOVENT» стационарлық аппараттары отандық «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінде жасалды.  

Биыл тамыз айында ҚР ИИДМ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Тыныс» АҚ-да шығарылған жедел жәрдем стансаларына арналған шағын ӨЖЖ аппараттарымен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты орындады. 

Осылайша, ӨЖЖ аппаратының отандық өндірісін жолға қою жөніндегі Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің тапсырмасы орындалып, болжанып отырған пандемияның екінші толқыны қарсаңында еліміздің медициналық мекемелері ӨЖЖ аппараттарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді. 

Қазақстан орнықты өндірісті жолға қойды. Нәтижесінде ӨЖЖ станционарлық және мобильді аппараттарына деген өз еліміздегі қажеттілікті толық өтеп қана қоймай, көрші елдерге жеткізуге мүмкіндік туып отыр.
ҚР ИИДМ Қорғаныс өнеркәсібін дамыту жөніндегі департамент директоры Сергей Черненок қазақстандық ӨЖЖ аппараттарын жасау тарихын баяндайды:

«Өз күшімізбен ӨЖЖ аппаратын өндіру мәселесі көктемде, COVID-19 ауруының алғашқы толқыны кезінде туындады. Ол кезде ӨЖЖ аппараттарын жеткілікті көлемде ақшаға сатып алу мүмкін болмай қалды. Әр ел өздерінің қажеттіліктерін өтеп, баға аспандап кетті. Бір аппарат үшін 20 млн теңгеге дейін сұрады. 

Көптеген елдермен сынақтан өткізуге арналған тәжірибелік үлгісін елге әкелу туралы келіссөздер жүргізілді. Ең жақсы ӨЖЖ аппаратын таңдау, өз өндірісімізді жолға қою үшін технологиясын алу міндеті тұрды. Барлық жаққа, оның ішінде отандық бизнес өкілдеріне хабарластық. Тек Түркия мен Қытай ғана жауап қатып, өздерінің түрлі өндіруші компанияларынан екі аппараттан жіберді. Түркия оны гуманитарлық көмек деп бізден ақшасын да алмады. Оңтүстік Корея да дайын екендерін білдірді, бірақ аппараттарын тек күзде бөле алатындарын айтты. Өзіміздің қазақстандық өндірушілерден де ұсыныстар келіп түсті. Бірақ біздің компанияларымызда құзыреттіліктері жеткіліксіз болды әрі қажетті көлемді шығаруға және өндіріс мерзіміне қатысты кепілдік бере алмады. Оған қоса, біз шілде айында өткізген сынақтарға бірде-бір өнімін бере алмады.   

Келіп түскен аппараттарды астанадағы инфекциялық стационарда Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бірден іс жүзінде сынақтан өткізді. Екі апта ішінде ӨЖЖ аппараттарын нақты пациенттерге көмек көрсету үшін қолданып, қорытындысында түріктердің ASELSAN компаниясының технологиясын ең тиімді және жұмыс істеуге қолайлы деп тапты. Мамандарымыз бағдарламалық қамтамасыздығын аударып, оңтайландырды. Дәрігерлеріміздің өтініші бойынша аппарат құрылымына ауаны ылғалдауыш және сығылған ауа компрессоры қосылды. Өйткені, сығылған ауаны жеткізетін стационарлық жүйе еліміздегі медициналық мекемелердің біразында жоқ.  

Нұр-Сұлтан қаласында 2011 жылдан бері қорғаныс кешені үшін дәлдігі жоғары өнімдер шығаратын Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіпорны жұмыс істеп жатқандықтан әрі білікті мамандары мен шығарылған ӨЖЖ аппаратын сынақтан өткізуге қажетті алаңдары мен кешені болғандықтан шілде айының соңында өндіріс іске қосылды. Бірден өндірісті оқшаулау жұмысы басталды.  

Қыркүйек айында өндірістік қуаты күніне 70 стационарлық ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетті. Тұтынушыға жібермей тұрып бірнеше күн бойы сынақтан өткізіліп, сосын ғана тапсырыс берушіге жол тартады.

«Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС аппараттарының құны шетелдік нұсқаларына қарағанда үштен бірге арзан. Әрі мемлекет бөлген қаражат ел экономикасында қалады. Компания сондай-ақ қондырғыны монтаждап, медицина қызметкерлерін оқытады және аппаратқа 37 айға кепілдік береді. Осы уақыт ішінде қондырғыға Қазақстанның кез-келген бұрышында сервистік қызмет көрсетіледі.

«Тыныс» АҚ қорғаныс зауыты шығаратын ӨЖЖ мобильдік аппараттарының тарихы тіптен қызық. Тиімді, сенімді және пайдалануға оңай бұл шағын аппараттарды зауыт сонау кеңес заманынан бері шығарады. Шетелдік өндірушілер мұндай қондырғыларды ұшақтарға қояды. 

«Көкшетау-4П» аппараты – кәсіпорынның ноу-хау өнімі. Оны 2016 жылдан бері шығарады. ӨЖЖ аппараты қойылған мобильдік чемоданы бар кез-келген адам мұқтаж адамға көмек көрсете алады. Ол үшін нұсқаулықты оқыса жеткілікті. Кәсіпорынның қуаттылығы – айына 500 аппарат. Жеке саудадағы бағасы 750 мың теңге шамасында.   

 

 

403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз