Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 17 Қазан, 2020

Қайырымды қаланың инспекторлары мен еріктілері

Алматы қаласының Жетісу ауданының пробациялық қызметінде 396 адам тіркеуде тұр. Солардың бірі – Марал (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді) есімді келіншек. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» демек бабаларымыз айтпақшы, Марал да біраз жылдар бұрын заңнан аттап, жаза басқан еді. Кез келген сотты болған кісілер сияқты ол да түзеу мекемесінде жазасын өтеп шығып, қазір отбасымен бірге тіршілік етіп жатыр.

14-қазан – Маралдың қызы Сабинаның (белгілі себептерге байланысты оның да есімі өзгертіліп отыр) туған күні болатын. Үй иелерін құттықтап шығу мақсатында Жетісу ауданы пробация қызметінің бастығы, Ербол Жақыпов,  аға инспектор Гүлнұр Душева, инспекторлар Асхат Болат, Алмас Намазбеков, «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының қызметкерлері және «Арман – Мечта» еріктілер тобы Маралдың шаңырағына бас сұқты. Қонақтар үйге кірген бойда туған күн иесіне сый-сыяпат жасап, тарту-таралғы таратты. «Біз пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар мен азаматшаларға үнемі қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп келеміз, – деп сөз бастады делегация басшысы Е.Жақыпов. – Қайғысы болса бөлісеміз, қуанышы болса да осылай ортақтасамыз. Бүгінгідей шаралар біздің ауданда өте жиі өтеді. Олардың бәрін үкіметтік емес ұйымдармен және еріктілермен тізе қосып ұйымдастырамыз. Маралдың ісіне сәттілік, жанұясына береке тілейміз». Еріктілер тобы да лебізін білдірді. «Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялағаны баршаға аян. Мемлекеттік саясатты қолдау мақсатында бір топ жастар еріктілер ұйымын құрып, көптеген қоғамдық, әлеуметтік іс-шаралардың басы-қасында жүрміз. Сабинаның қуанышына ортақтасып, оның ризашылығына бөлену біз үшін үлкен абырой. Оған тек қана жақсылық тілейміз. Ауру-сырқаудан, пандемиядан аман болыңыздар. Бізді осындай шараға шақырған Жетісу аудандық пробация қызметіне рахмет», деп Алтынай есімді еріктілер тобының мүшесі жүрекжарды тілегін айтты. Құттықтаушылар қатарында жүрген үкіметтік емес ұйымның жоба жетекшісі Б.Нәлібаев бұл қуанышқа Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының да ықпалы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша басқарма биыл бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жобаны жариялап, түрмедегі және түрмеден шыққан адамдарға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қолдаулар көрсетіп жатыр. Сабинаның туған күніне сый-сыйпат жасау осы игі істерді бір парасы екен. «Біз бұған дейін қала бойынша 3 отбасыға кіріп, осындай қолдау жұмыстарын ұйымдастырдық. Міне, бүгін төртінші шаңыраққа да ат басын бұрдық. Титтей жұмыстар көп істелген жерде үлкен істер бітеді ғой. Біз үлкен іске үлес қосып жатқанымызға сенімдіміз», дейді қоғамдық қор қызметкері.

Шара аяқталған соң үй иелері қонақтарға алғыс айтып, шығарып салды.

 Н.Наурызәлиев

347 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз