Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Қазан, 2020

«Ұлы Даланың ұлтаралық тілі»

2020 жылы 22 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсатында ұйымдастырылып отырған «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ» республикалық форумын аша отырып, Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев аталмыш жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Назарбаевтың сөзімен бастады:

«Бүгінгі жиынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзімен бастағым келіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дей келе, мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін қадап айтты.

Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының  мемлекеттік тілді дамытуға арналған «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді.

Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асқан алғашқы форумға барлық облыстан қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жүзден астам (105) делегация келді. 130-дан астам ұлт жастарының арасында қазақ тілін жетік меңгергендердің көптігіне көз жеткіздік.

Тіл форумы соңынан «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» челленджі басталып, Алматы қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында жалғасын тауып, эпидемия жағдайында қалған аймақтарда онлайн форматта жүзеге асты».

Атап өтер болсақ, форумның мақсаты - мемлекеттік тілді Қазақстандағы түрлі этностар арасындағы ұлтаралық қатынас тілі ретінде насихаттау.

Міндеттері:

  • мемлекеттік тілді меңгеруі – олардың өсуіне оң әсерін тигізіп, мықты мүмкіндік тудырған әр түрлі этнос өкілдерінің жетістіктерін көрсету;
  • ұлтаралық қатынас тілі ретінде толыққанды жұмыс істеуі үшін қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында жасалған жағдайларды көрсету
  • Қазақстанда тұратын этностардың мәдени дамуы мен тарихи-мәдени мұраларын сақтау институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын насихаттау;
  • -қазіргі жастардың қазақ тілін үйренуге деген импульсінің үлгісін қолдана отырып, елдегі тіл саясатын нығайтуға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.

Сөзін жалғастыра отырып, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев жақында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы Семей өңірінде кеңінен атап өтілгенін, ол шараға ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы барып қатысқанын да айтып өтті:

«Мемлекет басшысы осы шара барысында өткен абайтанушы ғалымдармен кездесуінде гуманитарлық саланы дамытуды қолға алу керек екенін айтып, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беру қажет екендігіне айрықша тоқталды.

«Мектеп жасынан біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай мерейтойы аясында бірқатар шаралар ұйымдастырып, этнос өкілдері жаппай үлес қосты.

Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Президент қолдаған ақын өлеңдерін оқу челленджіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан жүзден астам ұлт өкілдері қатысып, қолдау білдірген еді. Биылғы Абай күні және ақын мерейтойына орай Ассамблея республикалық деңгейде онлайн поэзия фестивалін ұйымдастырды. Нәтижесінде 1000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дәлелдеп шықты.

«Әлемді аялаған сөз» деген атпен түрлі этнос өкілдерінің Абай шығармашылығына арналған мақалалар топтамасы жарық көрді.

Бүгінгі онлайн кездесуге мемлекеттік тілді еркін меңгерген 14 этнос өкілі қатысып отыр. Олардың арасында орыс, әзербайжан, беларус, армян, неміс, украин, шешен, күрд, ұйғыр ұлтының жастары бар. Әңгіме желісі тек қана мемлекеттік тілде өрбиді.

Осы орайда 130 дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғарыда жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отыр»,- деді.

Сондай-ақ, Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев сөзінің соңында қазақ тілін меңгеріп, үйреніп жүргендерге зор алғысын білдіре отырып:

«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кез келген мемлекеттің өзегі – оның бірегей мемлекеттік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Өз балаларын Отанының мемлекеттік тілінде оқытып, қазақ тілін білуі үшін балабақшаларға беріп жатқан ата-аналарға да алғысым шексіз. Бұл біздің бірегей азаматтығымызды білдіреді» деген болатын.

 Осы орайда мен де өз атымнан мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген сіздерге және жалпы елдегі азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

Бүгінгі форум барысында негізгі екі мәселені көтеретін боламыз.

Бірінші, 30 жылда тіл үйренуге не кедергі?

Екінші, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолдары қандай?

      Әрбір қатысушы өзін таныстырып, осы төңіректе өз ойларын кезекпен ортаға салатын болады»,- деді.

Аталмыш іс-шараға қатыса отырып, сөз сөйлеген  Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.А.Әзілханов өз сөзінде:

«Бүгінгі шарада өздеріңізбен жүздескеніме өте қуаныштымын.

Қазақстан – түрлі тарихи кезеңдерде қаншама ұлт­ пен ұлысқа құшағын ашып, бауырына басқан ел. Көпұлтты халқымыздың тату бірлігі мен ынтымағының арқасында бүгінде – ұлтаралық қатынастың қазақстандық бірегей үлгісі қалып­тасты.

Әрине ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделі туралы айтқанда мемлекеттігіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз.

Сондай-ақ, Мемлекет Басшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деген болатын.

Бұл сөздің нақты өмірде іске асып келе жатқанының бір дәлелі – бүгінгі Өздеріңізсіздер!

«Тілі бірдің – тілегі бір» деген халқымыз. Ел бірлігінің негізі – тіл бірлігінен бастау алатыны белгілі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еліміздегі этномәдени бірлестіктермен қашанда тығыз қарым-қатынаста байланыс орнатуға мүдделі. Бұл мақсатта бағытымыз – айқын, жоспарымыз – белгілі. Атап айтқанда, елімізде 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілдері оқудан өтіпті.

Жалпы, 2011 жылдан бастап Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында жарты миллионнан астам ел азаматтары (513 624) қазақ тілі курстарын оқып шыққан.

Мемлекет Басшылығының тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. 

Қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар осы бағдарламалар және басқа да жобалар шеңберінде өз жалғасын таба беретін болады.

Және ең бастысы – мемлекет бұл жобалардың барлығында да ең алдымен Өздеріңіздей талантты да белсенді азаматтарға сенім артады.

Қазақ тілін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне жеткізу үшін мемлекеттік тілді жетік меңгерген сіздердің көмектеріңіз аса қажет. Қоғам бүгінгі сіздермен мақтанады. Басқалар сіздерге қарап ой қалыптастырады, бой түзейді.

Бүгінгі форум – расында да көпке үлгі болатын, талайға ой салатын ерекше шара болды деп есептеймін.

Бірлік пен ынтымағы бар мем­лекеттің ғана болашағы кемел. Сондықтан бүгінгі жиында өздеріңізден парықты пікірлер, орамды ой-ұсыныстар күтемін», - деп атап өтті.

Форумға, сондай-ақ, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері мен жастар ұйымдары қатысып, шара барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері тіл үйрену тәжірибесімен бөлісе келе, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

 

450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз