Бірде көшеде келе жатқан əйелдің жол жиегінде отырған қайыршыға көзі түсіп кетеді. Үсті-басы кір-қожалақ, сақал-мұрты өсіңкі, киімі алба-жұлба қайыршыға өткен-кеткен жиркене қарап өтіп жатты. Ал əйел болса қайыршыны аяп кетіп, оған жақындап келіп: "Мырза, сізде бəрі дұрыс па?"- деді жылы шыраймен. Ызғарлы күні үстіне жұп-жұқа ескі пальто мен тозығы жеткен жеңіл костюм киген қайыршы қалшылдай тоңып отырған еді. Сəнді киінген əйелге барлай көз салып, бұл да мені мазақ қылғысы кеп тұрған көптің бірі деп ойлады да, "Мені жайыма қалдыр",-деп дүңк етті. Əйел қозғала қоймады. Керісінше күлімдей жақындап: "Мырза, сіз аш емессіз бе?"- деп сұрады. "Жоқ, мен қазір ғана президентпен түскі ас ішіп келдім",- деді кекесінмен қайыршы. Күлімдеген күйі əйел қайыршыны қолтығынан демеп орнынан тұрғызуға əрекеттене бастады. "Ханым, сіз не істеп жатқаныңызды ойладыңыз ба?- деді ашуға булыққан қайыршы қарсылық көрсете бұлқынып.
Сол сəтте бұларға жақындап келген полиция қызметкері "Бəрі дұрыс па, мэм?"- деп дауыстады.
"Бəрі дұрыс. Мен жəй ғана мына кісіні орнынан тұрғызбақ едім. Маған көмектесіп жібермес пе екенсіз?" -деді əйел.
Полицей əйелге: "Бұл - кəрі Джек. Осы жерде көптен бері отырады. Сіздің онда əлдебір жұмысыңыз бар ма еді?"-деп таңырқай қарады.
"Мен оны тамақтандырып сəл де болса жылынып алу үшін кафетерийге апармақ едім",- деп жауап қатты əйел.
"Сіз есіңізден адастыңыз ба, ханым! Менің ол жаққа барғым да келмейді!"-деп қарсыласа түсті қайыршы. Сол сəтте бір қарулы қол оны орнынан жұлқи тартып тұрғызып алды. "Офицер, мен ештеңе істеген жоқпын, жіберіңіз мені" - деп жалынған қайыршыға "Тойып тамақ ішіп алатын болдың, қарсыласпа"- деді офицер зілсіз.
Əуреленіп жүріп офицер мен əйел Джекті сүйрелей кафетерийге алып келді. Бұл түскі асқа əлі біраз уақыт бар тыныштау сəт еді. Бұларға жақындаған менеджер: "Бұл жерде не болып жатыр , офицер? "-деп сұраулы көзбен қайыршыны нұсқап "Мына кісіге не болған?"- деді.
"Мына ханым кəрі Джекті тамақтандырмақ"-деп жауап берді офицер.
Бұл сөзді ести сала "Менің кафетерийімде емес тек! Мұндай адамдар бизнесіме бөгет болады",- деп ашу шақыра бұрқылдады менеджер.
"Сіз енді білдіңіз бе менің мұнда неге келгім келмегенін",- деді əйелге Джек, - ал, енді мені жібер. Мұнда ешқашан да бас сұқым келмеген менің"
Əйел кафетерий меңгерушісіне бұрылып: "Сэр, сіз Eddy and Associates банк фирмасымен таныссыз деп ойлаймын",- деді күлімсірей.
"Əрине, білем",- деп менеджер асыға жауап берді. "Олар апта сайын біздің банкет залдарымыздың бірінде іскерлік кездесулерін өткізеді"
"Сіздер сол кездесулерден біраз ақша табасыздар ма?"
"Бұның сізге қандай қатысы бар?"
"Мен сол компанияның бас директорымын",-деп жауап берді əйел тым қарапайым.
"Ой"-дегеннен басқа ештеңе айтпаған менеджер зыр жүгіріп кетті.
Əйел: "Бізбен бір түскі ас ішуге қалай қарайсыз, мырза? Немесе бір чашка кофе?" -деді офицерге.
"Мен қазір кофе əкелем, офицер"-деді менеджер құлшына.
Осы кезде əйел офицерге "Менің бұл əрекетімнің себебі бар",-деді де Джекке бұрылып: "Джек, мені таныдыңыз ба?"-деп барлай қарады.
Қалжыраған Джек əйелге үңіле " бір жерден көрген сияқтымын",- деді салғырт ойланып.
"Сіз осы жерде жұмыс істеп жүргенде осында жиі келетін, əбден тоңып, ашып-арыған жас қыз есіңізде ме? Қазір ол да егде жасқа кеп қалған болар, солай емес пе?"-деді əйел қайыршыға күлімсірей қарап.
Офицер осынау сұлу əйелдің бір кезде аш-жалаңаш көше кезгеніне сене алмай таңырқай қарап қапты.
"Мектеп бітірген бойда жұмыс іздеп қалаға келдім. Таба алмай ұзақ сенделдім. Қолымда ақшам таусылып, уақытша паналаған үйден қуып шықты. Неше күн көшеде түнеп жүрдім. Əлі есімде ақпанның бір суық күнінде осы жерді тауып алып, қолымдағы тиын-тебеніме талғажау боларлық бірдеңе сатып алар ма екем деген үмітпен осы жерге бас сұққан едім. "
Джектің өңі өзгеріп кетті: "Енді таныдым. Мен кассада тұрушы едім. Сіз келіп аз-маз тамақ үшін жұмыс істесем бола ма деп сұрадыңыз. Мен бұл компаниямыздың ұстанған саясатына қайшы"-деп жауап бергем.
"Есімде. Сонан соң маған ең үлкен бутерброд пен кофе жəне орындық ұсындыңыз. Мен сол кезде сіздің тамағыма төленетін ақшаны кассаға салып жатқаныңызды көрдім"
"Сен бизнес ашып алдың ба?"-деп сұрады Джек.
"Жоқ, бірден олай болған жоқ. Сол күні жұмыс таптым. Сол жұмысыммен жоғарылай бердім. Сосын барып өз кəсібімді аштым" Сосын сөмкесін ашып визиткасын алды. "Осы визитканы компаниямның кадр бөліміне апаруыңызды өтінем. Біздің кеңседе сіздің көмегіңіз керек болатын жұмыс табылатынына сенімдімін. Тіпті сізге алдын ала бір айлық еңбекақыңызды да төлей аламыз"