Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Infotainment
  • 23 Қазан, 2020

"Ұлболсын" фильмінің әлемдік премьерасы Таллин қаласында өтеді

Режиссер Әділхан Ержановтың "Ұлболсын" көркем фильмі 24-ші Таллин кинофестивалінің "Black Nights" ("Қараңғы түндер") негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады. Фестиваль Эстония астанасында осы жылдың 13-29 қараша аралығында өтеді. Сондай-ақ, конкурста атақты режиссерлер Иштван Сабо, Александр Миндадзе және Анна Меликянның жаңа картиналары көрсетіледі. «Қараңғы түндердегі» көрсетілім Ержановтың толықметражды 10-шы картинасы болып табылатын "Ұлболсынның" әлемдік премьерасы болмақ.

Фильм осы жылдың басында Sunny Production (Қазақстан), Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Алматы облысында түсірілді. Басты кейіпкер, қалада тұратын, күшті әрі жігерлі Ұлболсын. Оның сіңлісі Ажар Қаратас ауылындағы мектепті енді ғана бітірді. Ұлболсынның өзінің сүйікті сіңлісінің болашағына деген үлкен жоспарлары бар – ол Ажарды беделді шетелдік университетке түсіру үшін жеткілікті ақша жинады, бұл қыздың болашақтағы мансабына және еркін және тәуелсіз болуына мүмкіндік береді. Алайда, ол Қаратасқа келгенде, қызды жергілікті емші, ауыл тұрғындарының құрметіне ие - Үрген есімді адамның өзінің тоқалына айналдыру үшін ұрлап кеткенін көреді. Ұлболсын мұны осылай қалдыруға болмайтынын түсініп, Каратастың патриархалды әлемімен күресуге бел буады…

-«Бұл қиын жағдайға тап болған екі әпкелі-сіңілі қыздар туралы өте қарапайым оқиға. Дәл осы қиын жағдай кейіпкерлердің мінез-құлықтарын ашуға көмектеседі. Мен фильм командасын осы премьерамен құттықтаймын! - деді Әділхан Ержанов.

Картинаның бас продюсері Әсел Сәдуақасова, сондай–ақ ол басты рөлді орындап шықты. Естеріңізге сала кетсек, Сәдуақасова Ержановтың "Атбайдың шайқасы" және "Сары мысық" атты тағы екі туындысын шығаруға ат салысқан болатын. Басты кейіпкердің сіңлісінің рөлін жас актриса Динара Сағи, ал актер Ерболат Әлқожа емші Үргеннің рөлін сомдады. Сонымен бірге, фильмге актерлер Берік Айтжанов, Санжар Мәди және Данияр Алшинов қатысқан. Бір қызығы, Алшинов эпизодта "Қап-қара адам" фильміндегі кейіпкері детектив Бекзаттың рөлінде пайда болады. Сондай-ақ, фильмде режиссермен үнемі жұмыс жасайтын Ержан Жаманқұлов, Нұрбек Мұқышев және Еркен Губашев қатысқан.

"Ұлболсын" - режиссер Ержанов пен оператор Азамат Дулатов арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы тәжірибесі. Сценарий авторы Әділхан Ержановтың өзі. Продюсерлері-Серік Әбішев пен Ольга Хлащева. Ко-продюсер-Гуилла де Сиель. Ассоциативті продюсер-Филип Че. Қоюшы суретші-Ермек Өтегенов. Композитор-Алуа Орентай.

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз