- Біздің сұхбат
- 23 Қазан, 2020
Голландияда оқитын Айжан
Бүгінгі кейіпкеріміз Айжан Қарина 19 жаста. Нидерланды мемлекетінде тарихшы мамандығында оқиды. Айжан – Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. ІВ халықаралық бағдарламасында грантта оқып, былтыр дипломын алған. Ал не себепті Нидерландыны таңдады? Тарихшы болуына не түрткі болды? Мұны Айжанның өзінен сұрадық.
– Бастауышта оқығанымда тарихқа қызығатын едім. Әр халық пен елдің мифологиясы ұнайтын. Кейін қызығушылығым өмірдегі басты бағытыма айналды. Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде, тарихшы бола-мын деп нақты шешім қабылдадым. Сондықтан 11-сыныпта бейіндік пәндерге тарих пен антро-пологияны таңдадым. Біз барлық пәннен ағылшын тілінде зерттеу жұмыстарын жаздық. Сонымен қатар, қоғамдық іс-шараларға да араластым. Мектеп қабырғасында белсенді оқушы болуым ІВ дипло-мымды алуыма да әсер етті. Оған қоса, ерікті болып, бірнеше жобаға көмектестім. Мектепішілік журналға тарих туралы ғылыми мақала жаздым. Мектептегі концерттерге де қатысуға тырысатын едім. Оқушы кездегі меңгерген дағдылар өте бағалы. Қазіргі таңда мектепте үйренгенім университетте қалай пай-далы болса, күнделікті өмірде де өз жемісін беріп жатыр. Осындай мүмкіндіктер сыйлаған Назарбаев зияткерлік мектебіне алғысым шексіз. Себебі бұл мектептің менің өмірімдегі орны ерекше, тіпті екінші үйімдей мекен. Бұл сөзді ауыспалы емес, тура мағынасында айтып отырмын. Соңғы оқу жылында грантта оқып, мектептің жатақханасында тұрдым. Осындай жылы естеліктерден соң, Назарбаев зияткерлік мектебі мен үшін екінші ұям.
– Нидерландыға қалай оқуға түстіңіз? Не себепті бұл мемлекетті таңдадыңыз?
– Болашағым туралы екі нәрсені білетін едім. Біріншісі – тарихшы болу, екіншісі – Еуропада оқығым келетін. Көп мемлекетте тарих сол елдің ана тілінде оқытылса, тек Роттердамда ғана дүниежүзі тарихы ағылшын тілінде оқытылады екен. Сонымен қатар, менің университетім үздік 50 жоғары оқу орнының қатарында. Нидерландыда толық қамтылған грант болмағанымен, оқу ақысы Америкаға қарағанда арзандау әрі өте сапалы. Оған қоса, Голландияда саяхаттауды жақсы көре-тіндер үшін мінсіз локация қарастырылған. Бірден Франция, Германия, Бельгиямен шекаралас екенін де ескеру қажет. Көрші елдерге артық шығынсыз автобуспен-ақ барып саяхаттап келдім.
– Тарихты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен тарихшы болуды армандадым. Кішкентай кезімнен әртүрлі тақырыпта зерттеу жасадым. Ежелгі цивилизация туралы энциклопедиялар оқитын едім. Осындай әрекеттерден ерекше эстетика байқайтын едім және өзімді басқа мамандықта елестете алмаймын. Басқа мамандыққа тапсыруға үгіттеген-дер де көп болды. Бірақ мен таңдауымды жасадым. Қателессем де, оған өзім жауап беремін.
– IELTS емтиханын қалай тапсырдыңыз? Дайындығыңыз қандай болды?
– Бұл емтиханды мектептің арқасында тапсырдым. Шынымды айтсам, бір жылдың ішінде дайындалдым. Бастысы көп фраза жаттау керек. Ағылшын тілінде фильм көріп, подкаст тыңдап, оқумен қатар көп жазу қажет. Мектепте ағылшын тілінде осындай тапсырмалар орындайтындықтан, емтихан барысында еш уайымдамадым. Бірінші тапсырғаннан-ақ 7 балл алдым.
– Мотивациялық хатты қалай жаздыңыз?
– АҚШ-тың жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын болсаңыз, эссе тақырыбын өзіңіз таңдайсыз. Эссе жазғанда, барынша шынайы болып, креатив қосыңыз. Ал Еуропаның жоғары оқу орындарына құжат тапсырсаңыз, сол университетте не себепті сіздің оқуыңыз керек деген сұраққа жауап бере жазу керек. Осындай айырмашылықты байқадым. Эсседе өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді жазыңыз. Бірақ артық кетіп қалмаңыз.
– Голландия туралы айтып берсеңіз. Халқының менталитеті қандай?
– Голландықтардың санасы бізге қарағанда ерте есейген. Батыстық менталитеттің салыстырмалы түрде өз ерекшелігі бар. Халқы Қазақстанға қарағанда либерал. Бәрі тәуелсіз. Олар өздері шешім қабылдап, тек өздеріне ғана сенеді. Өте толерантты. Кез келген тақырыпта еркін әңгіме айта аласың.
– Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай?
– Бастысы – кәсіби тұрғыдан даму. Ежелгі мұраларды сақтап, оларды жандандыратын ұйымда тәжірибеден өтіп жатырмын. Айтпақшы, бұл менің алғашқы тәжірибем. Мен зерттеу және стратегия анализімен жұмыс істеймін. Бұл менің болашақта атқаратын жұмысыммен тығыз байланысты. Осындай бағытта дамып, университетті де сәтті аяқтағым келеді. Болашақта көне архив, қазба жұмыстары мен кітапханаларда жүргенімді елестетемін. Оған қоса көп саяхаттағым келеді. Саяхат туралы блог жүргізу де жоспарымда бар.
– «Ұланның» оқырманына айтар кеңесіңіз...
– Жаныңызға жақын нәрсемен шұғылданыңыз. Өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан таңертең тұрғанда саналы түрде өзіңіз қалаған жұмысқа баруыңыз керек. Егер жолыңызды біреу таңдап берсе, таңертең жұмысқа баруға еш құштарлығыңыз болмайды. Өз жолыңызбен бірқалыпты жүріңіз. Сонда ғана жүрегіңізде тыныштық орнайды.
– Сұқбатыңызға рақмет! Танымал тарихшы болыңыз!
Назым Сапарова
«Ұлан» газеті, №42
895 рет
көрсетілді0
пікір