Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Қазан, 2020

Жапонияда батарейканы зерттейтін Аяулым

Күнделікті өмірде батарейканы пайдаланып жүрсек те, оның құрылымына мән бермейміз. Телефон немесе кез келген smart технологияны батарейкамен қуаттау да оңай. Бірақ оның экологияға әкелер зардабы зор. Бүгінгі кейіпкеріміз Аяулым Белгібаева батарейканың құрылымын Жапонияда зерттеп, докторлық диссертация жазып жатыр. Не себепті батарейканы зерттеп жүргенін және Жапонияны таңдағанын кейіпкерімізден сұрап көрдік.

– Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тумасымын. Ата-анамның туған жері – Катонқарағай. Оқушы кезімде жазғы демалысым Катонқарағайда өтетін. 9-сыныпқа дейін Өскемен қаласындағы №3 көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясында оқыдым. Мектепішілік және қалалық пән олимпиадаларын жібермей қатысатынмын. Бір пәнмен шектелмей, химия, математика, логика, экономика, қазақ тілі мен әдебиетінен де қатысып жүрдім. Қазақ әдебиеті пәнінен ғылыми конференцияларға қатысқан кездерім де болған. Төменгі сынып оқушылары мені «апта сайын мақтау қағазын алатын қыз» деп танитын еді.

– Жалпы білім беретін мектеп пен физматтың ерекшелігі қандай?

– О.Жәутіков атындағы республикалық физмат мектебінде еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы емтихан тапсырып түскен дарынды балалар жиналған. Олардың көпшілігі кәдімгі орта мектептен, ауылдардан келеді. Өз мектебіңде ең үздік болсаң да, бұл мектепте үздіктер қатарына іліну оңай шаруа емес. Бәсекелестік өте жоғары бола тұра, өзара көмек жақсы дамыған. «Математика – ғылымдар патшасы» деп мектепте математикаға көп көңіл бөлінеді. Физматта ағылшын тілі мен информатика пәндерінен аздап қиналдым. Жай мектепте информатикада бағдарламалау негіздерін үйретпеген еді. Физматтың басты ерекшелігі – берілетін білім «ҰБТ-да келеді» дегенмен шектеліп қалмаған. Әлемнің мықты деген жоғары оқу орындарына дайындық іспеттес.

– Химия пәніне қызығушылық қалай пайда болды?

– Мектепте барлық пән бірдей ұнайтын. Химия да алғаш басталған күннен-ақ қатты қызықтырды. Оған себеп химия мұғалімі Ғазизова Қарлығаш Қабдешқызы шығар деп ойлаймын. Ол кісінің химияны түсіндіру әдісі ерекше болды. Олимпиадаларға дайындалып, күрделі есептер шығарып, тәжірибелер жасай бастаған соң, қызығушылығым одан әрі арта түсті.

– Мектепте химияны оқу неге қиын болып көрінеді? Оқушылардың қызығушылығы неге бәсең деп ойлайсыз?

– Мектепте химияның басқа пәндерге қарағанда кешірек басталуы тегін емес. Химияны түсіну үшін жақсы фундамент қажет. Математика мен физикадан алған білім маңызды. Ең басында түрлі заңдарды жаттау үшін есте сақтау қабілетінің де орны бөлек. Бірақ ең бастысы химияны алғашқы күннен түсінем деген ниет керек. Сабаққа кірмей жатып, «химия қиын, ашиды миың» деп жүрсең, миың шынымен де ашиды. Ал түсініксіз дүние қызық бола алмайды. Сондықтан керісінше ойлап, сабаққа бәрін түсінем деп бару керек.

– Қай жоғары оқу орнында оқыдыңыз?

– Бакалаврды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасында оқыдым. Оны таңдауымның басты себебі орналасқан жері болды. Алматыдан кейін астанада да тұрып көргім келді. Бітірген соң тұрақтауға екі қала арасында таңдау жасармын деген ой болған еді. Қазір Жапонияның Токио технологиялық институтында магистратура бітіріп, PhD-дың соңғы курсында оқып жатырмын.

– Батарейканы зерттеуге не түрткі болды?

– Батарейкаларды зерттеуім дипломдық жұмыс аясында Назарбаев университетінде профессор Бәкенов Жұмабай Бекболатұлының зертханаларындағы тәжірибелерімнен басталды. Сапалы тәжірибелер, ғылыми жұмыс жасап көрсін деп сол кісімен таныстырған ЕҰУ-дегі жанашыр жетекшім Омарова Ләззат Сұлтанқызына алғысым шексіз. Ол кезде батарейкаларды зерттеуге арнайы бардым деп айта алмаймын. Маған кез келген бағыт қызық еді.

– Ғылыммен айналысу жайлы саналы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Ғылыммен айналысу жайлы шешімді сол Назарбаев университетінде жүріп түрлі мықты ғалымдарды көрген соң қабылдадым. Ғылыми жұмыс та қатты қызықтырып кетті. Алғашында лаборант болып жұмыс істедім. Диплом алған соң, зерттеуші қызметіне ауыстым. Бірақ әрі қарай осы бағытта өсу үшін PhD оқу керек екенін түсіндім. Шешіміме жақсы орта әсер етті деп ойлаймын.

– Не себепті Жапонияны таңдадыңыз?

– Жапония – батарейкаларды дамыту саласындағы көшбасшы-лардың бірі. Алғашқы литий-иондық аккумуляторлардың прототипін нарыққа Жапонияның Sony компаниясы шығарған болатын. Мектепте оқып жүргенде Жапо-нияда тұрып көріп, технологиялық дамуының құпияларын білсем ғой деп армандайтынмын. Ал осында біріккен магистратура + PhD бағдарламасына жапон мемлекеттік грантына тапсыруға ұсыныс алған соң, бас тарта алмадым.

Жапонияда ғылымға барлық жағдай жасалған. Университеттер ғылыми жұмысқа бағытталған. Сабақты тек өз лабораториялары бар профессорлар жүргізеді. Үй тапсырмасы ретінде ғылыми мақалалар оқып, талдауға береді. Ал соңғы емтихан ретінде әдетте алған біліміңді өз ғылыми жұмысыңа байланыстырып эссе немесе ұсыныс жоба жазу керек. Яғни, ең бастысы – ғылыми жобаң, ал басқа сабақтар оған кедергі жасамауы керек.

– Ғылымдағы әйелдердің рөлі қандай?

– Ғылымда, жалпы кез келген мамандықта әйел-еркек деп бөлу дұрыс емес деп ойлаймын. Екі жақтың да рөлі өте үлкен. Өкінішке қарай, кейде әйелдердің ғылымдағы рөлі төмендетіліп жатады. Бірақ соңғы кездері бұл үрдіс өзгеріп бара жатқан сияқты. Биыл үш бірдей әйел ғалым химиядан және әдебиеттен Нобель сыйлығын алды.

– Ғылыми мақаланы қалай жазамыз?

– Ғылыми мақала жазу үшін алдымен ғылыми жұмыс жасап, бұған дейін ешкім баяндамаған бір құбылысты табу керек. Көп жағдайда тәжірибе барысында дәмеленген құбылыс шықпай, күтпеген жерден жаңа дүниелер табылып жатады. Ғылым сонысымен де қызық. Ғылыми мақалада сол құбылыс жан-жақты сипатталады. Кіріспеде бұрынғы жұмыстарға қысқаша сілтеме беріліп, осы идеяға қалай келгеніңіз туралы жазасыз, тәжірибелік бөлімде жасағаныңыздың барлығын сипаттайсыз да, нәтижелер бөлімінде тәжірибеден не шығарғаныңызды көрсетесіз. Неге ондай нәтиже алғаныңызды түсіндіресіз. Сосын жұмысыңызды қорытындылайсыз. Ғылыми мақалада автордың өз ойына, негізсіз болжамына орын жоқ, барлығы тәжірибе нәтижелеріне негізделуі керек. Кез келген ой тәжірибелік жолмен дәлелденуі керек. Ғылыми мақала халық-аралық журналда басылып шығар алдында рецензиядан өтеді. Салаңыздың мамандары жұмысыңызға баға береді. Сұрақтар қойып, журналға қабылдау немесе қабылдамау жайлы шешім шығарады.

– #KZPhDGirlsUnion-ды құруға не түрткі болды?

– #KZPhDGirlsUnion – жан-жақта ғылыммен айналысып жүрген отызға жуық қазақстандық қыздың қоғамы. Басты мақсаты – халықтың ғылымға деген қызығу-шылығын арттыру, ғылыммен айналысуға ниеттендіру және ғалым қыздардың бейнесін қалыптастыру. Біз әр бейсенбі сайын Инстаграм желісінде ортақ хэштегпен ғылым айналасындағы, кейде әлеуметтік тақырыптарға посттар жазамыз. Әр апта сайын бір қатысушы жүргізіп отыратын ортақ парақшамыз да бар. Онда ғылымға, докторантурада оқуға қатысты пайдалы ақпарат беруге тырысамыз. Кері байланыс бар. PhD оқып жүрген басқа да қыздардан, ғылымға қатысы жоқ адамдардан және мектеп оқушыларынан алғыс хаттарын алып  отырамыз. Көпшілігі жаңа баста-маларға шабыттанғанын айтады.

– Адамдар неге ғылымға қызығуы керек? Қазақстанда ғылыммен айналысуға салыстырмалы түрде жағдай жасалған ба?

– Ғылыммен дәлелденген дегеніміз – сан мәрте тәжірибелер жасалып, көз жеткізілген деген сөз. Бұнда біреудің негізсіз жеке ойына орын жоқ. Кез келген гипотезаның дұрыстығы жақсылап тексеріледі. Сондықтан сұрақтарға жауапты алдымен ғылымнан іздеген дұрыс. Географиялық орналасуына, өзіміздің өнімнің жоқтығына байланысты елімізге шетелден құрал-жабдықтар әкелу қиындау, тіпті ұзақ уақытты қажет етеді. Ал бұл жұмыстың жүруін тежейді. Оның үстіне, Назарбаев университетіндегідей ғылыми орта болмаса, ғылыми жұмысқа деген мотивация да азаятын сияқты. Қаржы табу да оңай емес. Қазақстанда ғылыммен айналысу салыстырмалы түрде қиынырақ.

– Жапондардың өмір сүру салты туралы не айтасыз?

– Жапондардың өмір сүру салты ерекше. Олар зейнет жасына дейін көп жұмыс істеп, қаржы жинайды. Ал зейнетке шыққан соң нағыз өмірлері енді басталғандай өте белсенді болады. Ел аралайды, тіл үйренеді, спортпен шұғылданады, тауларды бағындырады. Халық өте тығыз орналасқандықтан, мұнда адамдар айналасындағылардың қамын бірінші орынға қояды. Қоғамдық көлікте ұялы телефонмен сөйлес-пеу, телефон дауысын дыбыссыз режимге қою деген сияқты басқаларға кедергі жасамау, көршінің тыныштығын бұзбау жолындағы шаралары көп.

– Оқуыңыз аяқталған соң елге ораласыз ба?

– Әрине, оқуымды аяқтаған соң елге оралғым келеді. Бірақ елімізде академия саласында бәсекелестік өте жоғары, ғылыми мақалаларың, тәжірибең, жаңа идеяларың көп болу керек. Сол бәсекеге қабілетті болу үшін көп еңбек етемін.

– Әңгімеңізге рақмет! Ғылым жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №42

 

 

 

1089 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз