Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 25 Қазан, 2020

Алматыда журналистер аллеясы ашылды

Бүгін Алматы қаласында Журналистер аллеясы ашылды. Абай даңғылының бойында орналасқан «Алматыбасжоспар» ғимаратының қақ  алдында, Жароков көшесінен Гагаринге дейін созылып жатқан аймақта 200-ге жуық көшет отырғылды. Еліміздің маңызды деген 35  бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін 187 журналист бас қосып, алдағы уақытта шаһар көркін ажарландыра түсуге барынша атсалысты. 

Наталья Ливинская, Алматы қаласы әкімдігінің жасыл экономика Басқармасының жетекшісі:

- Бүгінгі көшет отырғызу шарасын ұйымдастырудың алдында біз қаламыздағы ботаникалық бақ қызметкерлерімен және көгалдандыру мамандарымен кеңестік. Сарапшылардың пікірін тыңдай келе, талшын ағашын отырғызуды жөн көрдік. Бұл ағашты таңдауымыздың бірнеше себептері бар. Біріншіден, көпшілік оны қаланың тарихымен байланыстырады. Екіншіден, жарықтың түсуі, аймақтың белгілі бір деңгейдегі желдетілуі, яғни климаттық жағдайға толықтай сәйкестігі себеп болды. Үшіншіден, тұрмыстық кедергілер есепке алынды, мәселен, жер астындағы су, электр, телефон секілді коммуникация желілеріне кедергі келтірмеу жағын да қарастырдық. 

Журналистер көшеттерді отырғызып, өздері суарды. Жасыл экономика Басқармасының мамандары жиналғандарға ағаштарды күту ережелерін сипаттайтын парақшалар таратты. Онда көшеттер арасында 4-5 метр қашықтықты сақтау, әр талға 60х60 см шамадағы шұңқыр қазу секілді негізгі нормалар көрсетілген. Өсімдік тіршілігінің жетілуіне қажетті ең басты алғышарт - молынан суару.  Атап айтқанда, жылына - 72 реттен кем болмауы керек.

Жасыл экономика Басқармасына БАҚ өкілдерінен қаланы көгалдандыру бойынша келіп түскен көптеген ұсыныстар Журналистер аллеясының ашылуына себепші болған. Шараға тек ерікті түрде ұсыныс білдірген тілшілер ғана шақырылды. Өйткені, елде орын алған карантин талаптарына байланысты ұйымдастырушылар шектеу нормаларын қатаң сақтануды жөн көрді. Көшет отырғызу төрт сағатқа жоспарланып, әрбір аймаққа оншақты адамнан ғана жіберіліп отырды.    

Игі іске бастамашы болғандардың бірі -  "Қазақ журналистері" тобы. Әріптестеріміз Алматы қаласы әкімдігінің Жасыл экономика басқармасына бірнеше рет ұсыныс тастаған.

Гүлвира Биғалиқызы, "Евразия" арнасының журналисті:

- Алматының апорты жойылып кетті. Біз осыны қолға алғымыз келді. Бір аллеяға алма ағашын отырғызсақ дегенбіз. Қаланың кез-келген бөлігінде алма өсіп тұрса, бұрынғы мәртебесі қайта қалпына келер ме еді?! Ұсынысымызды әкімдік қабылдады, дегенмен қала көшелеріне жеміс ағаштарын егуге болмайды екен. Өйткені, экологиялық жағдай ескеріледі. Сондықтан, олар бізге көрікті талшын ағашын отырғызуды ұсынды. Әрине, біз қаламыздың жасыл желекке оранып, жайқалып тұрғанын қалаймыз. Бүгін "Қазақ журналистері" тобынан 80 адам келіп, өз ағашын отырғызып қайтты. Бұл шаралар алда да жалғасын таба береді деген ойдамын. Өзіміз еккен ағашты демалыс күндері суғарып, бақылап тұратын боламыз.

Журналистер аллеясына ағаш отырғызу ісіне "Қазақ газеттері" серіктестігінің редакциясынан журналистер - Нұрлан Құмар, Бексұлтан Нукарбан, Гаухар Түстікбаева және Досжан Балабекұлы қатысып, өздеріне бөлінген аумаққа талшын ағаштарын отырғызды. Редакциямыздың қызметкерлері   бастама көтерген әріптестеріне қолдау көрсетіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Жасыл экономика Басқармасының хабарлауынша, биыл ағаш отырғызу ісі рекорттық көрсеткішке ие болған. Мәселен, осы уақытқа дейін Алматы қаласында бір жылда 40 000 көшет отырғызылатын болса, биылғы жылы бір маусымда бұл көрсеткіш 250 000-ға жеткен. Сол көшеттердің 176 000 Алатау ауданына отырғызлады деп жоспарланған. Қала тұрғындарының өздері тұрып жатқан қоршаған ортаның экологиялық ахуалына алаңдап, ағаш отырғызуға деген сұранысы мен жауапкершілігінің артқаны мамандарды да ерекше қуантады.

Гауһар Түстікбаева

Досжан Балабекұлы

Суреттерді түсірген:

Досжан Балабекұлы

 

1433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз