Егер сіз əрбір күніңізді өкінішсіз əрі табысты өткізгіңіз келсе, осы кеңестерге құлақ түріп, өзіңізге лайықтап пайдалануды дəл қазір бастауыңыз керек.
Өміріңіздің мəнді болуы - сіздің уақытыңызды басқара алуыңызға тікелей байланысты. Бүгін тайм-менеджмент туралы зерттеу еңбектердің нəтижесін саралап ұсынамыз. Бұл кеңестер арқылы құрып алған жоспарыңыз сіздің жүйкеңізге салмақ салмай, керісінше өзіңізді бақытты сезінуіңізге, əрбір күніңіздің өнімді іске арналуына көмектеседі деп ойлаймыз.
1. Уақытты жоспарлауды əдетке айналдырыңыз.
Кейде танымал адамдар, əдетте əлеуметтік желіде сөздері аудиториясына өтімді блогерлер немесе шығармашылық адамдары "Маған жоспарсыз өмір сүрген қолайлы" деп айтып жатады. Бұл көбімізге ұнап қалады. "Табысты адамдардың өзі жоспарға бағынбайды екен. Табысқа жоспарсыз-ақ жетуге болады екен" деп өзімізді алдауға көшеміз. Бұл жалқау ойымызға жеңілгеніміз.
Өзімізді алдамайық. Күнделікті жұмыстарыңызды қағазға түсіріп немесе смартфоныңыздың хабарламалар бөліміне жазып қойыңыз. Жоспар құру əдетке айналса, тəртіп болып қалыптасады.
Еш мағынасыз Фейсбук, Инстаграм, электронды почта, WhatsApp, telegram каналдарын кезек-кезек ашып, шарлап жүру - уақытыңыздың ең бірінші жауы екенін естен шығармаңыз. Əлеуметтік желінің қажеттілігі бары анық. Бірақ уақыт жоғалтпас үшін не істеу керек? Алдымен барлық желіден жіберілетін хабарламаларды шектеу керек. Аса қажеттілігі болмаса қосымшаларын жүктеу де артық. Күндік жоспарыңызға желілерге кіретін уақытты дедлайнымен бірге жазыңыз. Мысалы, фейсбукке 10 минут, инстаграмға 10 минут, почта тексеруге 5 минут. Белгілеген уақытыңыздан аспау - маңызды.
3. Мен өз уақытымның қожасымын.
Иə, сіз уақытыңызды басқара аласыз. Ол үшін əр жұмсалған минут, секундтарыңыз сізге рахат сыйлауы тиіс. Ал рахаттану үшін пайдалы іс жасауымыз керек. Осы ойды миға бекітіп алсаңыз, жоспардан ауытқымайсыз. Əр секундты қадірлеуге өзіңіз-ақ құлшынып тұрасыз.
Осы тұста бір мысал, тіл үйрену немесе кітап оқу, тоқу, тігу үйрену деген сияқты өзіңізді дамыту мақсатындағы жұмыстарыңызға міндетті түрде уақыт бөліңіз. Оған арнайтын уақыт сіздің күнделікті қайталанатын шаруаларыңызды бітіргеннен кейінге жоспарланғаны жөн. Сонда нəтижеге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары болады.
4. Жаңа күнді жақсы ниетпен бастаңыз.
Таңертең тұра сала əлеуметтік желіге үңілу, күніңіздің босқа өтуіне себепші болады. Алдымен өзіңіздің жүрек қалауыңызбен Құдайға ризашылығыңызды білдіріп, тілек тілеңіз немесе медитация жасаңыз. Жаттығу жасау өте маңызды. Таңғы ас əзірлеу керек, балалардың қамы бар дейтін əйелдердің бітпейтін тіршілігін осы жерде реттеуге болады. Яғни, балаларыңыздан 30 минут ерте тұруға болады немесе балаларыңызбен бірге жаттығу жасау мол табыс əкелетінін ұмытпаңыз. Тəртіпке бала кезден үйренген балаларыңыздың болашағы сіз күткеннен де ғажап боларын ойлаңыз.
5. Өзіңіздің ең өнімді жұмыс істейтін уақытыңызды тауып алыңыз.
Көпшілік таңертең ұйқыдан ояна сала жұмысқа кірісіп кете алмайды. Немесе 11.00-13.00-ге дейін шабытпен жұмыс істеймін деген барлық адамға бірдей белгіленген уақыт жоқ. Сізге қай кез қолайлы? Мүмкін кешке қарай жапырып жұмыс істеп тастайтын боларсыз? Өз уақытыңызды анықтап алғаннан кейін, ең қиын жұмысыңызды сол уақытқа қалдырыңыз.
6. Ерте жатуға дағдыланыңыз.
Күнделікті 12-де немесе 1-де ұйқыға жатып жүріп, бірден 10.00-де ұйықтап кету мүмкін емес. Ол үшін күндегіден жарты сағат ерте жатып жүріп, дағдыға айналдырыңыз. Ұйқыға жатуды 11.00-ден кешіктірмеген абзал. Ерте жатуды телефонды ерте өшіруден бастаңыз. Ерте жатқан адам ерте тұрады. Ерте тұрған адамның күш-қуаты кеш тұрған адамнан əлденеше есе артық болатынын ұмытпаңыз.
7. Бір мезетте бірнеше жұмысты қатар істеуді тоқтатыңыз.
Көпшілігіміз уақытты тиімді жұмсаудың реті осы деп бірнеше жұмысты қатар жасағымыз келеді. Бұл миға салмақ салады. Шаршаған ми жалқау келеді. Ойымыз онға бөлініп, шаршап жүрмес үшін жұмысты ретімен істеп тастап, əр жұмыс біткен сайын өзімізге риза болып отырсақ, денсаулығымызға да пайдалы.
8. Күнде кешке жоспарыңызды тексеріңіз.
Атқарылған шаруаларыңызға "Жасалды" деп белгі соғу, сізді қуантып, жақсы ұйықтауыңызға себепші болады. Алдағы күнге құлшындырады. 24 сағатымның неше сағаты пайдалы өтті деп қарап көріңіз. Жоспарсыз шапқылаған кезіңізбен салыстырсаңыз нəтижесі бірден байқалады. Мақсатыңызға жетуге болатынын ойлап қанаттанасыз. Армандарыңыз арман күйінде қалмайтынына көзіңіз жете түседі.
9.Апталық шолу жасау.
⠀
Əрбір жұма күні кешке өткен аптада не жасай алдым деп өзіңізден есеп алып тұру жүйкеңізге салмақ салудан қорғайды. Бітпеген істер болса, босқа ашуланбайтын боласыз.
1-қадам: Алдымен өткен аптадағы артық ақпараттарды өшіріп тастаңыз. Почта, əлеуметтік желі басқа да хабарламалар көп түсетін браузерлерді тазартыңыз.
2-қадам: Алдағы аптада атқарылуы тиіс негізгі 6 шаруаны жазып қойыңыз. Ең маңызды, өзіңізге табыс əкелетін жұмыстар мəселен, кітап жазып жүрсеңіз, осынша бетін жазып аяқтау немесе кəсібіңіздегі түсімді осынша арттыру, ол үшін мына жұмыстарды қолға алу керек деген секілді нақты мақсаттарыңызды жазасыз.
3-қадам: Ең маңызды жұмыстарға көп көңіл бөлу үшін қосымша ұсақ-түйек шаруаларды тізіп жазып, өзіңізді шаршатпаңыз. Өткен аптаға қарап, анализ жасап алыңыз. Бұл алғашқыда қиын көрінгенмен, жұмыстарыңыз жүйеленген сайын, жоспар жасап жүргеніңіз үшін риза бола бастайсыз.
Өміріңізге өзгеріс əкелетін уақыт келді. Ең бастысы бəрі бірден бола қалады деп өзіңізді алдамаңыз. Жоспар жасауға дағдылансаңыз, уақытыңызды бəріне жеткізе аласыз. Тіпті, сағызша созылған сериалдарды қарауға да уақыт табасыз. Қосымша кəсіп жасап, табыс табу да оңай. Ең бастысы, жоспарыңызға адал болыңыз.