Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Қазан, 2020

Баж көлемін көтеру үшін не істеу қажет?

Кешегі өткен судьялар съезінде сөз болған баж төлемін көтеру туралы мәселені Нұрлан Қалқа фейсбук парақшасында жазды. Сонымен...

*Осы ұсыныс кейбір адвокаттарға ұнамаған секілді. Олар: «өз клиенттерінің, тіпті ірі компания баж көп болғандықтан, сотқа талап түсіре алмай отыр, сот төрелігі адамдарға қолжетімді емес» деп көпшілікті жаңылыстырғысы келеді.

*Шын мәнінде солай ма? Әрине, олай емес.

*Қазір ұсақ-түйек дауға дейін сот арқылы шешуге ұмытылып, талап арыз беретіндер қатары күн санап артуда.

*Енді мысалға жүгінелік.

*Біріншіден. Сотқа талап арыз түсіру үшін баж көлемі өте аз.

*Бізде баждың көлемі 90-жылдардан бері өзгеріссіз. Қазіргідей емес, ол уақытта сотқа бару ұят саналатын. Дүние-мүлік, отбасылық келіспеушілік, басқа да ұсақ даулар үшін сотқа жүгінбей, ақсақалдар кеңесі, беделді кісілер, туған-туыс арқылы шешуге тырысатын.

*Шетелде қалай? Дамыған елдерде даудың баламалы тәсілдері кеңінен қолданылады. Себебі, баж салығы өте жоғары. Посткеңестік елдерде де солай.

*Мысалы, бізде баж салығы Әзербайжаннан 6 есе (4,5 мың тг. – 1,7 АЕК), Ресейден 9 есе (7 мың тг. – 2,7 АЕК), Тәжікстаннан 11 есе (8 мың тг – 3 АЕК), Беларусьтан 25 есе (18 мың тг – 7 АЕК), Өзбекстаннан 25 есе (18 мың тг – 7 АЕК), Украинадан 27 есе (19 мың тг. – 7,5 АЕК), Молдовадан 120 есе (88 мың тг. астам – 34 АЕК), ал Англиядан 380 есе (276 мың тг. – 104 АЕК) аз.

*Екіншіден, мемлекеттік баждың төменгі көлемі қарастырылмаған.

*Мысалы, баж коммуналдық қарыздар бойынша бар болғаны 5-10-20 теңге, ал мұндай істер соттарда мыңдап саналады. Ондай істерді қарау кезінде мемлекеттен жұмсалатын шығын көп.

*Сондай-ақ, ажырасу үшін төленетін баж көлемі 0,3 АЕК (795 тг).

*Биылғы 9 айда республиканың соттары қараған істердің 80 пайызы даусыз істерге жатады, 4 пайызы мүлікті бөлісуге қатысты.

Шағын қаржы мекемелері 10-20 мыңнан теңгеден астам көлемінде қарыз береді. Оны уақытында төлей алмаған қарыз алушы да, берген қарызын ала алмаған мекеме де сотқа жүгінетіні сөзсіз.

*Мысалы, елордадағы Сарыарқа аудандық сотында әр судья 2018-2019 жылдары шағын кредит заемдары бойынша 1 мыңнан астам іс қарады, қалған істерді былай қойғанда.

*Тағы бір мысал. Соттағы істердің 84 % бойынша мемлекеттік баж салығы 5 мың теңгеден аспайды.

*Үшіншіден, баждың аз болуы – медиацияның дамуына кедергі.

*Мемлекет басшысы сот жүйесіне кейбір дауларды шешудің баламалы жолдарын қарастыруды тапсырғаны белгілі.

*Медиация туралы заңның қабылданғанына 10 жылға жуықтады. Бірақ, қоғам тарапынан медиацияға жүгіну аз. Себебі, мемлекеттік баждың төмендігі бұл институттың дамуына кедергі келтіруде. Мысалы, 10 мың төлеп, медиаторға барған тиімді ме, әлде, 800 теңге төлеп, сотқа жүгінге тиімді ме?

*Дамыған елдерде процестік экономика ұғымы қалыптасқан. Сіз 20 доллар үшін соттаса аласыз. Бірақ, баж біздегідей 20 теңге емес, 220 доллар. Өйткені, мемлекеттік баждың ең төменгі шегі бар. Сондықтан ол елдерде медиацияға көп жүгінеді, істердің көбісі сотқа дейін шешімін табады (ол АҚШ-та 90 пайыз).

*Ең бастысы, мемлекеттік бажды көбейту даулардың соттарда қаралуын азайту емес, керісінше, сот процесінде күрделі даулардың сапалы қаралуын және мемлекет бюжетіне салмақ салмауды көздейді.

*Егер баж көлемі ұлғайтылса, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар үшін қолданыстағы барлық жеңілдік сақталары сөзсіз.

*Кейбір адвокаттар мұны жақсы түсінеді. Бірақ «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, қарапайым жұртты жаңылыстырып, «баж салығын көбейткелі жатыр» деп, байбалам салуда. Оларға айтарымыз мынау:

*Хәкім Абай: «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған бәлеге жолығар» деген. Ағайын арасындағы, отбасы айналасындағы, т.б. ұсақ дауды ушықтырмай, өзара келісіммен, бітіммен шешкеніміз абзал.

*Халқымыз кез-келген дау-жанжалды ел ағаларымен шешіп, тура, әділ жолға салып отырған. Бүгінгідей қиын уақытта ел бірлігін, ағайын татулығын сақтағанымыз жөн.

«Ынтымақ қайда барасың, бірлікке барамын» деген халық даналығы. Олай болса, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық. Дауласу емес, бітімге келу – мұрат. Осы мақсатымызға ел-жұрт болып, қол жеткізелік!

 

494 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз