Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 26 Қазан, 2020

Аудан әкімі қос жазушымен кездесті

 Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов әдебиет сыншысы, публицист Бақыт Сарыбаұлы мен жазушы-сатирик Нұрмахан Елтайды қабылдады.

Аудан басшысы алдымен атқарып жатқан бастамаларымен бөлісіп:

– Әкім болып келісімен ауыл-ауылды аралап, қандай қажеттілік барын білдім. 26 ауылдық округ бойынша 80-нен аса өтініш-ұсыныс түсті. 1,5 айда соңын 16 проценті шешімін тапты. Осының мән-жайын түсіндіру үшін тағы да төрт елді мекенге бұт бұрып, тұрғындармен кездестім. Алдағы уақытта өзге ауылдарға барып, ұсыныстары қалай орындалып жатқаны, қандай деңгейде тұрғанын айтып, алдағы жұмыстарды пысықтайтын боламын, – деді.

Әкімнің атқарып жатқан істерін әлеуметтік желі және жергілікті газеттен оқып-біліп отырғанын жеткезді қос қаламгер.

Одан кейінгі ортақ әңгіме – руханият, мәдениет саласы жайында өрбіді.

– Жақында "Ақынның аманаты" атты жазбам фейсбукке шықты. Адырбек Сопбеков ағамызбен рухани байланысымыз, сыйластығымыз және т.б арқау еттім. Жоспар көп. "Жаңақорған жауһарлары" атты ән-жыр мұраларының антологиясын шығаруды ойлап жүрмін. Соған Жаңақорған топырағынан түлеген өнер, мәдениет, әдебиет саласының белді, беделді өкілдерін қамтимыз.

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіріп, ортақ бір мүддеге һәм ұлы мақсатқа жетелейтін рухани күш – әдебиетте. Сондықтан қаламгерді қолдай береміз, – деді Руслан Рүстемұлы.

Әңгіме барысында жергілікті ақын Тұрар Сүлейменовтің "Жүрекке жетсе жыр-өлең" кітабының шығуына Руслан Рүстемовтың қол ұшын созғанын, Бақыт Сарыбаұлының "Көккесене" кітабының шығуына Қырымбек Көшербаевтың қолдауы болғаны белгілі болды.

– Сыншы, публицист Құлбек Ергебектің "Кітабы жоқ ақын" мақаласын оқып, Тұрекеңді тауып алып, жыр жинағы баспа көруіне атсалыстым. Әрине мұнымен мақтануға болмайды. Қайта сөз өнері қонған асылдарымызға жағдай жасай алмағанымыз үшін өкінуіміз керек. Тынымбай Нұрмағамбетов ағаның 70 жылдығын Жаңақорғанда атап өттік. Құдай қаласа, коронавирусты жеңіп, алды-артымызға қарайтын кез келгенде Бақыт ағаны шығармашылық сапарымен күтетін боламыз, – деді әкім.

Сыншы Бақыт Сарыбалаұлы қоғамның әдебиетсіз өмір сүруге мүмкіндігі жоқ екенін, себебі, көркем әдебиет қоғамды жақсылыққа тәрбиелеп, жасампаздық жолға салатынын айтты. Ал әдебиетті дамытуда жүйелілік керек екенін сөзге қосты.

Сатирик Нұрмахан Елтай аудан топырағынан нәр алған қаламгерлерді ұлықтау маңызды екенін айтты. Мәселен, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сынды жазушылармен сыйлас болған қандөздік Нұрмахан Оразбекұлын дәріптеуді ұсынды.

Кездесу соңында елін мықты болса, әдебиетінді көрсет, әдебиетің мықты болса, алдыменен сыншыңды көрсет дегендей тәлімді сөзбен түйіндеді.

Әкім қос жазушымен естелік суретке түсті.

656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз