Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 27 Қазан, 2020

Өзіңді құрмет тұтқанын қаласаң, өзгені құрметте

 

Менің ағылшын досым болған еді. Біз көрші тұрдық. Өзі мүгедек, әрі жасының егде тартқанына қарамастан жалғыз өзі тұрды. Жас кезінде талантты суретші болған. Өмірі де қызыққа толы болса керек: құрмет пен атақ, молшылықта өмір сүрген. Бірақ отбасын құрып үлгермепті. 

Екеуміз жиі әңгімелесетінбіз.  Мен оның жастық шағындағы Англиядағы өмір туралы әңгімелерін қызыға тыңдайтынмын, ол керісінше менің Қазақстан туралы айтқанымды ұнататын, біздің еліміз туралы көбірек білгісі келетін. Әсіресе, ауыл өміріне: бейқам тірлікке, қонақжайлыққа, кішінің үлкенге деген құрметіне қатты таңғалатын. Менің әңгімелерімді тыңдап отырып, қазіргі Англия бұның бәрінен құр қалды деп басын шайқайтын. 

 

Біз қонақжайлығымызды іс жүзінде де көрсете білдік, үнемі көршімізге ұлттық тағамдарымыздан ауыз тигізіп тұрдық. Мереке күндері оның көңілін көтеріп, қуаныш сыйлау мақсатында балаларымызды ертіп барып құттықтайтынбыз. Әрине, сол кездері өзім де елдегі ата-анамды қатты сағынып жүрдім. «Өзіңді құрметтегеніңді қаласаң, өзгені құрметтей білуің керек» - деген қағиданы ешқашан естен шығарған емеспін. Көршіме көрсеткен қамқорлығымды өзге біреу менің ата-анама көрсетіп жатса, мен де риза болар едім, деп ойлайтынмын.

 

Бірде көшеде басқа көршімді кездестірдім. Ол менің неге суретшіге үнемі көңіл бөліп, тамақ апарып беретінімді сұрады. Көрші әйелдің пікірінше, оның жағдайы жасалған, өзінің үйі бар және медбике де күнбе-күн келіп тұрады. Мен "біздерде үлкенге құрмет көрсету қалыптасқан әдет",-деп қысқа ғана жауап бердім.  

 

Көршім, әрі мейірбан досым бір түнде баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алды. Оның жағдайын сұрап барғанымда айтқан мына бір сөзі әлі күнге есімде: "Сенің Қазақстан жайлы айтқандарың туралы ұзақ ойландым, мен бұл ел жайлы ешқашан естімеппін және маған дамымаған мемлекеттердің бірі секілді көрінетін. Алайда, сіздің отбасыңыздың маған деген қарым-қатынасына қарап, біздің қазақстандықтардан көп нәрсені үйренуіміз керектігін түсіндім".

Өкінішке қарай, келесі күні ол өмірден озды. 

 

Англиядағы өмірімді, жоғарыда әңгімелеген көршімді еске түсіре отырып, өзім де көп ойға баттым. Көптеген халықтың дәстүрі мен мәдени құндылықтары өзара ұқсас: үлкенді құрметтеу, туыстық қатынасты сақтау, көршілермен тату болу және т.б. Алайда, жаһандану және қарқынды урбанизация дәуірінде индивидуализмге деген ұмтылыс осы құндылықтарды кейінге ығыстыра бастағандай. Экономикалық даму мен өз қоғамын ырықтандыру жолындағы Қазақстан секілді елдер үшін мультимәдениеттілік идеяларын жүзеге асырумен қатар, жалпы адами қарым-қатынасқа негізделген өзінің дәстүрлі құндылықтарын сақтау өте маңызды.

 
Серік Оңалбайұлының фейсбук парақшасынан

1024 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз