Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 28 Қазан, 2020

Ашушаңдықты жеңуге болады

 

Жоқтан өзгеге жүйкесі жұқарып жүретіндер бар. 

Көбіне адамдар өзінің неге ештеңеге көңілі толмайтынын, неге негативті күйде екенін түсіне бермейді. Түпкі себепті өз бетіңмен табу қиынға соғуы да мүмкін. Дегенмен, адам өзінің іс-әрекетін, жай-күйін бақылап, сараптап отырса, саналылық деңгейі көтеріледі.

Сыртқа көңіл толмаушылық түрінде көрініс беретін - ішкі мәселе. Бұл адамның жан дүниесіндегі қандай да бір қайшылық, шешілмеген түйін тұрғанын көрсетеді. Егер сол түпкі себепті алып тастамаса, жағдай ушыға береді.

Көңіл толмаушылық ашу-ызаға ұласып, қарым-қатынасқа, денсаулыққа, жалпы өмір сапасына әсерін тигізеді. Ең қиыны, ата-анадағы көңілтолмаушылықтың бала тәрибесіне әсері орасан. Мұндай ересектер балаға сәтсіздік, қауіп-қатер, бақытсыздық дегендей бағдарламасын орнатады. Балаға бұл бағдарлама біртіндеп қонып, үлкендердің сөзімен үнемі расталып, бала өмірді қиындық ретінде қабылдайтын тұлға болып өседі. Өмір - күрес, арпалыс деген бағдарлама болашақтан жақсы нәрсе күтуге мүмкіндік бермейді.

Жалпы көңіл толмаушылық - шарасыздықтан, өзіңді әлсіз сезінуден туады. Адамға басқалардың ісі дұрыс емес, бәріне шыдап-көніп жүрген бұл ғана дұрыс сияқтанып, құрбан күйіне түседі. Сөйтіп, "өшін" шамасы келетіндерден алады. Бала-шағаға айқайлау, ұру, өзіңді ұстай алмау - өз әрекетіңе дұрыс баға бере алмаудан. Ең қиыны, осы аналар өзі сияқты әлсіз, мәселені шеше алмайтын, шығар жол іздей алмайтын, стресс жағдайында ақылға қонымсыз іс жасайтын бала тәрбиелейді, өзі үлгі болады.

"Ашуымды тізгіндей алмаймын" дейтін аналар түпкі себеппен жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Өзін түсінген адам көңілтолмаушылық туған сәтте бірден жұртты кінәлауға ұмтылмайды, ситуациядан шығудың ең дұрыс жолын қарастырады.

Бір сөзбен, өзінің өмірін жақсартқысы келен жан - өзіне үңілу керек. Балаңа неге ашуланатының, күйеуің немесе енеңе неге жының құрысып қалатынын, біреулерді не жақтырмайтыныңды түсінсең - бәрі өзгеріп сала береді.

Сыртқа көрсететін реакциялардың ішкі себебі шешілген кезде - өмір сүру жеңілдейді.

Анар Есен 
психолог 
anar_yessen инстаграм парақшасынан

651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз