Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Қазан, 2020

Балалар басылымы қолдауға зәру

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айта келіп: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деп айқындап атап өтті.

Рас, қазіргідей қым-қуыт ­уа­қытта балалардың күш-қуаты мен ­қы­зы­ғушылығын қалыптастыру өте маңызды іс. Мектеп жасын­дағы ұл-қыз­дарымыздың бір-біріне әлімжеттік жасап, онысын телефонға түсіріп, желіге жариялап жатқанына талай мәрте куә болдық. Бұл – ұлтымыздың қасіреті. Біз балаларымыздың тәр­биесін ақсатып бара жатырмыз. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бар. Ол рас нәрсе, балаларға білім беру бір басқа да, тәрбие беру бір басқа. Бала тәрбиесіне мектеп (мемлекет) те, отбасы (ата-ана) да жауапты. Тәрбие көрмей өскен бала ертең қоғамды бүлдіреді. Сондықтан бала тәрбиесіне, оның күш-қуатын дұрыс пайдалануына бағыт-бағдар беруіміз керек. Президентіміз айтқандай, қазіргі уақытта баланың қызығушылығын қалыптастыру аса маңызды. Бала жастайынан бір нәрсеге қызықпаса, не шығармашылыққа, не спортқа, не қолөнерге, не техникаға бейім болмаса, оның болашағы күмән тудырады. Сондықтан қайткен күнде де балаларымыздың қы­зығушылығын оятуымыз керек. Оның түрлі жолы, механизмі бар. Ең негізгісі – баспасөз бен кітап. Совет заманында белгілі бір дәрежеде мемлекеттік идеология болды. Балаларды кітап, басылымдар оқуға баулыды. Соның нәтижесінде қаншама өрелі буын қалыптасты. Сол уақыттарда «Ұлан» («Қазақстан пионері»), «Ақ желкен» («Пионер»), «Балдырған» оқып өскен балалар қазір ақыл айтар ата-әжеге айналды.
Біз мемлекеттік мінбелерде қазақ тілінің мәселесін жиі көтереміз. ­Алайда тілді өлтірмеудің жалғыз ғана жолы бар. Ол – жас ұрпаққа ана тілін сіңіру. Баланың кітап, газет-журнал оқу арқылы тіл байлығы артады, сөйлеу дағ­дысы қалыптасады. Кішкентайынан оқыр­ман болып қалыптасады. Өкінішке қарай, қазір кішкентай оқырмандарды қалыптастыруға бейжай қарап отырмыз. Балалар басылымдары мен кітап­тарының қазіргі хәлі ауыр. Балалар жазушыларының аға буыны азайды. Жас қаламгерлер бұл жанрға жақындай бермейді. Соның салдарынан қазіргі заманғы балаларға арналған шығармалар жазылмай жатыр. Рас, ­балалар әдебиетінің ілгерідегі классиктері жазған іргелі шығармалар жоқ емес, бар. Алайда ол шығармалар қазіргі технология дәуіріндегі балалардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Қазіргі бала шығармадан өз ортасын, өз қоғамын, өз замандасын көргісі келеді. Жаңа авторлар, жаңа шығармалар дүниеге келу үшін балалар әдебиетіне мемлекет қолдау білдіруі керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ­«Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану, филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырған болатын. Осы бағытта «Жаңа гумани­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып, жобаны іске асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Бұл бюро әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударды. Әлі де аударып жатыр. Кезінде Алаш зиялылары қазақтың көзін ашып, көңіліне сәуле шашу үшін Мәскеудегі «Күншығыс ­баспасы» айналасында топтасқан еді. Нәзір Төреқұловтың басшылығы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, ­Ахмет Мамытұлы, Қошке Кемеңгерұлы секілді қазақ зиялыларының атсалысуы­мен ­саясаттану, әлеуметтану, жаратылыс­тану, география, астрономия, педагогика, медицина тақырыптарындағы талай аударма кітаптар мен оқулықтар дайындалды. Қазіргі «Ұлттық аударма бюросын» кезіндегі Алаш арыстарының еңбегі сіңген осы «Күншығыс баспасына» ұқсатамын. Себебі бұл бюроның қазіргі мақсаты осындай – студенттерге арналған әлемдегі озық кітаптарды қолжетімді ету.
Ендігі кезек – оқушыларда. Сту­дент­терге жасалған жағдай оқу­шы­ларға да жасалуы тиіс. Себебі жас тол­қын да сусап отыр. «Ұлттық аударма бюросы» секілді балаларға арналған кітап­тар­ды жанрлар бойынша жүйелеп, жа­рыққа шығаратын «Балалар әдебиеті ­бю­росы» құрылуы керек. Бюро ­аясында халықаралық стандарттарға сай келетін балалар баспасын қалыптасты­ру қажет. Сөйтіп, әлемнің балаларға арнал­ған классикалық шығармаларын, ерте­гілерін, қазіргі заманғы белгілі қалам­герлердің әдеби кітаптарын, бала­лардың қызығушылығын қалып­тастыратын, белгілі бір бағытқа баулитын таным­дық кітаптарды қазақ тіліне аудару қажет. Одан бөлек өзіміздің балалар әдебиетінің классиктерінің таңдамалы шығармаларын және қазіргі балалар қаламгерлерінің кітаптарын (драматургия, поэзия, проза) шығару қажет.

Бұған мемлекеттің қаражаты да, мүмкіндігі де жетеді. Балаларға арнал­ған басылымдар да мемлекеттің қол­дауына зәру. Бізде министрліктер мен әкімдіктер арасында бәтуа жоқ, бірінің жұмысына екіншісі қолдау білдірмейді. Жоғарыдағы аты аталған «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» секілді балалар басылымдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне («Қазақ газеттері» ЖШС) қарайды. Ал балалар білім алатын мектептер жергілікті әкімдіктердің Білім беру басқармаларына, ал мектептердегі білім саласындағы басшылықты жүзеге асыру Білім және ғылым министрлігіне жүктелген. Алайда Білім және ғылым министрлігі де, әкімдіктердің Білім беру басқармалары да оқушылардың басылымға жазылуына, олардың қызығушылығының қалыптасуына жағдай жасамайды. ­Мысалы, «Балдырған» журналын алайық. «Балдырғанның» оқырманы – 5-10 жастағы бүлдіршін. Оған «Балдырған» деген жақсы журнал барын не мұғалімі, не үйдегі ата-анасы айтпаса, жаздырып ықпал етпесе, бестегі бала журналға қалай жазылады? Балалар басылымдарының қолының байланып отырғаны да осыдан. «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» секілді басылымдар оқушыларды өнер-білімге, ғылымға, әдебиетке, технологияға, спортқа ­баулитын қаншама мазмұнды дүниелер жариялап келеді. Өз заманында қазіргі «Ақ желкен» (бұрынғы ­«Пионер») журналына Қаныш Сәтбаев балаларды ғылымға баулитын дүниелерін, Әбілхан Қастеев сурет салу дәрісін, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар қаламгер творчествосы айдарларын жүргізіп, сол заман балаларының қызығушылығын қалыптастырған еді. Қазір сол үрдіс үзілді. Балалардың болашағын ешкім ойлап жатқан жоқ. Мемлекет те балалар басылымдарын қажет етпей тұр. Президент айтпақшы, «балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?» ­Ендеше, неге министр­лер, әкімдер балалардың өз басылымдарына ­жазылуына жәрдем бермейді.
Балаларды газет-журналға ­жаздырып, баулудың жолы көп. Жақында ­Сенат ­депутаттары аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына көмек көрсету мәселесін талқылады. Басқосуда осындай отбасылардан шыққан балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде биылдан бастап 6 жасқа дейінгі 213 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілетінін айтты. Сол кезде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осы жиынтыққа кәдімгі азық-түліктен бөлек рухани азық қосуды алға тартып, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға «Балдырған» журналы мен «Ұлан» газетін жаздырып беруді ұсынды. Мұны тамаша ұсыныс деп есептеймін. Өйткені жоғарыда айтқандай, балалар өз қалауымен газет-журналға жазыла алмайды. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың басылымға жазылуға жағдайы жетпейді. Егер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы ұсынысты ескеріп, ұйымдастыра алса, қаншама бүлдіршін қолына газет-журнал алып, мол ақпарат алар еді. Нұртөре Жүсіп айтпақшы, оқу мәдениетіне үйреніп, келешекте білімге, ғылымға құмар азаматтар болып, отансүйгіш сезімі ерте қалыптасып, көзі ашық, көкірегі ояу Қазақстан азаматтарының қатарын арттырар еді. Кім біледі, сол балалардың ішінен болашақ Сәтбаев, Әуезов, Қастеевтер шығатын болар? Қазақ тарихында мұндай мысал өте көп. Алаш зиялыларының қайраткер болып қалыптасуы жолында алдыңғы буын ағалар ақшасын аямады. Солардың маңдайалды оқу орындарында білім алуына жағдай жасап, стипендия төлеп, аяққа тұрғызды. Кейін сол азаматтар атқа қонып, Қазақ елінің келешегі үшін тер төгіп, жан берді. Мұның бәрі де бізге сабақ, өнеге.
«Бір жылын ойлаған ел бидай, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын, мәң­гілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгі­ліктің дәнін егеді» деген жақсы сөз бар. Мәңгілікті ойласақ, осы мәселеге ден қоюымыз қажет. Енді қимылдамасақ, кеш қаламыз...

Серікбол ХАСАН,
балалар ақыны, журналист

"Ана тілі" газеті

 

 

868 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз