Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 30 Қазан, 2020

Жан тыныштығын қалайсың ба?

Әр адамның бойында ар деген құндылық бар.  Тек, көбіміз оның үнін өшіреміз. Бала күннен ар үнін елемеуді, тұншықтыруды үйренеміз. Ал бұл, шын мәнінде өмірдегі ең басты шамшырақ.

Арлы жан ең алдымен өзіне, сосын айналасына адал. Адам ретінде де, маман ретінде де. Адам ар-ұятпен өмір сүрсе, өмірі шынайы көрінеді, дәмін ала алады. Ал ардың үнін ары тығып, бергі жақпен жұртты алдап сүрген өмір - бос, бекер өткенін сезеді. Жан қиналысына түсіп, психологтың алдынан табылатындар да, өмірдің мәнінен айырылатындар да солар. Өйткені ең маңызды темірқазықтан айырылған соң, адам өмір бойы оңбай жаңылысумен болады.

Бизнесте тасың өрге домалап, табыстың астында қалсаң да, ар үні тыным бермесе - рақатын көре алмайсың. Ардан аттаған адам болсаң, жақсы маман да болып жарытпайсың. Бұл - аксиома.

Ар адамда адекватты қабылдауды тудырады. Ар-ұждан негізінде қабылдау жаныңның кіршіксіз қалпымен қауышу, өзіңді және әлемді толық түсініп, қабылдау.

Ал өміріңді, өзіңді және әлемді ар тұрғысынан қабылдау - шынайы қабылдау. Өзіңнің әлсіздігіңді, кемшілік-басымдығыңды, болмысыңды тұтастай қабылдаған кезде бізде ішкі қайшылық тумайды. Осы кіршіксіз нүктеңде Жаратушымен байланысып, жаның тынышталады. Жүрек тазалығы, өмірге құлшыныс, ішкі мотивация, ұлы мұраттар, миссиялар, құндылықтар тап осы тұстан бастау алады. Әділеттік те. Өзіне адал адам - өзгеге әділетті.

Ең алдымен өзіңе, сосын айналаңа адал болып үйренуге ешқашан кеш емес. Көп өкініштің алдын аласыз. Әрбір жан сәл қиғаш кеткен жерінде дереу ішіне үңіліп, арының үніне құлақ түрсе - өмір әлдеқайда жеңіл болар еді...

  

 
Анар Есен
психолог
 

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз