Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 31 Қазан, 2020

"Тіл – достықтың алтын көпірі" байқауы өтті

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн екенін және қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз қажет екенін айтқан болатын.

“Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі”,- деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзін негізге ала отырып, ҚХА-ның 25 жылдығына орай "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы жыл сайынғы "Тіл – достықтың алтын көпірі" атты байқауын өткізді. Іс-шара барлық санитарлық нормаларға сәйкес өтті.

Сайысқа елордалық ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері қатысты. "Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының филиалы" ҚБ, "ТАҢ" татар-башқұрт этномәдени орталығы" ҚБ, "Юнчи" дүнген этномәдени орталығы" ҚБ, "Жайхун" қарақалпақ этномәдени бірлестігі" ҚБ, "Лад" республикалық славян қозғалысының астаналық филиалы" ҚБ, "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени орталығы" қоғамдық бірлестігі қатысты.

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақтың "Көрімдік беру", "Сүйінші сұрау", "Шашу" дәстүрлерін көрсетті. Екінші кезеңде көрермендер назарына "Қазақстан Халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы" немесе "Тіл – достықтың алтын көпірі" тақырыбында бейнероликтер ұсынылды. Бұл кезеңде қазылар алқасы этномәдени бірлестіктермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Үшінші кезеңде қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

"Әр мемлекеттің өз тілі болмаса, мемлекет болып саналмайды. Елбасының “Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату” деген сөзі бар. Мемлекет бар жерде тіл болуы керек. Ана тіліміз - мемлекетіміздің негізі. Тіл бар жерде мәдениет те, діл де, саясат та болады",- деді Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.

Бұл байқау жыл сайын "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізіледі. Негізгі мақсат - мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығын насихаттау.

Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды "Жайхун" қарақалпақ этномәдени бірлестігі, 2 орынды "Юнчи" дүнген этномәдени орталығы, 3 орынды Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының филиалы иеленді.

389 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз