Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 08 Қараша, 2020

  Шетелдік кәсіпкерлер смартфон сыйлады

Алматы қаласы Алатау ауданындағы цифрлық ХҚО-да "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері шетелдік кәсіпкерлермен бірлесіп ерекше іс-шара өткізді.

      Алматы қаласы Алатау ауданының тұрғыны, көпбалалы жалғызбасты ана Галина Құдайбергенова мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн ала алмағандықтан цифрлық ХҚО-ға келді. Өйткені оның ешқандай телефон құралы болмағандықтан, онлайн қызметке қолы жетпеген.

       Мұндай жағдайлар цифрлық ХҚО-ға келетін аудан тұрғындары арасында аз емес. Мұны байқаған бөлім басшысы Назгүл Жүнісова мұқтаж жандарға қалай көмектесуге болатынының жолын тапты. "Xignal & MT" халықаралық компаниясының өкілдерімен келісу нәтижесінде бүгін аз қамтылған көп балалы аналарға смартфондар сыйлады. 

         «Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы көптеген маңызды қызметті алуға болады. Алматы қаласының Алатау ауданында  табысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жалғызбасты ана, көп балалы отбасылар бар. Пандемия кезінде сондай отбасыларға көмектесу мақсатында, үйден шықпай-ақ онлайн режимінде қызмет алуларына мүмкіндік жасағымыз келді. Шетелдік кәсіпкерлердің көмегімен жалғызбасты, көп баласы бар 6 анаға смартфон сыйлайық деп шештік», – дейді Алатау ауданындағы Цифрлық ХҚО басшысы Назгүл Жүнісова. 

         Оңтүстік Кореялық «Xignal & MT» компаниясының өкілдері Ким Бомсу, Хван Чульхо, Пак Мадина сыйлықтарын Алатау ауданының мұқтаж тұрғындарына өз қолымен табыс етті. Смартфон алғандардың арасында Галина Құдайбергенова да бар. Аналар енді мемлекеттік қызметтерді үйде, балаларының ортасында отырып, өз смартфондарымен алатынына қуанды.

     Бұл күні цифрлық ХҚО қызметкерлері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Департаментінің өкілдерімен бірлесіп оқыту-үйрету дәрістерін ұйымдастырды: цифрлық қызметтерді алу бойынша қадамдық нұсқаулықтары бар бейнероликтер мен слайдтарды көрсетті, EgovKzBot2.0 телеграм-ботын және қосымшаларын пайдалануды көрнекі түрде үйретті.

       Айта кетейік, Алматы қаласы Алатау ауданындағы Цифрлық ХҚО 2020 жылғы 25 мамырдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда электрондық мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы алу үшін өз бетінше қызмет алуға болатын 600-ге жуық egov бұрышы жұмыс істейді. Бұрыштар азаматтардың ХҚО ғимараттарында шоғырлануын болдырмайды және вирустың таралу қаупін азайтады.

Анықтама: Цифрлық орталық ашылғалы бері 35 мыңнан аса электрондық қызмет көрсетілді. Күніне 100-ге жуық адам қызмет алады.  

581 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз