Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Қараша, 2020

Абайдың жаңа нақыл сөзі неге ескерусіз қалып жүр!

Төрәлі Қыдырдың: «Құдайға шүкір, Абай шығармаларының академиялық толық жинағын аяқтап, баспаға ұсындық» деген сүйінші хабарын «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасынан оқып, жұмыс тобының құрамына жаңа басылымды тағатсыз күтіп жүргендердің бірі болып қуана құтты болсын айттық. Бірақ көкейімізде «Осыдан он бір жыл бұрын табылған Абай афоризмі жаңа жинаққа енді ме екен?» деген сұрақ көлденең тұрды.

Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын жетер өрісіне жеткізіп зерттеген Мұхтар Әуезов екені белгілі. М.Әуезов қырық жылдай өмірін сол жолға арнаған. Біздің мақсатымыз – Мұхтар Омарханұлы ғұмырнаманы қандай деректерге сүйеніп жазғаны және сол архивтік әрі қолжазба деректер қолында болмағанда Абайдың өмірбаянын қалай жазар еді деген сұраққа жауап іздеу болатын. Оны Абай шығармалары арқылы жазса керек деп ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі өмірбаяндық фактілерді ашуға кіріскеніміз бар. Зерттеу, зерделеу барысында көптеген материалдарды жинап, жүйелеп оқуға тура келді. Жинақтаған материалдарды бір-бірімен салыстыру арқылы ғылыми-танымдық мақалалар жазып, оларды газет-журналдар мен ғылыми-практикалық конференция жинақтарына жариялау жұмыстарымен ізденіп жүргенде  М.Жармұхамедұлы бастаған бір топ жинақ құрастырушылардың «Жібек жолы» (2007) баспасынан жарық көрген Шәкәрім Құдайбердіұлының екі томдық кітабы 2008 жылдың қоңыр күзінде қолыма тиді. Кітапты оқып отырғанда ішінен: «Абай марқұм «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық; Үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді», – деп  Шәкәрімнің есіне түсіріп жазған Абайдың бір ауыз нақыл-насихат сөзі шыға келді. Сөйтіп, байқап қалған Абай өсиетін бүгінгі қолда бар ғылыми айналымдағы академиялық екі томдық жинақтағы ақынның толық шығармаларынан табылып қалар деген ниетпен әр бетін парақтап отырып іздеуге тура келді. Бірақ Абай шығармаларының ішінен жоғарыдағы афоризмді таппадым.

Абайдың 37 қара сөзінде реттік санмен нөмірленген 23 афоризм бар. Соның арасындағы реттік номері 18-ші афоризм жоғарыдағы Шәкәрімнің «Ар қарызы» атты мақаласындағы афоризммен сыртқы түрі мен ішкі мазмұны жағынан да өте жақын төркіндес екен.

«Бұл шын мәнінде Абайдың сөзі ме, сөзі емес пе?» деген ойменен абайтану ғылымының негізін салушы Мұхтар Әуезовтен бастап көптеген абайтанушылардың зерттеу еңбектерін, естеліктерін, әр жылдары жарық көрген Абай жинақтарын ерінбей-жалықпай шолып шықтым. Қолда бар материалдарымның негізінде ойымды қорыта келе, жоғарыдағы афоризм Абай атамызға тиесілі екеніне көзім жетті. Баспасөз бетінде «Абайдың біз білмейтін афоризмі» деп тақырып қойып мақала да жаздым. Өкінішке қарай, көтерген мәселеміз ескерусіз қалып жүр және Абайдың академиялық жинақтарына да енбей келеді. Енді осы бағыттағы ізденіс жолымнан азды-көпті сыр шертейін.

М.Әуезов  «Абай мұрасы жайында»  атты зерттеу еңбегінде «Абайды  тану – жалпы қазақ әдебиетін тану тәрізді әлі жас ғылым. Оның жетіскен шама-шарқымен қатар, әлі олқылығы, кемшілігі де көп... Бірақ шын мол сапалы еңбек нәтижелерін беру жолында, әлде де алдарымызда тұрған қарыз-міндеттер көп. Сондықтан, жоғарыда Абайды танудың олқылығы көп дегенді әдейі алға салып айтып отырмыз» деп өз тұсындағы абайтанушы, әдебиеттанушы ғалымдар мен кейінгі зерттеушілерге де зор міндет жүктеп отырғаны аңғарылады. Әсіресе, Абайдың асыл мұрасы турасында зерттеу, сынау, ойлану керек болатын жайлар туралы пікір айта отырып: «Ондай өлеңдер Абайдан қалған анық өз мұрасы есебінде ел-елдің ішінен әлі де табылуы мүмкін. Біздің бұрынғы жинауымыздың сан олқылығын сондай қосушылар әлі толтыра беруі және мүмкін» деп Абай мұрасын әлі де болса іздестіріп, жинастыру жұмысын үнемі жүргізіп отыру керектігін ескерткендей.

 Жазушы 1945-1946 оқу жылында ҚазМУ-да оқыған «Абайтанудан (лекция)» атты конспектісінде: «Абай өлеңдерін жинаған кісілер Абайдың өлеңінің атын ғана айтып немесе бір жол өлеңмен ғана сақталып қалған» деген деректі мәлімет келтіретіні бар.

Абай мұрасы 1896 жылға шейін жиналмағаны белгілі. Бірақ 1896 жылға дейінгі өлеңдері Абай айналасындағы ақын-шәкірттері мен өнерпаз жастардың, т.б. қойын-қонышында тарап кетіп отырғанын еске алсақ, М.Әуезов ол жайында: «Кейін 1896 жылы көшірілгенде сол тарап кеткен өлеңдері жиналған, бірақ бәрі түгел жиналып үлгермеген», – дейді.

Біздің бұл мақалада басты көңіл бөліп, қарастыратын мәселеміз де сол «тарап кеткен, бірақ бәрі түгел жиналмаған» мұраларының ішінен Абай айтты деген Шәкәрімнің жадында ұмытылмай жатталып, қағазға түскен бір нақыл-насихат сөзі туралы болмақ.

Өмірі мен шығармашылығы елдің тәуелсіздігімен бірге қалың жұртшылыққа танылып, енді ғана зерттеу нысанасына жүйелі түрде алына бастаған Шәкәрім Құдайбердіұлының естегілері ұстазы Абайды танудағы олқылықтар мен кемшіліктерді толықтыруға көп көмегін тигізері хақ.

Шәкәрім «Ар  қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа». 1917. 4 шілде №4) «Қазақ» газетінің 232-санында аштықты, жалаңаштықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың 719 жігітінің Әлихан Бөкейханов атына «стипендия тағайындалсын, я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап, «Қазақ» газетінің басқармасына тапсырған бастамаларын қуана қуаттап: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс. Абай марқұм «Тоқ татуды  сыйламай, аштарға берген ас артық; үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді», – деп Әлиханның қазақ халқына жасаған азаматтық қызметін бағалауда Абайдың бұрын еш жерде айтылмаған жоғарыдағы бір ауыз нақыл-насихат сөзін тілге тиек етеді.

Әлихан – шынымен де халқын еркін өмірге жеткізу үшін басын қауіп-қатерге саналы түрде тіккен азамат.

Абай:                             

Тоқ татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық;

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық, – деп шәкірттерінің ортасында отырған бір мәжілісінде кең толғап, терең оймен азаматтық ойларын таратып айтқан ойлы нақыл-насихаты болса керек. Шәкәрім жадында жатталып қалған Абай афоризмін «Ар қарызы» атты мақаласын жазу үстінде есіне түсіріп, пайдаланған болар.

Абай айтты деген Шәкәрімнің есінде сақталып қалған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор афоризмі, ақын  шығармаларының кейбірімен құрылысы, мазмұны, идеясы, стилі жағынан қабысып тұратынын салыстыра отырып аңғаруға болады.

Мәселен, Абайдың И.А.Крыловтан аударған «Әншілер» атты өлеңіндегі:

Есі шықпай мұнан да ішкен артық,

Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық! – деген екі жол өлеңнің бойына сыйған тұжырымды афоризм мен 23 баптан тұратын 37-ші қара сөзінің 19-шы бабындағы: «Тоқ тіленші – адам сайтаны» деген нақыл сөзіндегі ой сарыны мен сөз саптау ерекшелігіндегі ұқсастықтар назар аударарлық десек, тіпті 18-ші баптағы:

Бақпен асқан патшадан,

Мимен асқан қара артық;

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық, – деген нақыл сөзбен Шәкәрім мақаласындағы:

Тоқ татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық;

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық, – деген  насихат сөзі сыртқы формасы, құрылысы мен ішкі мазмұны (ой сарыны, идеясы т.б.) дәл түсіп жатуы кездейсоқ құбылыс болмаса керек.

Абай айналасындағы шәкірттеріне қасиетті адам, толық адам туралы ілімін таратып айтқанда жүрек ұғымына ерекше мән береді. 17-ші қара сөзінде жүректі бірінші жақтан сөйлету арқылы: «Мен – адам денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен», – деп өзі жүрек боп соға отырып «тоқ жатқан кісіге тамақсыз аштың күй-жәйін» ойлатуы жоғарыдағы «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық» деген өсиет сөзімен үндесіп жатуы тағы бар.

Тоқ адамдар мен тату құрбыларына қарағанда аш-жалаңаштарға, халық үшін басы қатерге түскен ер азаматтарға қол ұшын беруді артық санағаны Абайдың кейбір істерінен де анық аңғарылады.

Абайдың Әйгерімнен туған баласы Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» атты естелік қолжазбасында: «Жалпы мырзалық, жомарттығының белгісі: өз елінің ішіне мырзалық істеуден басқа өмірінде көріп-білмеген, бір соқпа, әрі бөгде кісілерге де көп көмек істеуші еді… Жыл сайын Үркіттен қашқан, көбінесе Кавказдағы Дағыстаннан ара-тұра сол жақтағы түріктің орыс қолына түсіп айдалған адамынан бірден-екіден келіп, кейі қыстап, кейі бір-екі ай жатып тынығып, бір-бір ат мініп кетеді. Осындай ат мініп кеткен қашқындардың менің көзім көргендегісі 15 шамалы. Бұл сықылды орыс қолынан қашқан мұсылманға ат мінгізіп жіберетін әдет Құнекеңде де болса керек», – деп әкесінің өз елінің ішіндегі аш-жалаңаштарға көмек қолын созумен қатар, елі үшін басын қатерге тіккен бөгде кісілерге де таршылықта достық  қолын созып, жомарттық мінез танытқанын айтады. Осы мінездің әкесіне Құнанбай қажыдан жұққандығын ескертіп те өтеді.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген Абай қазақ тарихында елі үшін басын қатерге тіккен Абылай хан мен Кенесары ханның ерлік істерін жақсы білген. «Бір жылы менің өзіме, – дейді шәкірті Көкбай ақын, - Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл» – деді. «Абылай да, Кенесары да – қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан, бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып ел ортасына жаю жақсы өлеңшінің міндеті, сен үйіңе барып орнығып отырып осыны өлең қылып кел» деп тақырып берудегі ұстазы Абай тапсырмасының идеялық мақсатын «...Үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деген нақыл-насихаты танытқандай.

Міне, жоғарыдағы Тұрағұл мен Көкбай ақынның екі әңгімесінің сарыны да Шәкәрімнің есіндегі Абай айтты деген нақыл сөзбен үндесіп жатуының өзі Абай афоризмі екенін дәлелдей түсетін айғақты мағлұмат деп таныған дұрыс.

Абайдың 37-ші қара сөзі 1905, 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт қолжазбаларында «Насихат» деген атпен берілгені белгілі. Бұл қолжазбалар 15-16 нақылдан тұрса, 1933 жылғы басылымда М.Әуезов оның санын 23-ке жеткізіп толықтырған тәрізді. Ұзақ жылғы іздестіру, жинаудың нәтижесінде М.Әуезов 7 нақылды тыңнан тауып Абай жинағына қосқанға ұқсайды. 1995 жылы жарық көрген ақынның  академиялық толық жинағында «…1940 ж. жинақта 24 баптан құралған 37-сөз («Насихат») кейінгі басылымдарда 23 баптан тұрады» деген деректі пікір бар. 1940 жылғы жинақ қолымызда жоқ болғандықтан 24-ші бапта Абайдың ойға оралымды қандай нақыл сөзі орын алғанын және кейінгі басылымдарда ол баптың қысқартылу себебін анықтай түсу мүмкіндігіміз де болмағандығын айта кеткен жөн.

Шәкәрім жоғарыдағы мақаланың соңын Абайдың 1891 жылы жазған «Жастықтың оты жалындап» атты өлеңінің 7-ші шумағындағы:

Досыңа достық – қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол, – деген екі жол өлеңін алға тартып: «…бізге достық қарыз емес пе?», – деп Жетісудың 719 жігітінің бастаған игілікті бастамаларына «Қане жұрт! Мына жігіттердің тұңғыш бастаған жолына аз-көп демей, һәркім шамасына қарай түселік» деп қолдау көрсетуге шақырған азаматтық ойларымен аяқтайды.

1995 жылғы Абай шығармаларының академиялық толық жинағын парақтай отырып:

Тоқ татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық;

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық, – деген  тағылымдық, тәрбиелік мәні зор Абай афоризмін ақын шығармаларынан кездестіре алмадық. Сондықтан 23 баптан тұратын Абай Құнанбайұлының 37-ші қара сөзін тағы бір баппен (жоғарыдағы табылған Абай афоризмімен) толықтыру мәселесін де ойластыру қажет деген ойдамыз.

Тағы да ерекше назар аударарлық жай – Абай афоризмінің мәтінін тексеріп қарағанда байқағанымыз, бірінші жолда бір буын жетпей тұрған сияқты. «Тоқ», «тату» деген ұғымдарды «пен» деген жалғаулықты шылаумен байланыстырып «Тоқ пен татуды сыйламай...» деп жазсақ, онда бірінші жолымыз сегіз буынға толып, 2,3,4 өлең жолдардағы буын санымен бірдей табиғи қалыпқа түсер еді. Әрі «тоқ», «тату» деген ұғымдардың ара-жігі көзге анық көрініп, мәні де ашылар еді. Сонда:

Тоқ пен татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық;

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық, – деп оқысақ, буыны, бунағы, ырғағы мағынасы жағынан да Абай афоризмі төрт құбыласы теңдей болып шығады.

Қорыта айтқанда, «…әлде де алдарымызда тұрған қарыз-міндеттер көп», «Абайдың афоризмдерінің санын молайту керек» деген Мұхтар Әуезовтың ғылымдық пікірлерін ескере отырып, Шәкәрім мұраларының ішінен табылған бізге белгісіз Абай афоризмін ақын шығармаларының алдағы басылымдарына енгізу мәселесін көтеру керек. Себебі, Шәкәрім мұрасының ішіндегі сары майдай сақталып бүгінгі күнге жеткен Абайдың ой байлығын танытатын тағылымдық, тәрбиелік мәні зор нақыл-насихат сөзі біз үшін таптырмайтын бағалы мол рухани қазына».

Осы мақаламды ұстазым Мекемтас аға оқып шығып жарияла деген соң, 2009 жылдан бері қарай қалалық, облыстық, республикалық, тіпті кейбір шетелдік газет-журналдар мен халықаралық конференциялардың жинақтарына жарияладық. Табылған афоризмге қатысты зерттеуімді онымен тоқтатқаным жоқ. Кітапта жарияланған мақаланың түпнұсқасын іздедім. Оған он жылдай уақытымды арнадым. 1917 жылы шыққан «Сарыарқа» газетінің 4-ші санын 2019 жылы ғана таптым. Оны архивтен архив қоймай іздеп табудың өзі ұзақ хикая. Газеттің түпнұсқасындағы табылған афоризмді оқығанымда кітапта бір сөзі қате басылғанын көрдім. Газетте былай екен: «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық. Ойын босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық». Сонда дұрысы кітаптағы ма, я газеттегісі ме деген сұраққа сол алғаш басылған газеттегісі деп білеміз. Олай болатын болса кітаптағы «үйінде» деген сөзді газеттегі «ойын» деген сөзбен ауыстырсақ онда «пен» деген жалғаулықты шылауды да қоюдың қажеті болмайды. Оның үстіне Абайдың ой адамы екені есте болсын. Сонда төрт жолды, үш бунақты, жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқасқа құрылған Абай афоризмі болып шығады.

Бұрынғы газет-журналдар мен конференция жинақтарына жарияланған жоғарыдағы мақаламдағы «үйінде» деген сөздің орнын алғаш газетте басылған «ойын» деген сөзбен түзеп оқып, жазсақ жөн болар еді.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақын шығармаларының толықтырылған жаңа басылымы жарық көрмек. Жаңа басылымның екінші томындағы ақынның 37-ші қара сөзі тағы бір афоризммен толықса деген үмітіміз бар. Ақынның өз шығармасын өз кітабына енгізсек, онда ұлы Абайдың алдындағы Шәкәрімнің шәкірттік әрі біздің азаматтық парызымыз орындалған болар еді.

Әлімбай Найзабаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ҒЗО-ның аға ғылыми қызметкері

"Ақиқат" журналы

 

 

 

1369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз